«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауыл мектептеріне мән беретін кез жетті

Ауыл мектептеріне мән беретін кез жетті
ашық дереккөз
Ауыл мектептеріне мән беретін кез жетті

Аудандағы басқа да өзекті мәселелер шешімін табуды қажет етеді

Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев Меркі ауданында іссапармен болды. Жұмыс жағдайындағы сапар мақсаты – аудандағы проблемалық мәселелермен танысу болса, ол Ақермен ауылдық округінде орналасқан №11 Әмеди Хасенов атындағы мектеппен танысудан басталды. Сонау 1976 жылдан бері жөндеу көрмеген мектептің жағдайы шын мәнінде мәз емес еді. Оқу орнының директоры Айсұлу Әліпбаеваның айтуынша, мектеп шатырынан су ағып, жылда өз күштерімен жөндеу жүргізіп тұрады. Дегенмен жылдан-жылға мәселені өздерінің күшімен шешу қиындап барады. 40 жылдан бері талай атақты кәсіпкерлер мен мәдениет қайраткерлері, спорт шеберлерін тәрбиелеп шығарған мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Аудан тарапынан құжаттары толық дайындалыпты. Облыстық бюджеттен қаржы бөлінсе, жөндеу жұмыстарын бастап кетуге болады. Мектеп кабинеттерін аралап көрген Ержан Жұматұлы оның материалдық базасына ғана емес, мұғалімдердің білім беру әдісі мен оқушылардың білім сапасына да ерекше назар аударды. Мәселен, 4-сыныптың оқушысы Тұрсын Нұрилә Абай атамыздың өлеңінен үзінді оқып, өзінің ерекше оқу мәнерімен, актерлық қабілетімен келген қонақтарды таңғалдырды. Аспара ауылдық округіндегі №2 мектеп те Е.Жылқыбаевтың назарынан тыс қалмады. Бұл мектеп бастапқыда совхоз жұмысшыларына жатақхана ретінде жобаланып соғылған. 1986 жылы бой көтерген ғимарат дәліздері өте тар. Спорт залдың едені шіріп, төбесінен су өтіп тұрған жайы бар. Мектеп директоры Бауыржан Мамырбаев асхананың да стандартқа сай еместігін айтып, күрделі жөндеуден гөрі, жаңа мектеп құрылысын қарастырса деген ұсынысын білдірді. Жұмысшы топ мұнан соң Аспара ауылдық Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті. Алғысөзді аудан әкімі Өмірбек Мейірхан алып, өңірдің тірлік-тынысымен таныстырды. Ауданның өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй, жол мәселелеріне тоқтала кетті. – Өткен жылы барлық меже 100 процентке орындалды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайында өсім бар. Биыл да «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауқымды істер атқарылады. Атап өтсем, үш мектеп күрделі жөндеуден өтеді және үш спорт мектебінің құрылысы басталады. Оның екеуін аудан кәсіпкерлері, демеушілер өз қаражаттарына соғып береді. Сонымен қатар ауданішілік 19 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ауданда қиындық тудырып отырған екі мәселе бар. Олар қант қызылшасын өсірушілердің тиісті қаражаттарының берілмеуі және заңсыз құрылыс нысандарының соғылуы, – деген аудан әкімі осы жылдың үлкен жаңалығы – «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында атқарылған істерге де тоқталды. Кездесу барысында ауыл тұрғыны, зейнеткер Нұржау Байжұманов Аспара ауылдық мектебінің жағдайын айтып, Ержан Жұматұлына мәселені шешуге қолғабыс етуін сұрады. Ал зейнеткер Кәрден Қыстауова қызметке жаңадан келген басшыға ақ батасын беріп, жастайынан алты баламен жесір қалса да, ешкімнің алдына қол жайып бармағандығын айтты. Ол қазіргі атаулы әлеуметтік көмек үшін бет жыртысып жатқан аналарға үлгі, сабақ болуы үшін өзінің қиындығы мен қызыққа толы өмірінен мысалдар келтірді. Сонымен қатар Кәрден апа ауылға жас мамандарға үй тұрғызылса деген ұсынысын білдірді. Өйткені ауылда тапшы мамандар сырттан қатынап қызмет көрсетеді екен. Бұл ұсынысқа Ержан Жұматұлы зерделеп барып шешімін айтатындығын жеткізді. Жиын барысында ауылдық