Жамбыл даңғылының 3230 метрі жаңартылады

Жамбыл даңғылының  3230 метрі  жаңартылады
ашық дереккөз
Жамбыл даңғылының 3230 метрі жаңартылады

Қала көркі – түзу көше, тегіс жол, жасыл желек және сәулетті де еңселі ғимараттар. Сұңқардайын сыланған, тотыдайын таранған, 2000 жылдық тарихы бар Тараздың Төле би және Абай даңғылдары күрделі жөндеуден өткізілгеннен кейін мүлдем жаңа келбетке ие болды. Үстіміздегі жылы жаңарту Жамбыл даңғылында қолға алынды. Бұл жұмысты жүргізуді Әлімбек Жұмабаев жетекшілік ететін облыстағы әлеуетті, ірі әрі көпсалалы «Алтайс групп» ЖШС еншілес кәсіпорны – «Айя сервис» ЖШС ұтып алды. Мердігер даңғылдың Қонаев және Пушкин көшелерінің қиылысына дейінгі 3230 метр жерде күрделі жөндеу жүргізетін болады. Жобаның құны – 500 миллион теңгеден астам.

24 22

Серіктестіктің осы аумақтағы жолдың ескі асфальтін сүріп, қақпақтарын биіктетіп, арықтардағы ескі бетон науаларды жаңасымен ауыстыруға кірісіп кеткеніне екі аптадан астам уақыт болды. Қонаев және Төле би көшелері арасындағы жолдың ені 2 метрге кеңейтілді. Жолшылар жауапты міндетті үстіміздегі жылдың 1 қарашасына дейін толық аяқтауды көздеп отыр. Олар уәде үдесінен көріну үшін жұмысты екі ауысыммен ұйымдастыруда. Жүзден астам құрылысшы және 35 техника күндіз-түні нысан басынан табылуда. – Біздің құрылысшыларымыздың жол жөндеуде тәжірибесі мол. Даңғыл жаңа технологиямен жөнделуде. Көшеге шағал, мастикалық асфальт бетон төселеді. Ол бүлініп, жарылмауы және ұзақ жылдар қолданыста болуы үшін Америкадан әкелінген қоспа – мастик араластырылуда. Мұндай жамылғы -70 және +55 градусқа төзімді болады, – дейді «Айя сервис» ЖШС Тараз филиалының директоры Майра Молдабаева. «Алтайс групп» ЖШС бас директоры Әлімбек Жұмабаев құрылыста қазақстандық үлес 100 пайызды құрайтынын айтады. Оның ішінде қажетті материалдардың 80 пайызы серіктестіктегі еншілес кәсіпорындарда өндіріледі. Мұның өзі уақыт үнемдеуге, нысанның құрылысын сапалы жүргізуге игі ықпалын тигізуде.

Ақылжан Мамыт, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар