Немесе перзенттік парыз жайлы сыр
Ана және оның ұшқыш баласы
Біздің елде ертеректе бір жалғызбасты ана болды, – деп әңгімесін өрбітті бір әріптесім. – Жастау кезінде күйеуі жол апатынан көз жұмып, тым ерте жесір қалыпты. Жалғыз ұлын арқа етін арша, борбай етін борша ете жүріп, тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай өсірді. «Орыс тілін білсе, сауатты болып өседі», деп баласын орыс мектебіне беріп, барынша орысша тәрбиеледі. Рас, обалы не керек, бала алғыр, білімпаз болып өсті. Әлгі баласы «Летчик болып, көк аспанда самғаймын» деп анасының жиып-тергенін қалтасына басып алып, сонау Балтық теңізінің жағасындағы Рига қаласына барып, сондағы азаматтық авиация институтына түсті. Диплом алғаннан кейін Свердловск (қазіргі Екатеринбург) қаласындағы авиаотрядқа қызметке жіберіледі (КСРО кезінде жолдама қайда берілсе, сол жерге барып қызмет ету міндет болатын). Бірер жылдан кейін сол өңірдің бір орыс қызымен көңілдері жарасып, үйленіп, отбасын құрды. Елдегі анасын қолына алмақ болып біраз әуреленді. Оған анасы: «Балам, өркенің өссін! Мені жылы жерімнен қозғап не қыласың... Өскен елімді, туған топырағымды, жүрген жерімді, мына сен өскен қара шаңырақты тастап қай жаққа барамын. Көңіліңе, пейіліңе дән ризамын, балам! Әзірге, Құдайға шүкір, бойымда күш-қуат бар, денсаулығым да жаман емес. Қорамдағы 5-6 тұяғым менің күнделікті тіршілігіме, ішіп-жеп талшық етуіме жарайды. Біреуден кем, біреуден артық өмір сүріп жатырмын. Оған «тәубе» дейік. Мен ел ортасында жүре берейін. Баяғыда аталарымыз «қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» демейтін бе еді. Жаратқанның өлшеп берген өмірін жасармын. Тағдырдың сыйынан қашып қайда барасың. Маған алаңдама. Хат бар, телефон бар... хабарласып тұрармыз. Өскен ұяңды ұмытпай немерелерім мен келінімді елге әкеліп, атамекеніңді аралатып, әке-бабаңа құран түсіріп, бізбен дидарластырып тұрсаң болғаны, жарығым. Өмірде қанатың талмасын, сый-абырой әрдайым серік болсын, бақытты бол, жан балам!», – деп ризашылығын білдіреді. Рас, алғашқы кездері жыл аралатып болса да ұшқыш жігіт ауылға келіп-кетіп жүрді. Әйелі бір рет келіп, ауылдың ауыр тірлігін көріп, айналадағы барлық дүниеге мұрынын шүйіріп, несін айтамыз, әйтеуір, кері қайтуы тез болыпты. Бара-бара баласы анасымен тек хат арқылы хабарласып тұрды. Бірер рет шәй, кәмпит, орамал және тағы басқа кәкір-шүкір салынған сәлемдеме де келіпті. Сонда әлгі ананың: «Балам, алтыным менің, сыйлық жіберіпті. Летчик балам ұмытпапты мені, айналайын сол!» деп көрші-қолаңдары мен таныстарының алдында мақтанып, қуанғанын көргендер жанарларына ыстық жас келіп, көңілдері босайтын-ды. Ауыл үстінен анда-санда ұшып өткен ұшаққа қолын қалқалай сонау көкке көз тігіп: «Әне, анау самолетте менің летчик балам ұшып барады. Байқадыңдар ма, қанаттарын қағып, сәлем жолдап барады ғой. Айналайыным менің... Жұмысбастылықтан келе алмай жүр ғой, менің жарығым. Мен түсінемін ғой сені, жаным. Әйтеуір, аман жүрсең болғаны, соның өзі күш-қуат маған, балам», – деп мейірленіп, екі жанары еріксіз суланады екен. Бірақ, уақыт өте келе ұшқыш баласы анасын мүлдем ұмытып, туған ауылына ат ізін салмай кетті. Немерелерін бір иіскеуді арман еткен, оларды және ішінен шыққан ұлын күн сайын сарғая күтіп, үмітін үзбеген ана әбден қажып, самайын ақ шалып, қартайып, бақилық болыпты. Ел болып әлгі жалғызбасты ананы қолдарынан келгенше арулап, жер құшағына берді. Баласы қай жерде жүр, мекен-жайы қалай – ешкім біле алмай, оған хабар жетпепті. ...Ауылға барған сайын жар жағасындағы ескі зиратта оқшаулау тұрған бір бейітке көз салам. Басындағы қураған жалғыз ағаш кімге де болса біртүрлі әсер етеді. Уақыт өте шөп басып, жермен жексен болып бара жатқан сол жалғыз бейіт менің көңілімді астаң-кестең етіп, жан дүниемді төңкергендей бір ауыр сезімге бөленемін. Неге екенін өзім де білмеймін. Әйтеуір, көңілім құлазып, жұдырықтай жүрегім кеудеме сыймайтындай болып жиі қағып, жанарыма ыстық жас мөлт-мөлт етіп келіп қалады. Сол дел-сал күйден әрең арыламын, – деп аяқтады әңгімесін әріптесім. Иә, өмірде сирек болса да кездесіп жататын осы бір оқиғадағы түн ұйқысын төрт бөліп, мәпелеп өсірген перзенті ана алдындағы өз борышын өтеді деп айтуға аузың бармайды. Ана кешірді ме екен баласын?! Қайдам, мен үшін бұл ауыр сұрақ... «Перзенттік парызымды өтей алмадым-ау...»
...Жуырда бір бойжеткенмен кездейсоқ «Меркі» шипажайында таныстым. Жақында ғана абақтыдан шығыпты. Жап-жас қыздың түрмеге түсуіне өзі қызмет істеген фирмадағы алаяқ, су жұқпас басшысымақтың заңсыз тірлігі себеп болыпты. Бухгалтер-есепші болып аз уақыт қана істеген ол ойда жоқта себепсізден-себепсіз сотқа тартылып, екі жыл арқалап, тордың арғы жағынан бір-ақ шығыпты. Қызының істі болғанына күйінген ана қатты қапаланып, бүк түсіп, ел бетіне қарай алмай, уайым мен қаңқу сөзге шыдамай жүрек талмасынан бақилыққа аттанған. – Несін айта берейін, анамды өз қолыммен арулап қоя алмағаныма осы күнге дейін өкінемін. Аналық ақ сүтін ақтамағанымды кешірді ме екен, қайдам, айта алмаймын. Перзенттік парызымды өтей алмағаныма күйінемін. Не дерсің, Жаратқан иемнің пешенеге жазғаны солай болды... Міне, содан бері үш жыл өтті. Осы күнге дейін анамды түсімде жиі көрем. Сірә, мен өз қолымнан оны уақтысынан бұрын қартайтып, өмірін қысқарттым-ау деймін. Ойласам, түнгі ұйқым төрт бөлінеді, жүрегім сыздайды. Қатыгез тағдыр мені қатал сынаққа алды. Барлығына шыдадым, төздім, басқа не амал бар... Қазірге дейін бастан өткерген сол қиындықтарды ойласам, мына жарық дүниеден тіпті түңіліп кетем, – деді әлгі бойжеткен қос жанары мұңға толып. Әлдебір себептерден (ауыр жарақаттан, айықпас дерттен) жан тәсілімін жасамақ болып, о дүниеге аттанып бара жатып, перзенті алдында: «Ақ сүтімді кешірдім, балам!» деп жанарын жас жуып, перзентін құшып зарлаған аналарды, дәрігер болғандықтан талай көрдім. Жүрегің езіледі, санаң ауырлай түседі. Ананың сүті... Базбір сәттерде ішінен шыққан перзентінің қыңыр, жағымсыз ісіне көңілі жабырқап, нала болып, ренжіген, тіпті, кейде ашу-ызаға бой берген, күйінген шешесі өз перзентіне: «Ақ сүтімді көкке саудым!» деп қарғыс айтады. Санасында саңылауы бар адамға бұдан ауыр қарғыс жоқ бұл жарық дүниеде. Ол теріс бата бергенмен тең. Кешірілмейтін ауыр күнә. Ана сүтін ақтамау, ана алдындағы борышыңды орындамау, анаңды сыйлап, қадірлемеу екі дүниеде де кешірілмейтін ауыр жаза! Ондайдан құдай сақтасын! Сондықтан ананы ренжітпей, көңіліне қаяу түсірмей, аялап, сыйлайықшы, мына жарық дүниеде... Ата-ана ақысы – дүниеден өткеніңше жалғасатын бір ғана ізгі жол. Жаратқанның берген сыйлығын, яғни, ата-анасын қадірлей алмай, яки, олардың қызметін жасай алмағандар дүниеден қадірсіз, құрметсіз пұшайман болып өтеді. Мешіттен сансыз имам, молда шақырып, садақа беріп, Құран оқытып, хатым Құран түсіртсе де, өз баласының оқыған бір-екі аятына ол нәрселер жете алмайды. Сондықтан бабаларымыздың сара жолынан адаспай, ата-аналарымыздың разылығына бөленейік! Ұрпаққа ұлағатты тәрбие берейік! Мен, мәңгілік мекеніне кеткен аяулы анамды тым жиі болмаса да еске аламын, оның алдында перзенттік парызымды соңына дейін өтей алдым ба деген сұрақ кейде мазалайтыны бар. «Қолдан келгенше көңілін аулап, елжірей қарап, қуанта білдім бе, өмірге риза болып о дүниеге аттанды ма екен?». Анамызды ортамызға алып, шүйіркелесіп, мәз-мейрам болып отырған сол бір қайталанбас сәттерімізді сағынамын...Қанша жылдар өтсе де анамның мейірімді жүзін, аялы алақанының жылуын, асыл қасиеттерін аңсаймын. «Алақаны аяулы – ауырсақ ем, Табысқандай боламыз сәуір шақпен. Мол дастархан басында үлкен думан, Қаймақ қатқан шәй ішсек бауырсақпен...». Аналардың жүрегіне сызат түсіріп, жүзін мұңға шалдырып, көңілін түсіріп, ренжітіп, уақытынан бұрын қартайтып алмайықшы. Жарық дүниеге бізді әкеліп, түн ұйқысын төрт бөліп, мәпелеп өсірген, барлық мейірін аямай, махаббатын барынша төккен анамызға қандай құрмет көрсетсек де жарасады! Көңілдеріне дақ түсірмей, аялайық аналарды.
Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді