- Advertisement -

Азық-түлік бағасын бақылауда болады

36

- Advertisement -

Өңірімізде азық-түлік бағасын бақылауда ұстап тұруға басымдық берілуде. Осыған орай облыс əкімі Бердібек Сапарбаев орынбасарларына демалыс күндері халық жиі тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасын бақылауда ұстауды тапсырған болатын.

Облыс əкімінің орынбасары Нұржан Календеров бірқатар сауда орталықтарын аралап, баға бағамымен танысты.
Алдымен «SMALL» сауда орталығында болды. Мұндағы азық-түлік бағасы тұрақты. Тек қанттың бағасы 175 теңгеден 185 теңгеге, яғни 10 теңгеге жоғарылапты. Оның себебін сауда орталығының аға админстраторы Айнұр Рыскалова қанттың Ресей мен Беларус елдерінен тасымалдануымен түсіндірді.
Мұндағы өнімнің 80 пайызын отандық өндірушілердің өнімі құрайды. Бүгінге дейін қантты Меркі қант зауытынан алып келген сауда орталығы қант зауыты жұмысын тоқтатқан соң жоғарыдағы елдерден тасымалдауда екен.

Бұдан кейін Нұржан Календеров «Себет» сауда орталығына барды. Мұндағы баға да тұрақты. Сауда орталығының директоры Индира Джуунованың айтуынша ешқандай азық-түлік бағасы жоғарыламаған. Қоймада да қажетті азық-түлік тауары артығымен толып тұр. Дегенмен соңғы күндері дүкенге келушілердің қатары көбейіп, халық көп тұтынатын тауарларға деген сұраныс артқан.
Бағаны тұрақтандыру үшін облыстық тұрақтандыру қорынан «Себетке» 40, «Нұрисламға» 15, «Алма» сауда орталығына 5 тонна қант таратылған.

Келесі кезекте облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров «Нұрислам» сауда дүкенінде болды. Мұндағы жағдай қалыпты. Бұл дүкенде тұрақтандыру қорының тауарлары арнайы сөрелерге қойылған. Онда қордағы əлеуметтік азық-түлік тауарларының 15 түрі өткерілуде.

Нұржан Сәбитұлы барған барлық сауда орталықтарында абыр-сабыр байқалмады. Оны дүкен қызметкерлері түсіндіру жұмыстарының дұрыс жүргізілуімен байланыстырады.

Нұржан Календеров «Ауыл-береке» базарының көкөніс сауда орталығында да болды. Мұнда алдыңғы күндері азық-түлік бағасы 15-20 теңгеге көтеріліпті. Базар директорының орынбасары Амангелді Ажмахановтың айтуынша, қазіргі таңда қант, ұн, картоп бағасы көтеріліпті. Оны ондағылар «Омар ата» сауда орталығы көтеріп отыр дегенді жеткізді. Егер олар бағаны қалпына келтірсе баға орнына түседі дейді. Дегенмен де кешегі күнге қарағанда демалыс күндері баға 5-10 теңгеге төмендепті.

Мұның себебін нақтылау үшін «Омар ата» сауда орталығында болдық. Олар көкөніс орталығындағылардың сөзін жоққа шығарды. Бұл орталықтың жетекшісі Гүлнəра Ахметованың айтуынша, азық-түлік бағасын бұрынғы деңгейде ұстап тұр.
Екі сауда орталықта орын алған айыптауға байланысты Нұрлан Календеров бұл сауда орталығына тиісті мекемеге мониторинг жүргізуді тапсырды.

Бұдан кейін «Магнум» сауда орталығының жұмысымен танысты. Жалпы бүгінде облыстағы азық-түлік қоры халықтың қажеттілігін 2-3 ай қамтамасыз етуге жетеді. Қазір көкөніс сақтау қоймалары мен өзге де қоймаларында 16,1 мың тонна азық-түлік қоры бар. Оның ішінде картоп — 1210, пияз – 5459, сәбіз – 7 363, сүт өнімдері – 675, қырыққабат – 67 тонна.

Сондай-ақ, бөлшек сауда нысандарында 1,7 мың тоннадан астам көкөніс өнімдері, 350 тонна ет, 1008 тонна ұн, 488 тонна күріш, 254 тонна қарақұмық, 165 тонна макарон өнімдері, 300 тонна өсімдік майы және басқа да азық-түлік тауарлары бар.
Бұдан басқа, облыстың тұрақтандыру қорында 1,3 мың тонна көкөніс өнімдері, 2,6 мың тонна қант, 3 мың тонна ұн және басқа да бірінші қажеттіліктегі тауар қоры сақталынған.

Облыс әкімдігі жанындағы жұмыс тобы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне күнделікті мониторинг жүргізуде.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support