«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қоғамдық көліктерде сақтық шаралары қолға алынды

Қоғамдық  көліктерде сақтық  шаралары қолға алынды
ашық дереккөз
Қоғамдық көліктерде сақтық шаралары қолға алынды
Облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Махашев өңірлік коммуникациялар қызметінде онлайн форматында «Қоғамдық көліктерді дезинфекциялық тазалау шаралары туралы» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді. – Облысымызда 29 мекеме 1324 бірлік автобуспен жолаушылар тасымалдаумен айналысады. Соның ішінде Тараз қаласында 10 тасымалдаушы мекеме 575 бірлік автобуспен 41 бағытқа қызмет көрсетеді. Сонымен қатар 1 автовокзал, 9 автостанса және 7 жолаушыларға қызмет көрсету пункті бар. Коронавирус инфекциясына қарсы бағытталған іс-шараларды қоғамдық көлік саласында ұйымдастыру мақсатында, автовокзал, автостанса және жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінің ғимараттарының көрнекі жерлеріне, касса маңына, сондай-ақ 1324 бірлік автобустың барлығына алдын ала дайындалған коронавирус инфекциясы туралы және оның алдын алу, қорғану тәсілдері көрсетілген ақпараттық қағаздар таратылып, орналастырылды. Онда сақтық шараларын күшейту мәселесі жан-жақты айтылған, – деді Н.Махашев. Ол сонымен қатар, автобус парктерінің қызметкерлеріне (жүргізушілер, жолсеріктер және тағы басқа) түсіндірме жұмыстары жүргізілгенін, Қазақстан Республикасы бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 12 наурыздағы қаулысына сәйкес және облыс әкімдігінен құрылған штабтың тапсырмасы бойынша қоғамдық көліктердің ішін (тұтқаларын, орындықтарын, еденін) әр рейс сайын дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатқанынан хабардар етті. «Халықтың денсаулық орталығы» ЖШС-мен ағымдағы жылдың 16 наурызынан бастап қала аумағындағы автобус аялдамаларын вирусқа қарсы дезинфекциялау жұмыстары жасалуда. Сонымен қатар әуежай мен темір жол вокзалында бейнероликтер көрсетілуде, көрнекі жерлерге ескерту жадынамалары және антисептик құралдары орналастырылып, дезинфекция шаралары тұрақты жүргізілуде. Аудандар тарапынан да вирусқа қарсы шаралар қабылданып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл шаралар осы бағытта жалғастырылатынын және қатаң бақылауда болатынын айтқан Н.Махашев БАҚ өкілдері қойған бірқатар сұрақтарға жауап берді.  

Тұрмаханбет ҚАЗАҚБАЙ

Ұқсас жаңалықтар