округ тұрғындары пилоттық жоба аясында жұмыс істеуге ниетті екендіктерін айтты. Бұл ұсынысқа аудан әкімі әрбір округ жобаға енуге дайын болу керектігін айтты. Ол үшін кепілге қоятын мүлік, үйдің құжаттарын қазірден бастап дайындап қоюды ұсынды. Алдағы уақытта пилоттық жоба жалғасын тауып жатса, қай ауылдық округтің құжаттары мен жобасы дайын болса, сол ауылды облысқа ұсынатындығын жеткізді. Келелі кездесуден соң облыстық жұмысшы топ Гранитогор ауылындағы тозығы жеткен №8 жалпы білім беретін мектепті аралап көрді. Бұл білім ордасында да қиындық тудырған мәселе жетерлік. Мектеп директоры білім ордасының құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар дайын тұрғанын айтты. 120 орындық мектеп құрылысына бюджеттен 539 миллион теңге бөлінген жағдайда биыл жаңа мектеп құрылысы басталып кетпек. Ержан Жылқыбаев келесі кезекте бастапқыда кеден қызметкерлеріне пәтер ретінде соғылып, бүгінде қараусыз қалған ғимаратты көрді. Бұл ғимаратты шекара бөлімі аудан балансына өткізген болатын. Аудан әкімі Мейірхан Азатұлы аудандық бюджет қаражатынан нысанның құрылысын аяқтап, көп балалы аналар мен жас мамандарға беруді жоспарлап отырғанын айтты. 3 ғимаратта жалпы 20 пәтер бар екен. Егер ұсыныс іске асса, үйсіз жүрген 20 отбасы баспаналы болғалы тұр. Бұл мәселеге Ержан Жұматұлы қолдау білдіріп, облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлына жеткізетіндігін айтты. Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары бастаған топ таулы аймақтағы «Жұлдыз» сауықтыру лагерінің жай-күйімен танысты. Күні кеше демеуші Қанат Шайхиевтің көмегімен 25 миллион теңгеге жаңа асханасы соғылып, пайдалануға берілген лагерьге қосалқы ғимараттар керек-ақ. Ол ғимарат соғылса, аудан спортшыларын қысы-жазы таулы аймақта жаттықтырып, дайындауға мүмкіндік туары анық. Келесі кезекте Ержан Жұматұлы аудандық орталық аурухананың жұмысымен танысты. Бас дәрігердің міндетін атқарушы Данияр Нүсіпбаев мекемедегі қабылдау бөлімі, балалар, гинекология, перзентхана және жұқпалы аурулар бөліміне күрделі жөндеу қажет екенін алға тартты. Аталған бөлімдердің барлығын аралап, танысып шыққан жұмысшы топ жөндеуден өткізу үшін тиісті құжаттарын дайындап өткізуді ұсынды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымов жалпы облыс көлемінде биыл 16 медициналық ғимарат жөндеуден өткізілетінін, оның ішіне Меркі ауданы енбей қалғанын айтты. Келесі нысан – былтыр ашылған мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту-бейімдеу орталығы болды. Жалпы аудан бойынша 335 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Соның 25-і арнайы сараптамадан өтіп, осы оңалту-бейімдеу орталығына жолдама алып, тиісті мамандар көмегіне жүгінеді. Ашылғалы мұнда 25 баладан 3-кезең балаларды қабылдап отыр. Мұндағы проблема – спорт зал қайта қалпына келтіруді қажет етеді. Жұмыс кестесіне сай барлық нысандармен танысып шыққан Ержан Жұматұлы №17 Иван Трубицын атындағы мектепте аудан тұрғындары, зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Аудандағы тұғырлы білім ордасына жиналған ата-аналар мектептің жағдайын айтып, мұнда қосалқы ғимарат соғып беруді сұранды. Өйткені 1100 балаға шақталған мектепте қазіргі уақытта 2330 бала білім алуда. Кездесуге келген Қазихан Жұмалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманалиев пен өзге де аудан тұрғындары оқушылардың білім сапасына, ұстаздардың біліктілігінің шыңдалуына баса назар аударуды ұсынды. Сонымен қатар еңбекке баулуды ұмытпауды да тілге тиек етті. Сол сияқты тегін дәрі-дәрмек, аудандық аурухана жұмысына ерекше назар аударуды өтінді.

Ләззат ҚҰРАЛБАЕВА

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар