- Advertisement -

Стрит воркаут

165

- Advertisement -

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға дейін қазақстандықтардың кем дегенде 30 процентін бұқаралық спортпен шұғылдануға тартуды қатаң тапсырған болатын. Себебі дені сау ұлт – мемлекет іргетасының берік қалануының негізі. Сондықтан саламатты өмір салтын насихаттау, халықты спортпен шұғылдануға тарту мақсатында бүгінде стрит воркаут (street workоut – көше жаттығулары) алаңдары күн санап көбейіп келеді. Жалпы, бұл не? Халыққа тигізер пайдасы бар ма? Өңіріміздегі қолданыс аясы қандай?
Стрит воркаутты дене шынықтыру сабақтарының бір түрі десе де болады. Бүгінде әлемде, әсіресе, Америка мен Еуропа елдерінде кеңінен танымал спорт түрі көбіне жастар арасында трендке айналған. Бұл жаттығулар негізінен белтемірлер, бөренелер, швед қабырғалары, көлденең баспалдақтар мен басқа да қондырғылар орнатылған көшедегі спорт алаңдарында орындалады.
Гимнастиканың бір бағыты саналғандықтан, аталған спорттың кейбір әдістерімен шұғылданатындар қатары бұрыннан-ақ болған. Алайда воркауттың нақ өзі біздің өңірге осыдан 5 жыл бұрын ғана келіп жетті. Бұл мәселе бүгінде облыс басшылығының да назарында. Сондықтан соңғы уақыттарда осы спорт түріне мейлінше көңіл бөлініп, оған арналған орындар көптеп салынуда. Алайда…

Көше жат тығуларына аңсары ауғандар не дейді?

Жоғарыда айтылғандай, бұл спорт түрі 2010 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырма берілген соң қанат жая бастағаны анық. Бүгінде онымен айналысушылар саны күн санап өсуде.
Солардың бірі – М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің 3-курс студенті, Ақтау қаласында өткен республикалық жарыстың жеңімпазы Дарын Қалабаев.
– Жоғары оқу орнының табалдырығын аттағалы бері осы спорт түрімен айналысып келемін. Біз университетіміздің технология кешенінің төртінші қабатында орналасқан залда шұғылданамыз. Ал өзім «Атлетик» спорт базасындағы алаңшада да жаттығамын. Бұл алаңқай қатаң климаттық жағдайларға төтеп бере алатын қасиетімен ерекше, сонысымен де ұзаққа шыдас береді. Ерекшелігі сол – ол ауыр салмаққа да арналған, резіңке жабынды жұмсақтау болғандықтан, жаттығу барысында құлап-сүрінгендерге ыңғайлы.
Денсаулыққа пайдасы зор, саламатты өмір салтын сақтауға көмектесетін бұл жаттығумен қазір тек қалада ғана емес, ауылым Жамбыл ауданының Қапал ауылында да айналыса алатын болдым.
ТарМУ-дың тағы бір студенті Жамбыл Жалғас ІІ топтың мүгедегі бола тұра аталған спортты жанына серік еткеніне үш жылға жуықтапты. Бапкерінің айтуынша, ол 31 секундта жасалатын жаттығуды небәрі 20 секундта-ақ орындап үлгереді.
– Воркауттың ең тиімді тұсы – оның қолжетімділігінде. Өйткені оған тек белтемір керек. Дала спортында жетістіктерге жету үшін фитнес немесе басқа да жаттығулармен шұғылданудың қажеті жоқ. Үйде, алаңда қондырғылар мен алаңшалар болса жеткілікті. Уақыт өткен сайын қатарымыз да, сайыс түрлері де көбейіп келеді.
Мен қазір университетіміздің гимнастика залында, Тұңғыш Президент, Қайрат Рысқұлбеков саябақтарындағы және Ниетқалиев көшесінің бойындағы скверде жаттығамын. Осылайша алдыңғы жылы Таразда өткен жарыста дененің жоғары бөлігімен жұмыс істеу және «белтемірге күшпен шығу» сияқты екі аталымның біріншісінен – І, екіншісінен ІІ орын алдым.
Әділет Жеткерген, стрит воркауттың фристайл бағытында жұмыс істейді.
– Жарыстардың алдында көрсетілім жасаймыз. Сол арқылы өзгелердің воркаутқа деген талпынысын арттырамыз. Мәселен, былтыр Қордай ауданына барып, сонда жаңадан ашылған спорт алаңшасында өз өнерімізді ортаға салдық. Аталған темірлердің не мақсатта пайдаланылатынын көрген тұрғындардың оған қызығушылығы арта түсті.
Негізі фристайлмен айналысушылар саны басқаларға қарағанда аздау. Себебі ол аса қауіпті саналады. Мысалы, мен белтемірлерде 360 градуста сальто жасай беремін.
Жеті жылдан бері воркауттың осы түрімен шұғылданып жүрген Нұрғали Исабек те осы пікірге қосылады екен. Айтуынша, фристайл, стрит лифтинг, яғни белге ауыр салмақ түсіріп турникке тартылу және брусьяда жаттығу жасайтындар үшін облыстағы бір ғана алаңшадан басқасында жағдай жасалмаған.
– Біріншіден, егер стрит воркаут ғимараттың ішіне орнатылған болса, оның төбесі де биіктеу болуы керек. Екіншіден, қолданысқа беріліп жатқан алаңқайлардың едені әртүрлі материалдан жасалады. Дені құмнан. Асфальт төселіп, цементтен құйылып не өрнектастар орнатылғандары да кездеседі. Ал ол резіңке төсеніштен болуы қажет. Бізде ондай тек «Атлетикте» ғана бар. Оның өзі қала маңында. Ол жақ қашықтау болғандықтан, алысқа бармай жаттыға салатындар көп. Кейбірі содан зақым алып жатады. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, спортшыларымыз содан да воркауттың басқа түрімен айналысуды жөн көреді. Өзім де осындай алаңшаларда шұғылданамын деп бірнеше рет жарақаттанғанмын. Сондықтан жауаптылар осы жағын да ескерсе, дұрыс болар еді.

Жат тықтырушының пікіріне құлақ ассақ…

Жалпы, облыстағы стрит воркауттың қалыптасуына үлес қосқан ТарМУ-дың аға оқытушысы Болат Көпбаевты бүгінде стрит воркаутшылардың жалғыз-ақ жаттықтырушысы десек, артық айтқандық емес.
– Еліміз 2012 жылы ден қоя бастаған бұл спорт түрі Жамбыл жеріне 2013 жылы келе бастады. Олай деуімнің өзіндік себептері бар. Ең алғаш ТарМУ-дың Сәтбаев көшесіндегі кешенінен стрит воркаутқа тән қимыл-қозғалыстарды жасап жүрген бозбалаларды көрдім. Сөйтіп, «мен үйірме ашсам, келесіңдер ме?» деп шақырдым. Өйткені олардың әдіс-тәсілдерінің дұрыс еместігі көзге ұрып тұрды. Шәкірттерім кейінірек өзге жігіттерді тартты.
Бастапқыда маған күрес үйірмесін ашу тапсырылған болатын. Алайда ол менің жаныма жақын емес-тұғын. Өзім студент шақта спорттық гимнастикамен айналысқанмын. Екеуі ұқсас болғандықтан, оның кейбір элементтерін үйреттім. Осылайша, 2014 жылы осы оқу орнында стрит воркаут үйірмесін ашқанбыз. Содан бері біраз бала қала, облыс, республика чемпионы атанды.
Әзірше жарыстар болып жатқан жоқ, сондықтан өзім былтыр көктемде, күзде сайыстар ұйымдастырдым. Себебі жігіттерді ынталандыратын іс-шаралар қажет. Ал бізде оларды жаттықтыратын спорт залдар жоқ. Мысалы, Нұр-Сұлтаннан шақыртулар аламыз. Ал оған қатысу үшін федерациялардың болуы талап етіледі. Біздің облыста бастапқыда болғанымен, қазір ол жоқ. Негізінен әлгі додаларға баратын воркаутшыларым бар. Екі-үш аталымнан тіпті басқа өңірлердің жаттығушыларын шаң қаптыратын сайыпқырандар жоқ емес. Әйткенмен, мәселе қаражатқа келіп тіреледі. Сондықтан өзіміз ұйымдастырсақ – ұйымдастырдық, ұйымдастырмасақ үнсіз отырамыз. Аталған спорттың 6 түрі бар десек, оның бәрі менің жігіттеріме таңсық емес.
Қазір спортшыларым көп, өзге талаптанушылар де жетерлік. Бірақ менде мүмкіндік кемшін. Өйткені гимнастика залы ТарМУ-дікі болғандықтан, олар тек осы оқу орнынан болуын талап етеді. Әйткенмен, бала саны көп. Әсілінде маған 15 студент жетеді. Себебі олардың әрқайсысын жеке-дара бақылауда ұстауым керек. Мысалы, фристайл түрі қауіпті саналады. Онымен айналысатындарды қадағалап, қарап тұрмасаң, құлап кетуі ғажап емес.
Жалпы, қазір стрит воркаут алаңшалары көптеп ашылып жатыр ғой. Ол үшін алғыс айтамыз. Әйткенмен аталмыш спорттың барлық түріне арналған алаңшалар ашылса деген тілегіміз бар. Өйткені осы тұрғыда бізде жалғыз «Атлетик» кешеніндегі воркаут алаңша ғана әлемдік стандартқа сай салынған, астында жұмсақ резіңке төсеніші бар. Мысалы, Жеңіс саябағындағының асты асфальт. Сондықтан ол тек жаттығуға арналған. Фристайлға мүлдем жарамайды. Құлап қалса, басын жарады, қолын сырады немесе аяғын сындырады. Резіңке төселгендерінің өзі жұмсақ емес. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіздік ережелеріне сәйкес емес. Егер аталған жерлерде жаттықсақ, өзіміз гимнастикалық мат апарып төсеуімізге тура келеді. Ал оны екінің бірі ала алмайды, қалтасы көтермейді.

Құзырлы мекеме өкілдері не дейді?

Облысымыздағы стрит воркауттың бастау алуына себепші болған азаматтың уәжіне облыстық спорт басқармасындағылардың өз айтары бар.
– Бізге 2017 жылы «Barbars» қоғамдық бірлестігі қондырғылардың орналасуы, бағасы сияқты өздерінің ұсыныстарын берді. Бұл жаңа спорт түрі болғандықтан, мұны ел бойынша насихаттап, өлшемдеріне дейін ұсыныстарын берген. Біз оларды аудандарға воркаутты орнатумен қатар, оған тартан (стадионның, спорт секцияларының және ойын алаңдарының жүгіру жолдарын жабуға арналған синтетикалық материалдар – авт.) төсенішін төсеуге ықпал етуін сұрап хат жолдадық.
Біздегі стрит воркауттарды көбіне демеушілер салуда. Сондықтан оларға мынадай болсын деп талап қойғанымызбен, міндеттей алмаймыз. Өйткені ол қаржыға байланысты. Әрине, төсенішпен болса жақсы болар еді. Алайда қазір бұқаралық спортты дамыту басты назарда тұрғандықтан, біздің де негізгі жұмысымыз ең алдымен тұрғындар мүмкіндігіне бағытталып отыр. Жаппай спортқа тарту мақсатында әуелі алаңшаларда белтемірлердің болуы аса маңызды.
Біздің алдағы 2 жылдық жоспарымызда бірінші кезекте жеңіл атлетикалық және көркем гимнастикаға арналған манеж салу қолға алынған. Әйткенмен воркаут белтемірлері де назардан қалып жатқан жоқ. Бірақ кәсіби воркаутшыларға арналған орындар салу жағы әзірге қаралмаған, – дейді облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков.

 

Альмира ОМАРОВА

Тілші түйіні

Бүгінгі күнге облыста барлығы 120 стрит воркаут алаңшасы қолданысқа берілген. Олардың төсеніштері қызыл құм, газон, тартан, каучук, резіңке қиқымдары мен полиуретаннан жасалған. Дегенмен асты мат (матрац секілді жұмсақ төсеніш) болса игі. Ол құлағанда соққыдан қорғайды. Сондай-ақ механикалық және климаттық факторларға төзімді келеді. Тайғақ болмағаны да абзал.
Дей тұрғанмен, тағы бір гәп бар. Қолданысқа беріліп жатқан алаңқайлардың бәрі де ашық. «Бізде стрит воркаут бастау алған сонау Еуропа, Америкадағыдай емес, қысымыз қаһарлы ғой. Жаттығу алаңдарымыздың бәрі солардыкіндей ашық болғандықтан, спортшыларымыз тек күн жылынған шақта, жазда ғана шұғылданады. Күн салқында жаттыға алмайды. ТарМУ-да тек өз студенттеріміз қабылданады. Сондықтан облыста жігіттер қысы-жазы баратын бөлек зал болса екен. Әлгінде айтқан фристайлдан жаттығуды аптасына екі рет істеу керек. Ең қиыны да сол – олар егер 1-3 апта айналыспай қалса, дене оны ұмытады да, қайта келгенде орындай алмайды. Жаттықса да жүрексінеді. Сөйтіп бәрін қайта бастауға тура келеді», – дейді Болат Көпбаев.
Спорт – денсаулық кепілі. Қазақ елі бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына ену үшін, ең алдымен елдің көшін өрге сүйрейтін жастардың денсаулығы мықты болуы керек. Сондықтан тұрғындардың қалтасына салмақ салмайтын мұндай жаттығу алаңдарының пайдасы зор. Бұл ретте спортты жанына серік еткен жандардың уәжіне құлақ асқаннан ұтпасақ, ұтылмаймыз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support