- Advertisement -

Кооператив – шаруашылықты кеңейтудің кепілі

135

- Advertisement -

Өңірімізде бүгінгі таңда 2,6 миллион бас қой-ешкі бар. Оның ішінде қазақтың қылшық жүнді қойы – 369,2, еділбай – 222,6, биязы және жартылай биязы жүнді асыл тұқымды мал 95,3 мың басты құрайды. Біздегі нарыққа түсетін қой еті осы қойдан өндіріледі.
Аймақта қой етін өндіру мен экспортқа шығаруда біршама ілгерілеушілік болғанымен, қой шаруашылығын дамыту, оның еті мен жүнін өндіру, өңдеу жағы дұрыс жолға қойылмай келеді. Бұдан бөлек, мал жайылымдарының жетіспеушілігі де қой санын арттыруға қол байлау болуда.
«Қой шаруашылығын дамыту үшін не істеу керек? Қордаланған өзекті меселерді шешудің қандай жолдары бар?» – деген сұрақ көпшілікті мазалап жүргені белгілі. Осыған орай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұйытқы болуымен, «Қазақстан Фермерлер Одағы» РҚБ-ның облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстан Республикасындағы қой шаруашылығын дамытудың аймақтық мәселелері мен оны шешудің жолдары» атты семинарда бұл жан-жақты талқыланды да. Бұл семинарға облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев, «Қазақстан Фермерлер Одағы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының директоры Досжан Тоқбергенов, «Шопан ата» Қазақстан Республикасы қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев қатысты. Сондай-ақ онда Қызылорда мен Түркістан облыстарынан келген қой шаруашылықтарының өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, өңіріміздегі қой өсірушілерге кеңес берді.
Семинарға қатысушылар алдымен Байзақ ауданы, Көктал ауылында орналасқан жеке кәсіпкер Шониеза Шамансурованың 5 мың басқа арналған қой бордақылау кешенімен танысты. Жеке кәсіпкер мұнда әрбір қорада 300 бас қой бордақыланатын 15 кешен орналасқанын айтты. Қазіргі таңда кәсіпкер малға қажетті жемшөпті бір орыннан дайындау үшін гидропоника қондырғысын орнатып жатқандығын жеткізді.
Бұдан кейін Көктал ауылының Мәдениет үйінде жалғасқан семинарда «Шопан ата» Қазақстан Республикасы қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев қой шаруашылығын дамыту бойынша баяндама жасады. Ол өз сөзінде шаруашылықтарға қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігуге кеңес берді. Кооперативке бірігу арқылы қой шаруашылығын дамытуға, мал басын көбейтіп, одан мол өнім алуға болатынын атты.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев қой шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілетіндігін тарқата айтып, шаруа қожалықтарын бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Жиында шаруалар жоғары өнімділікке ие асыл тұқымды қой өсіру үшін қолдан ұрықтандыру, селекциялық жұмысты жолға қою, Австралия, Жаңа Зеландия және Ресейден биязы жүнді қой сатып алу сияқты ұсыныстар айтты. Олардың басқа да қойған сұрақтарына нақты жауаптар берілді.

Тұңғыш ТЫНЫСБЕКҰЛЫ,
облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support