«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Коронавирустың алдын алу шаралары талқыланды

Коронавирустың алдын алу  шаралары талқыланды
ашық дереккөз
Коронавирустың алдын алу шаралары талқыланды

ҚР Президентінің коронавирус бойынша төтенше жағдай енгізу туралы Жарлығына сәйкес облыстық әкімдікте жедел штаб құрылды. Оның құрамына облыстық мәслихаттың хатшысы, облыс әкімінің орынбасарлары, прокуратура, ҰҚК, полиция департаменттерінің және басқа да мемлекеттік құрылымдардың басшылары енді. Дүйсенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен аталған штабтың отырысы өтті. – Мемлекет басшысы өз Үндеуінде қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету қажеттігі туралы айтты. Біздің басты міндетіміз – мемлекет қабылдаған шаралардың маңыздылығын халыққа жеткізу, олардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету, бірінші кезекте қажетті тауарлар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу, дүрлігу мен үрейленудің алдын алу, – деді аймақ басшысы. Ол тиісті органдардың басшыларына тұтыну нарығындағы баға мониторингін бақылауды жүзеге асыруды, сауда желілеріне тұрақтандыру қорынан өнім жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, облыс өзін медициналық бетперделермен қамтамасыз етуге қауқарлы. Олардың өндірісі бүгінде жергілікті фармацевтикалық фабрикада жүйелі жолға қойылған. Ал дәріханалардағы медициналық бетперделер бағасын негізсіз өсіру деректері мобильді топтар мен тұрғындардың атсалысуы арқылы анықталып, ретке келтірілуі тиіс. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша құрылымдық күштер өкілдеріне де тиісті тапсырмалар берілді. Шекара қызметі де бақылауды күшейтеді. Қажетті санитарлық және эпидемияға қарсы шараларды емдеу мекемелерінде, «Әулие-ата» әуежайында, темір жол бекетінде жүзеге асыру қажет. Ішкі саясат басқармасының басшылығына әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдары мен өңірлік коммуникация қызметінің алаңында кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Баспасөз конференциялары, арнайы мамандардың сұхбаттары арқылы халыққа карантиндік тәртіптің барлық ережелерін нақты орындау қажеттігін жеткізу керек. Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов медицина қызметкерлері тиісті нұсқамадан өткендігін, белгілі бір көлемде респираторлар, қорғаныш киімдері, антисептиктер бар екенін жеткізді. Ал облыс бойынша тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков коронавирустық инфекция ошақтарында жұмыс істеу үшін қажетті жабдықтармен және препараттармен жабдықталған дезинфекциялық бригадалардың құрылғаны туралы хабарлады.

Ұқсас жаңалықтар