ҚР Президенті қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады

7


ҚР Президенті қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат — ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының Алғыс айту күнімен құттықтауы

Құрметті қазақстандықтар!

Баршаңызды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Елбасы белгілеген бұл мейрам – өзара құрмет пен сенімнің, мейірім мен ізгіліктің мерекесі.

Қазақ жұрты қиын-қыстау кезеңде амалсыз қоныс аударған миллиондаған адамның құтты мекеніне айналды. Олардың өздері де, ұрпақтары да жерімізден пана тауып, өсіп-өніп, Қазақстанның дамуына зор үлес қосты.

Бұл күні біз елді өркендететін тату тіршілік пен жарасымды сыйластық жолындағы ниетіміздің тоғысқаны үшін бір-бірімізге алғыс айтамыз.

Тәуелсіздік кезеңіндегі табыстарға береке-бірліктің арқасында ғана қол жеткіздік. Бұл – егемен еліміздің баға жетпес байлығы.

Сондықтан бұл қастерлі құндылықтар әрдайым айнымас темірқазығымыз болып қала береді. Ішкі саяси тұрақтылық – әрбір қазақстандықтың зор жауапкершілік пен белсенділік танытуының нәтижесі.

Еліміздің барлық азаматтарына Қазақстанды дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі үшін шынайы ризашылығымды білдіремін.

Әр отбасына амандық пен игілік тілеймін!

kazinform.kz

Comments are closed.