БІЗ – БІРІНШІМІЗ!

БІЗ – БІРІНШІМІЗ!
ашық дереккөз
БІЗ – БІРІНШІМІЗ!

немесе «Аq jol» газетінің оқырмандарына сөз

Бастауын сонау 1922 жылдың 1 мамырынан алатын облыстың бас басылымы – «Аq jol» газеті өз тарихында талай өзгерістерді бастан кешті. Оған газеттің әр жылдарда «Кедей еркі», «Еңбек», «Дихан даусы», «Колхозшы», «Колхоз жолы», «Коммунист», «Сталиндік жол», «Еңбек туы» деп замана талабына сай өзгеріп отырған аттары айғақ. Н. С. Хрущевтің әпербақан саясатының салқыны өңірлердегі қазақ баспасөзін де айналып өткен жоқ. 1962 жылы облыстық бірден-бір қазақ газеті «Еңбек туы» жабылып, арада бір жыл өткеннен кейін барып орыс тіліндегі «Знамя труда» газетінің аудармасы ретінде жарық көрді. Бірақ «жыртық үйдің құдайы бар» дегендей, бір жылдан кейін қайтадан дербес қазақ басылымына айналды.

Міне, содан бері халқының қуанышы мен қайғысын бөлісіп, мұң-мұқтаждарына құлақ асып келе жатқан облыс үні 1990 жылдың 3 сәуірінен бастап «Аq jol» деген атпен жарық көре бастады. 1980 жылдардың аяғына дейін аптасына 5 рет (сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма және сенбі) күндері жарық көрген басылым тоқсаныншы жылдардың қаржы мен қағаз тапшылығы деген сияқты экономикалық қиындықтарына байланысты оқырмандарымен аптасына үш рет (сейсенбі, бейсенбі және жұма) күндері ғана қауышуға мәжбүр болды. Форматтары да бірде үлкейіп, бірде кішірейіп, жиі-жиі өзгеріп тұрды. Ал бүгіннен бастап, яғни 2020 жылдың 2 наурызынан өздеріңіздің сүйікті газеттеріңіз – «Аq jol»-ды дүйсенбі күні қолға алып, оқу қуанышына ие боласыздар. Одан кейінгі сандары сәрсенбі және жұма күндері жарық көреді. Облыстық «Знамя труда» газеті болса, өз оқырмандарының қолына бұрынғысынша сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері тиіп, өңірдегі ақпарат кеңістігінде бос орын (вакуум) пайда болмауына қал-қадерінше үлес қоса береді. Сонда оқырмандар облыс жаңалықтарынан дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма және сенбі күндері бірінші қазақ тілінде, ал келесі күндері орыс тілінде толыққанды ақпарат алып отыратын болады. Бұл бастама, әрине, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жаңашылдығымен жүзеге асып отыр. Өйткені Президент пен Үкіметтен бастап жергілікті билікке дейін елдің экономикалық және әлеуметтік жағдайын жақсарту, тұрмыс сапасын арттыру, Қазақстанды мекендеген ұлттар мен ұлыстар арасындағы бірлік пен ынтымақты нығайту, мемлекетіміздің ғылым, білім, мәдениет, өнер, спорт деген сияқты сан саласын қамтитын үлкен істер мен бағалы бастамаларды сенбі, жексенбі деместен қолға алып, тынымсыз қызмет етіп отырғаны белгілі. Ал әлемді ақпарат «билеген» бүгінгі заман талабына сәйкес, әрбір жаңалық халыққа неғұрлым жедел жеткені ғанибет. Сондықтан барша оқырмандарымызды көктемнің алғашқы күнімен бірге келген Алғыс айту күнімен құттықтай отырып, өздеріне жанашыр газеттің ендігі жерде әр аптаның бірінші күні – дүйсенбіден бастап шығатынына шын көңілдерімен тілектес болады, оны құптап, қолдайды деп сенеміз. Дүйсенбі – әрбір еңбек аптасының алғашқы күні. Ендеше, оқырмандарына сол күні жаңалығын алып жететін газет те бірінші. Біз – біріншіміз!

Көсемәлі Cәттібайұлы

Ұқсас жаңалықтар