- Advertisement -

Қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

22

- Advertisement -

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу шаралары талқыланды. Сондай-ақ сауданы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы қаралды.

Әлемде 88 571 адам вирус жұқтырған

Індетке қарсы іс-әрекет жоспарымен таныстыру үшін Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов пен Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Б.Қамалиев, Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжанов баяндама жасады.

Е.Біртанов дүние жүзі бойынша COVID-19 пневмониясына шалдыққан 88 571 адам тіркелгенін, күн сайын өсу деңгейі 2,25%-ды құрайтынын айтты.  Соның ішінде Қытайда 80 174 адам ауруға шалдыққаны анықталып отыр. Аурудан жазылып шыққандар саны – 44 518 адам. Стационарларда әлі де 32 741 науқас ем алуда. Қытайды қоспағанда, басқа елдерде 8 397 адам коронавирус жұқтырған. Науқастардың көбі Оңтүстік Корея, Италия, Иран, Жапония елдерінде тіркелгені анықталып отыр.

– Денсаулық сақтау министрлігі 6 қаң­тардан бастап елімізде коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу бо­йынша күшейту жұмыстарын үш кезең бойынша іске асырды, – деді Е.Біртанов.

Бірінші кезеңде шекара арқылы өткізу пункттерінде санитарлық-эпиде­мио­логиялық бақылау күшейтіліп, арнайы жаттығулар өткізілді. Бұдан өзге, ҚХР-дан келген адамдарға медициналық мониторинг жүргізілді. Жеке қорғану, сырқаттың алдын алу және емдеу құралдарының қа­жетті қорлары жасалды. Сонымен қатар халық арасында ақпараттық-түсін­діру жұмыстары басталды. 31 қаңтар­дан бас­тап күшейту шараларының 2-кезеңі басталды. Денсаулық сақтау минис­трлігінің бұйрығына сәйкес барлық шекаралардағы санитарлық-карантиндік пункттерге қосымша 150 санитарлық-эпидемиологиялық қызмет маманы жіберілді. Сонымен қатар клиникалық емдеу хаттамасы және эпидемияға қар­сы іс-шаралар алгоритмдері бекітілді. 20 ақпаннан бастап министрлік инфек­ция­ның әкелінуі мен таралуының алдын алу бойынша күшейтудің 3-кезеңін іске қос­ты.

– Коронавирус инфекциясының таралу қаупінің деңгейіне байланысты елдерді үш санатқа саралау бойынша әдістеме әзірленіп, енгізілді. Қауіп деңгейіне байланысты, коронавирустық инфекция таралған елдерден келген адамдарға тиісті медициналық мониторинг орнатылды, – деді Е.Біртанов.

Үкімет отырысында белгілі бол­ғандай, биылғы 1 наурыздан бастап ми­нис­трлік күшейтудің төртінші сатысын енгізді. Онда қауіпті саналатын бірінші санаттағы елдер қатарына Қытай Халық Республикасымен қатар, Иран, Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Гонконг (ҚХР), Тайвань (ҚХР) және Макао (ҚХР) жат­қы­зылды.

– Қытай мен Ираннан келген азаматтар міндетті түрде 14 күндік карантинге жатқызылады, ауруханадан шыққаннан кейін қосымша 10 күн ішінде медициналық бақылауда болады, – деді Денсаулық сақтау министрі.

Бірінші санатқа кірмейтін елдерден келген азаматтар 14 күнге тұрғылықты жері бойынша карантинге орналастырылады. Бірақ санитарлық қызметтің шешімі бойынша бұл адамдар медициналық ұйымдағы карантинге ауыстырылуы мүмкін. Үшінші санаттағы елдерден келген азаматтар 24 күн ішінде қоңырау шалу әдісімен қашықтан бақыланады.

Министрдің айтуынша, 2020 жылдың 6 қаңтарынан бастап Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік шекарадан өткізу пункттерінде санитарлық бақы­лауды күшейтіп, миллионнан астам адам­ды тексерді. Бақылауға 30 мың­нан астам адам алынған. Бүгінде инку­бациялық кезеңнің аяқталуына байланысты азаматтардың басым бөлігі шығарылды. 6 474 адам әлі де меди­ци­налық бақылауда.

– 6 қаңтардан бастап осыған дейін дене қызуы көтеріліп, жедел респираторлық вирус инфекциясымен ауырған 186 адам ауруханаға жатқызылды, олардың 166-ы жазылып шықты. Қалған 20 адам стацио­нарда ем алуда. Коронавирус инфекциясы диагнозы расталмады, зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша ауру тіркелмеді, – деді Е.Біртанов.

Сырқаттардан алынған сынамалар Ресей, Қытай және отандық өндірістің тест-жүйелерімен зерттелген.

Қытайдан 480 адам эвакуацияланды

Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді өз кезегінде министрлік жедел шараларды қабылдау мақсатында коронавирус инфекциясының таралуына қатысты ахуалды ерекше бақылауда ұстап отырғанын айтты.

– Мәселен, коронавирус инфек­ция­сы­ның таралуы бойынша эпидемиологиялық қаупі жоғары елдердегі шетелдік меке­мелерімізде жедел штабтар құрылды, біз­дің азаматтарды эвакуациялау бойын­ша іс-әрекеттер алгоритмдері қабыл­данды және консультациялар беру мақ­сатында «жедел желілер» ашылды. Бүгін­де Қытайдан 480 қазақстандық эвакуа­цияланды. Қытаймен тұрақты әуе рейс­тері, жаяу жүру бекеттері, темір жол/автомобиль арқылы жолаушы тасы­малы тоқтатылды. 2020 жылғы 3 ақ­паннан бастап Қытайдағы барлық шет­елдік азаматтарға виза беру тоқта­тылды. Биылғы 5 наурыздан бастап Әзербай­жанмен әуе рейстері қысқарады және Иран азаматтарының Қазақстанға кіруіне тыйым салынады, – деді министр.

Министрлік келтірген мәлімет бойынша індет қаупі жоғары елдерде 95 мыңнан астам Қазақстан азаматы бар. Оның 35 мыңы – Кореяда, 40 мыңы – Америка Құрама Штаттарында, 5100 – Біріккен Араб Әмірліктерінде, 5000 – Германияда, 3000 – Ұлыбританияда, 1800 – Италияда, 1000 адам Францияда. Басым бөлігі – студенттер, еңбек мигрант­тары, шетелдегі мекемелердің қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері, туристер мен бизнесмендер.

Негізгі баяндамалардан кейін Премьер-Министр Асқар Мамин вирустың 50-ден астам елге таралып үлгергенін, елімізде барлық алдын алу шараларын жалғастыру қажет екенін айтып, бірқатар тапсырма жүктеді.

Ішкі саудадағы кедергілер анықталды

Үкімет отырысында қаралған екін­ші мәселе – Сауданы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемле­кет­тік бағдарламасына арналды. Тұжы­рым­даманы Сауда және интеграция ми­нистрі Б.Сұлтанов таныстырды. Сонымен қатар Дүниежүзілік банктің өкілі Ш.Рахарджа мен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә.Смайылов елімізде сауданы дамытуға қатысты баяндама жасады.

Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтановтың айтуынша, ішкі саудада бірқатар басы ашық мәселелер бар. Саланың тиімді дамуына заманауи сау­да форматтарының аздығы, сауда алаң­­да­ры­ның жетіспеушілігі,  тиімді қой­ма орын­дарының шектеулігі кедергі кел­тіруде.

– Бұл проблемалар делдалдардың ұзын сонар желісін туындатады. Тауарды өндірушіден тұтынушыға дейін оңтайлы тізбек бойынша жеткізуге мүмкіндік бермейді. Соның нәтижесінде бүгін біз азық-түлік тауарларына бағаның негіз­сіз өсуін және халықтың оларды сатып алуға айтарлықтай шығынға ұшыра­ғанын байқаймыз. Сондай-ақ ішкі нарық­та шетелдік тауарлар көлемінің басым­дығы және сапасыз өнімдердің таралуы жағдайды ушықтырып отыр, – деді министр.

Оның айтуынша, бүгінде әлемдік сауда үшін басты қатерлердің бірі – саудалық протекционизмді күшейту. Бұл Дү­ниежүзілік банк сарапшыларының бағалауы бойынша жаһандық тауар айна­лымының 9%-ға қысқаруына соқ­тыруы мүмкін.

– Жалпы алғанда, талдау нәтижесі бойынша өндіруден өткізуге дейінгі тізбек­те туындайтын бірқатар проб­ле­ма­­­ны шешу тұтастай сауда жүйе­­­сінің қалыптасуына алып келеті­нін көрсе­теді. Қазірдің өзінде индус­трия-
­лық-ин­новациялық даму мен Агроөнер­кәсіп­тік кешенді дамыту мемлекеттік бағдар­­ламалары, Бизнестің жол картасы-2025, Қа­рапайым заттар экономикасы бар. Олар өндірістің қарқынды дамуын қамта­ма­сыз етуге бағытталған, – деді Сауда министрі.

Дүниежүзілік банктің өкілі Ш.Ра­хард­жа елімізде сауданы дамыту мәселесінің өзектілігі мен тәсілдері туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, сауда – табысты дамудың негізгі бағыты. Әсіресе аумағы үлкен, бірақ ішкі нарығы салыс­тырмалы түрде шағын Қазақстан үшін аса маңызға ие сала болмақ.

– Сауда бизнеске үлкен нарыққа, жо­ғары сапалы тұтынуға және өнімділікті арт­тыруға мүмкіндік береді, бұл табыс­тың өсуін сақтау үшін қажет, – деді Ш.Рахарджа.

Тақырыпты қорытындылау бары­сында Үкімет басшысы Сауда және интегра­ция министрлігіне осы жылдың 1 шілде­сіне дейін Мемлекеттік бағдарла­маның жобасын Үкіметке енгізуді қамта­масыз етуді, орталық және жергілікті атқарушы органдарға осы құжатты әзірлеуге белсене қатысуды тапсырды.

– Құжатта қолайлы тұтыну ортасын құруға, халықты сапалы және қауіп­сіз тауарлармен қамтамасыз ету, сон­дай-ақ қазақстандық тауарлар мен қыз­мет­­тер­дің сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілет­тілігін арттыруға бағытталған бағ­дар ор­натылуы тиіс. Сондай-ақ халық­ара­лық ынтымақтастық аясында ұлттық мүд­де­лерді қорғау және ілгерілету әзір­ле­­ніп жатқан бағдарламаның басты мақ­сат­­тарының бірі болуы керек, – деді А.Мамин.

Еркежан АЙТҚАЗЫ

Egemen.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support