- Advertisement -

Севараның сабағы

38

- Advertisement -

Ол әлемнің көп елінде болды. Ресей, Украина, Өзбекстан асты, сонау Германияға да барды. Саяхаттап емес, әрине…
Бүгінде қазақ жерін мекен еткен өзбек қызы Севара Нурматова Қырғыз елінде туған. Мектепті де сонда тәмамдапты. Бірақ айырқалпақты ағайынның жерін еске алса болғаны, балалықтың қызықты шақтарынан гөрі оның ойына өзекті өртеген бір өкініш орала беретін тәрізді.
Анасының құрсағында аман-есен дамып, айы-күніне жетіп туған сәбиді перзентханадағылар құлатып алады. Содан бері қаралмаған жері, бармаған елі де қалмағандай. Соңғы рет Германияға барған. Олар қорқақтап, аяғына ота жасапты. Алайда балгер-тәуіптердің түрлі болжамына нанып, емдеу мекемелерінің де ем-шараларына үміттеніп келген өрімдей қызға енді өзгеден озық дамыған Германияға бара қалса, құлан-таза айығып кететіндей көрінген. Бірақ сенімі ақталмады. Бұл Севараны әбден қажытып, балаларын аяққа тұрғызу ниетімен қай жерден қандай жаңалық естісе, сонда «шауып» баратын ата-анасын өзі тоқтатты. Осылайша биыл орда бұзар отызға аяқ басатын келіншек одан да әуелі Аллаға, содан кейін өзіне сену керектігін ұққалы он бес жыл өтіпті. Әйткенмен оған бола қайғырмайды, осы күніне шүкір дейді жігерлі жас.
Қашанда алға ұмтылудан жалықпайтын Севара былтыр облыстың 2 миллион теңгелік грантын ұтып алды. Ондағы мақсаты психоневрологиялық дертке шалдыққан балаларға арналған шеберхана ашу еді. Аталған ғимараттың ішін түгелімен қажетті құралдармен жабдықтады. «Біз шеберханамызда жұмыс істейтін науқастарға тренингтер өткізіп, тігін ісіне баулимыз. Ал онда дайындалған кәдесыйларды жәрмеңкелер мен көрмелерге қатысып, сатылымға шығарамыз», – дейді Севара Мұхамеджанқызы арбаға таңылғанына мойымай, ертеңінен үміт артып.
– Стигматизация деген термин бар. Ол психоневрологиялық аурулармен ауыратын адамдарға жақтырмай қарауды білдіреді. Дәл осындай жандарға көмектесіп, қоғамдағы мұндай көзқарасты жойғым келеді.
Бала күнімнен тігін ісімен айналысқанды жақсы көрдім. Оған мені әпкем үйреткен еді. Бірде біз мата дүкеніне барғанымызда, қасымызға колледжде педагог болып істейтін бір әйел жақындап, колледжге түсуді ұсынды. Содан, 4-разрядты тігінші болып шықтым. Бастапқыда қиын болды. Бірте-бірте шағын шеберхана аштық. Қазір психоневрологиялық ауруларға шалдыққан 4 жұмысшым бар. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар да жұмыс істеуде.
Біз ұлттық нақыштағы кәдесыйларды тігеміз. Өйткені біздің қаламыз туристік өңір ғой. Менің арманым – шағын шеберханамды кеңейту. Сөйтіп онда 4 емес, 40 және одан көп жұмысшы істесе екен деймін. Сіздер де армандаңыздар! Өйткені армандар орындалады, – дейді ол шаттанып.
Рас, «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең». Ал Севараны қанаттандыратын да, өмірге құштар ететін де, қиындықты жеңе білуі де отбасының қамқорлығы мен кішкентай ғана Самирасының риясыз күлкісі болса керек.

Альмира Омарова

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support