Елордалық волонтерлер 30 литр қан тапсырды

Елордалық волонтерлер 30 литр қан тапсырды
ашық дереккөз
Елордалық волонтерлер 30 литр қан тапсырды
Бүгін «Астана жастары» волонтерлері Алғыс айту күніне орай «Біз біргеміз» акциясы аясында Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығында қан тапсырды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Қайырымдылық шарасына 70 астаналық волонтер қатысты. Солардың бірі - Аян Ерментаев. Ерікті осымен бесінші жыл қатарынан донацияға қатысып жатыр. Олардың әрқайсысы  450 мл қан тапсырды.

«Елордалық жастар «Біз біргеміз» акциясы аясында топтаса отырып, ардагерлердің, жалғыз басты аналар мен зейнеткерлердің ауласын қардан тазалаудан бөлек, тұрақты тұрде донор ретінде қан тапсыру шарасына қатысады. Бір донор - бір өмір демекші, біздің игі ісіміз көптеген адамдардың өмірін құтқаруға септігін тигізеді деп ойлаймын. Осы көмектің арқасында біз біреудің анасының, әкесінің, баласы мен бауырының өмірін сақтап қаламыз. Біз осы әрекетімізбен азаматтарды қан тапсырып, көмек көрсетуге шақырамыз. Әр адам осындай қиын жағдайға тап болуы мүмкін», - деді ол.

Айта кетейік, қыс басталғаннан бері волонтерлер ардагерлерге, зейнеткерлер мен жалғызбасты аналарға аулаларын тазартуға қолдау көрсетіп келеді. Алғыс айту күніне орай «Ардагерлерге мың алғыс» жобасы аясында ардагерлерге азық-түлік себеттерін таратуда.

Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының дәрігері Айдос Кенжиннің айтуынша, орталыққа күніне 100-ге жуық адам қан тапсыруға келеді.

«Біздің орталыққа күніне 100-ге жуық адам донор ретінде қан тапсырады. Соңғы екі жылда донацияға қатысушы адамдар саны көбейді.  Атап айтсақ, 2018 жылы 34 мыңға жуық, ал 2019 жылы 35 мыңға жуық адам қан тапсырды. Медициналық тексерістен өткен адамнан стандарт бойынша 450 мл қан 10-12 минутта алынады. Содан кейін қан  құрамы зертханалық тексерістен өтіп, карантинге жіберіледі. Бірақ бір айдан кейін донор мүмкіндігінше қайта келіп қан тапсырып кеткені дұрыс», - деді орталық дәрігері.

Айта кетсек, акцияға қосылғысы келетін тұрғындар қан тапсырар алдында ішімдік, шылымнан бас тартып, медициналық дәрілерді қабылдамаған жөн. Сондай-ақ донация күні жеңіл түрде тамақтануы қажет.

 

Egemen.kz

Ұқсас жаңалықтар