«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Трактор «тізгіндеген» Күләйша

Трактор «тізгіндеген» Күләйша
ашық дереккөз
Трактор «тізгіндеген» Күләйша
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ауылдағы ағайынның тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған қанатқақты жобаның өңірімізде қалай атқарылып жатқанын көру үшін Меркі ауданына іссапармен барғанбыз. Сол сапарымда Сұрат ауылдық округінде болдық. Округ атымен аталатын ауыл тұрғындарының белсенділгін істерінен байқадық. Жоба аясында мал алғандар қорадағы малын көрсетіп бізбен қуаныштарын бөлісуге тырысты. Сөйтіп сұраттықтардың қазақшылығына, қонақжайлылығына ырза болып, аула аралап жүргенімізде ауыл тұрғыны Күләйша Қалдарбаевамен танысқан едім. Ол кісі 3 миллион 600 мың теңгеге 6 бас мүйізді ірі қара, бір жылқы, 10 қой сатып алыпты. «Қора-жайды соғып қойып, мал алсақ деп жүргенбіз. Балам несие аламын ба деп отырғанда облыс басшысының бастамасымен қанатқақты жоба қолға алынып, енді соның игілігін отбасыммен көріп отырмын. Осылайша аяқ асты, ойламаған жерден малды болып, қорамыз төрт түлікке толды. Мұны Үкіметтің ауыл халқына берген көмегі деп білем. Малдың арқасында еңсеміз көтеріліп қалды. Осы жобаға қолдау білдірген Мемлекет басшысына үлкен рахмет», – деді ақжаулықты ана ағынан жарылып. Қысқа ғана әңгіме барысында ол кісінің ауылындағы ұжымшарда 25 жыл трактор жүргізгенін естіп, сұхбаттасып та үлгердім. Сөйтсем Күләйша апа да өз кезінде басқа қазақ қыздары сияқты ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосқан атақты механизатор, тың игеруші Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваға еліктеп, осы саланы таңдапты. Қазақстанның Халық жазушысы Фариза Оңғарсынова «Қазақтың бір қызы бар Кәмшат деген» атты поэма жазып, Камшат Дөненбаеваны сол кезде-ақ әдеби кейіпкерге айналдырып үлгерген еді. Оның еңбегі мен ерлігі күллі қазақ қыздарының еңсесін тіктеп, бұл салаға келген қыздар қатарын арттырған болатын. Фаризаның поэмасынан рух, Кәмшаттай апасынан қуат алған Күләйша ауылдағы он жылдық мектепті бітірісімен, трактор рөліне отырады. Сөйтіп еңбек жолын өзінің туып-өскен ауылындағы Киров атындағы ұжымшарда тракторшы болып бастаған. Өз алдына трактор бекітіліп берілген күннен бастап жыл бойы толас таппай ел игілігі үшін еңбек етіпті. Қыз баласына ауыр болса да ол бұл мамандықты қиналмай меңгеріпті. Сөйтіп ерлерге тән жұмысты қайсарлықпен атқарып, таңның атысы, күннің батысы, егіс алқабынан табылған. Біле білгенге механизаторлық кәсіп оңай шаруа емес. Күләйша Қалдарбаева кезінде «МТЗ-80», «К-700», «ЮМЗ» маркалы тракторларды жүргізіп, оның ыстық-суығына төтеп беріп, дала төсінде шыңдалған болатын. Еңбектің арқасында ол көптеген марапаттарға да ие болды. 1979 жылы механизаторлар сайысында Бүкілодақтық Паша Ангелина атындағы жүлдені жеңіп алды. Ал 1980 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. 1981, 1986 жылдары Кеңес Одағы Компартиясының съездеріне делегат болып қатысты. Бұдан бөлек, басқа да жиындарға қатысып, мемлекеттік наградаларға ие болыпты. Ал 1993 жылы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне Елбасы Н.Назарбаевтың қабылдауында болды. – Сол кездегі астанамыз Алматы қаласында өткен кездесуде Елбасы бізге үлкен құрмет көрсетті. Әлі күнге дейін Тұңғыш Президентімізбен болған сол кездесу жадымда. Ол кездесуден біз жақсы көңіл күймен тарқадық. Сол жиында мен Кәмшат Дөненбаевамен жолығып, апалы-сіңлілідей шүйіркелескен едік. Ол кісі мені сырттай білетінін айтып, жұмысыма сәттілік тілеген болатын. Осылайша ол отырыста Елбасымен және өзім жолын қуған, барша қазақ қыздарына мақтаныш болған Кәмшат апамен кездескенім әлі есімнен кетпейді, – деді ол. Күләйша – ардагер механизатор ғана емес, отбасының тірегі. Жұбайы Сауранбай екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, шаңырақтарын шаттыққа бөледі. Үлкен ұлы Дәуір бүгінде анасының жолын қуып, «МТЗ-80» тракторын жүргізіп, еңбек етуде.
Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар