«Nur Otan» партиясы облыстық филиалында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай мерекелік салтанатты қабылдау болды. Партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев пен облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Қасымхан Төлендиев аруларға деген ақ тілегін білдіріп, көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады. Партия жұмысына белсене атсалысқан және облыс дамуына үлес қосқан аруларға деген игі тілектен соң оларға арнайы құттықтау қағазы мен естелік сыйлықтар табыс етілді. «Аялы алақаныңызбен жақындарыңызды жадыратып, жан жылуыңыз, жарқын жүзіңізбен айналаңызға шуақ шашқан Сіздердің ел тәуелсіздігінің тұғырлы, аймақ дамуының дара болуына нәзік те нәрлі істеріңізбен қосқан үлестеріңіз өлшеусіз» делінген құттықтау хатында. Айта кетейік, облыста 60 мыңнан аса партия мүшесі болса, соның 41907-сі нәзік жандылар екен. Сондай-ақ барлық деңгейдегі 199 депутаттың 41-і әйелдер. Ал өңірдегі 268 бастауыш партия ұйымының 160-ына арулар жетекшілік етеді. Салтанатты қабылдауда болып, ықыласқа бөленгендер арасында Байзақ ауданы, Көктал ауылында тұратын Райкүл Рапишеваны ерекше атап өтуге болады. Аналар атынан алғыс білдіріп, арнайы сөз сөйлеген ол үш рет егіз баланы дүниеге әкелген ерекше жан. 30 жасына дейін 8 перзент сүйген асыл ана бүгінде 75 жасқа толып отыр. Өзінен өрген сол балалардан тараған 26 немере мен 10 шөберенің қызығын тамашалап жүрген жайы бар. Ал салтанатты жиыннан соң партия төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев қазыналы қарт аналарды, батыр аналарды үйлеріне барып құттықтап қайтты. Солардың ең алғашқысы – бүгінде жасы 100-ге жеткен, 10 баланы дүниеге әкеліп, олардан тараған 50 немере мен 15 шөберенің шаттығына кенеліп отырған Тәжі Расулова. Кейуананың үлкен қызының өзі бүгінде 80 жаста. Ал жетекші партияның құттықтауына ие болған келесі қария – ҰОС ардагері, Социалистік Еңбек Ері Галина Колисниченко. Бүгінде батыр ананың жасы 96-да. Сондай-ақ даңқты дихан Мәрзия Ибрагимова, Алаштың аяулы ақын қызы Күләш Ахметова, мүмкіндігі шектеулі балаларды асырап-бағып отырған, Құмшағал ауылында тұратын Әлия Әсілбекова, көп балалы ана Аида Рахымжанова да партияның құттықтау-қошеметінен шет қалмады.
Маржан РАҚАЙ
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді