«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Антисептиктерге сұраныс көп

Антисептиктерге  сұраныс көп
ашық дереккөз
Антисептиктерге сұраныс көп

Маржан РАҚАЙ

Бүгінде тұрғындар дәріханаларда медициналық бетперделердің жоқтығын айтып, дабыл қағуда. Жағдай расында солай болып тұр. Елімізде төтенше жағдай жарияланғанда ұстанатын талаптардың бірі – бетперделермен жүру. Алайда оны толық орындау әзірге мүмкін болмай тұр. Өйткені ол дәріханаларда жаппай сатылымда жоқ. Ал барының бағасы аспандап кеткен осы мәселенің анық-қанығын білу мақсатында Тараз қаласындағы бірнеше дәріхананы арнайы аралап, көз жеткіздік. Жағдай расында солай. Біз аралаған дәріханалардың ешқайсысынан іздеген бетпердемізді таппадық. Сондай-ақ барлық мекемеге қойылуға міндеттелген антисептикалық сұйықтық та, оны құятын арнайы құтының өзі де тапшы. – Медициналық бетперделер біраз уақыттан бері жоқ. Коронавирус жайлы түрлі ақпарат тарап, жұрт бастапқыда дүрліге бастаған кезде оны сұрап келушілер көп болатын. Қазір олардың қатары сиреді. Есесіне, арнайы дәке алып, өз беттерінше бетперде тігіп алып жатқандар көп. Сондай-ақ антисептикалық арнайы құралдарға, бактерияға қарсы сұйықтықтар, сулықтар мен сабындарға деген сұраныс та жоғары, – дейді А.С.Пушкин көшесінде орналасқан №1 дәріхананың фармацевті. Бетперде мен антисептикалық сұйықтықты қай жерлерден табуға болатынын фармацевттерден сұрастыра келе Төле би көшесінің бойында, «MART» сауда үйіне қарама-қарсы орналасқан «Жасұлан және К» дәріханасына бас сұқтық. Онда біз іздеген бетперде бар екен. Бағасы – 50 теңге. Бір адамға 5 данадан ғана сатылады екен. Ал аталған мәселеге байланысты тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің облыс бойынша департаменті мынадай мәлімет жолдады: «Өңірлік штаб жұмысының аясында экономикалық дағдарыстың алдын алу және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын тұрақтандыру үшін облыс бойынша табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы, облыстық Ардагерлер кеңесі, «Жамбыл облысының фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту жөніндегі Ассоциациясы» және облыстық «Знамя труда» газеті тілшісінің қатысуымен мониторинг тобы құрылды. Бүгін аталған топ фармацевтикалық қызмет субъектілерінің бөлшек саудада 6 дәріхана желісінде дәрілік заттардың шекті бағасына талдау жүргізді. 2020 жылдың 17 наурызында облыс дәріханаларында дәрі-дәрмек бағасы бекітілген шекті бағадан аспайды. Дәрілік заттардың бағалары Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 15 шілдедегі «бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттың сауда атауына шекті бағаларды бекіту туралы» бұйрығымен бекітілген. Сондай-ақ мониторинг барысында «Әмір және Д» ЖШС және «Жасұлан» ЖШС дәріханалық желісі арқылы медициналық бетперделердің күн сайын 50 теңгеден 30000 данасы сатылуда».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар