«Бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмейді

«Бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмейді
ашық дереккөз
«Бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмейді

Кәсіп бастау қиын емес. Қаржысы бар адам жоспар құрып, түрлі жобалар бойынша іске кіріседі. Бірақ кәсібін қарқынды дамыту қиын. Әрине, мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Атап айтсақ, кәсіпкерлікке қолдау көрсету мақсатында түрлі тексерістер жүргізуге мораторий енгізіліп, салықтан босатылды. Осының нәтижесінде өңірімізде қолға алған кәсібін дөңгелетіп, қаншама адамды жұмыспен қамтып, сапалы өнім шығарып жатқан кәсіпкерлер қатары артып келеді. Дегенмен де бизнестің қарқынды дамуы үшін мемлекеттің қамқорлығынан бөлек адал бәсекелестік керек. Яғни қолында билігі барлар бизнес тірлігіне адалдық танытып, нағыз бәсекелестік туғызып, шын мықтыға қолдау көрсетпесе, істің бәрі бекер. Кейде біздің лауазымды тұлғаларымыз мемлекеттік сатып алуда өз дегенін жасау үшін небір қитұрқы әрекеттерге баратыны белгілі. Соның бірі – мемлекеттік сатып алу ісіндегі «бір көзден» беру тәсілі. Міне, заңды аттап өтудің «көкесі» осы «бір көзде» жатыр. Алдымен біліктілік талаптарына сәйкес келмеді деп лайықсыз компанияларды електен өткізеді. Яғни жеңімпаз компанияны мойындамайды. Сөйтеді де «конкурс өтпеді» деп жариялап, алдын ала келісіп алған компаниямен келісімшартқа отырады. Сонда тендердегі бәсекелестік, мөлдірлік, сатып алудың ашықтығы қайда қалды? Сондықтан да мұндай жөнсіздікке облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті жол бермеуге тырысып, күресіп келеді. Департамент басшысы Алмас Дүйсенбаевтың айтуынша, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы «Камералдық бақылау жүргізу қағидаларын бекіту туралы» №598 бұйрығына сәйкес мемлекеттік сатып алу бойынша тексеруді жүзеге асырып, тосқауыл қойып келеді екен. Камералдық бақылау жүргізудің мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заң бұзушылықтардың жолын кесу және жол бермеу. Сондай-ақ мемлекеттік аудит нысанына камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды дербес жою құқығын беру және мемлекеттік аудит нысандарына әкімшілік жүктемені төмендету болып табылады. Камералдық бақылау мемлекеттік сатып алудың тәуекел бейіндері мен заңды және жеке тұлғалардың арыз-шағымдары негізінде жүзеге асырылатын көрінеді. – Өткен жылы 89 662 мемлекеттік сатып алуға камералдық бақылау жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін департамент тарапынан тапсырыс берушіге 2 823 хабарлама жіберілді. Ал мемлекеттік сатып алу веб-порталының мәліметіне сүйенсек, өткен жылы өткізілген мемлекеттік сатып алулар бойынша департаментке заңды және жеке тұлғалардан 816 арыз-шағым түсіп, 233 арыз қанағаттандырылған. Ішінара қанағаттандырылғаны 340 арыз. Жалпы, мемлекеттік сатып алу кезінде заңсыз жеңімпазын айқындау фактілері анықталған 665 тапсырыс берушіге хабарлама жіберілді. Соның ішінде әлеуетті өнім берушілерді заңсыз жіберу бойынша анықталған 377 тапсырыс берушіге заң бұзушылыққа жол бергені үшін хабарлама жолданды. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алуға қатысуға әлеуетті өнім берушілерді заңсыз жібермеу бойынша да анықталған 119 тапсырыс берушіге де осындай хабарлама жіберілген болатын. Осы хабарламалардың нәтижесінде мемлекеттік сатып алудың қорытындысы туралы хаттамасы қайта шығарылды. Сөйтіп мемлекеттік сатып алудың заң аясындағы жеңімпазы белгілі болды. Өкінішке қарай мемлекеттік сатып алу саласы бойынша заң бұзушылықтың қайталануы азаймай отыр. Статистикаға жүгінсек, 2019 жылы заңбұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғаларға қатысты 1 097 әкімшілік хаттама толтырылып, 81 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, – деді ол. Бұл салада жиі қайталанылатын бұзушылықтар бар. Атап айтсақ, біріншіден, бәсекелестік ортаны сақтамай бір көзден келісімшарт жасау. Бұл бойынша 560 факті анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылған. Екіншіден, әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін уақтылы қарамаудың 316 фактісі белгілі болып, әкімшілік хаттама толтырылыпты. Үшіншіден, хабарламаларды орындамаған 30 факті әшкере болып, оның соңы әкімшілік хаттама толтыруға әкеліп соққан. Төртіншіден, мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы сот арыз бермеген 46 фактіге әкімшілік хаттама толтырылған. Заң бұзушылыққа жол беру өз кезегінде бюджет қаражатының уақтылы әрі тиімді игерілуіне, үнемделуіне, мемлекеттік бағдарламалардың, орталық аппарат пен өңір басшысының тапсырмаларының уақтылы орындалуына кері әсерін тигізеді. Сондықтан да барлық іс-шараның заң аясында орындалғаны абзал.

  Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар