«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Білім беру мекемелерінің жұмыс режімі қандай?

Білім беру мекемелерінің жұмыс режімі қандай?
ашық дереккөз
Білім беру мекемелерінің жұмыс режімі қандай?

Облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмилә Бекбатырованың қатысуымен өткен онлайн брифингте төтенше жағдай кезінде білім беру және қосымша білім беру мекемелерінің жұмыс режімі туралы жан-жақты айтылды. «Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы бойынша білім беру ұйымдарында педагогтар мен оқушылардың өзара іс-қимылына, оқу процесін ұйымдастыруға қатысты тапсырмаларға сәйкес бірқатар шаралар қабылданды», – деген Жәмилә Елеуқызы олардың бірқатарына тоқталып өтті. Бүгінде мектепке дейінгі білім мекемелері қалыпты жағдайда жұмыс істеуде екен. Балабақшаларға балаларды апару немесе апармау мәселесі ата-аналардың өз еркінде. Оларды балабақшаға апармаса да орны сақталады. Ата-аналарға мүмкіндігінше бүлдіршіндерді үйде қалдыруға кеңес берілді. Облыс бойынша 548 мектепке дейінгі мекемеде 57046 бала тәрбиеленсе, бүгінде олардың 48,7 проценті ғана балабақшаға келген. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында санитариялық-дезинфекциялық режімді сақтау, топ бөлмелерін кварцтау сияқты алдын алу шаралары тапсырылған. Жәмилә Елеуқызының айтуынша, ағымдағы жылдың 16 наурызынан бастап 5 сәуір аралығында 442 мектептегі 230 860 оқушы демалысқа жіберілген. Облыс мектептерінде жұмыс істейтін 25 178 педагог шеттетілген режімдегі (білім беру ұйымынан тыс) жұмыс істеуге көшкен. Облыс бойынша ұстаздардың біліктілігін арттыру, әдістемелік көмек көрсету мақсатында вебинарлар ұйымдастырылып, «Қашықтықтан оқыту мектебі», «Онлайн шеберхана», адрестік көмек көрсету аясында «Сырттай оқыту мектебі», «Күзгі мектеп», «Қысқы мектеп» жобалары, youtube желісінде химия және биология пәндері мұғалімдеріне арналған «Катализатор», информатика пәні мұғалімдеріне «IT клуб», математика және физика пәндері мұғалімдеріне «Эврика», мектеп психологтарына арналған «Психология әлемі» каналдары іске қосылған. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға арналған білім беру ұйымдарының қызметі штаттық режімде жүргізілуде. Бөгде адамдардың келуіне шектеу қойылып, санитариялық-дезинфекциялық режімді күшейту тапсырылған. Бүгінде өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында – 87, облыстық жасөспірімдер үйінде 43 бала бар. Облыстағы 100 (89 684 бала барады) мемлекеттік қосымша білім беру ұйымының қызметі де тоқтатылған. Ата-аналарға дамыту орталықтарына балаларды уақытша апармауға кеңес берілген. Тағы бір айта кетерлік жайт, төтенше жағдайға байланысты техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері қашықтықтан оқуға көшті. Атап айтқанда, облыстағы 46 техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде күндізгі бөлімде оқитын 20 467 студент 16 наурыздан бастап қашықтықтан оқуда. Қашықтықтан оқыту zhambyltipo.kz сайты арқылы жүзеге асырылады. Сайт қолжетімсіз болған жағдайда сайттың балама түрі whatsapp, телеграмм, zoom қосымшалары пайдаланылады. «Облыстық білім басқармасы барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарындағы білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, педагогтардың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету шараларын қатаң басшылыққа алып, жұмыстарды жүйелі жүргізетін болады», – дейді Жәмилә Бекбатырова.

Шынар ӘЛІБЕКҚЫЗЫ, журналист.

Ұқсас жаңалықтар