«АУЫЛҒА АҢСАРЫМ АУЫП ТҰРАДЫ»

«АУЫЛҒА АҢСАРЫМ АУЫП ТҰРАДЫ»
ашық дереккөз
«АУЫЛҒА АҢСАРЫМ АУЫП ТҰРАДЫ»

деді неміс ұлтының өкілі, Талас ауданы Ойық ауылында туып-өскен Андрей Греб бізбен телефон арқылы әңгімесінде

Еліміз тәуелсіздігін жариялаған соң кейбір ұлттың өкілдері өздерінің тарихи отандарына қоныс аударды. Алғыс айту күні қарсаңында солардың бірі – Талас ауданы Ойық ауылында тұрған неміс ұлтының өкілі Андрей Гребпен «WһatsApp» әлеуметтік желісі арқылы бейнебайланысқа шығуға тәуекел еттік.

– Ассалаумағалейкум, Андрей! Отбасың аман болар? Жастық шағың туралы, мектепте бірге оқыған достарың туралы бір ауыз сөз... – Аманбыз, өздеріңіз қалайсыздар? Ел аман ба? Менің жатсам-тұрсам тілейтінім, қазақстандықтардың, туып-өскен Ойық ауылындағы қазақ бауырларымның амандығы. Мен қазақ болып кеткен неміспін. Сол ауылдағы қазақтың кемеңгер ұлы Дінмұхамед Қонаев атындағы орта мектепті 1982 жылы бітірдім. Бізбен бірге оқыған ұл-қыздар қандай еді, шіркін! Сережа, Гүлжан, Гүлсім, Сейіт, Набира, Базарбек, Нағима, Ләззат, Мәскеуде тұратын Сара және басқа да ұл-қыздармен достығымыз әлі күнге үзілген жоқ.

– Мектептен кейін жоғары оқу орнына бардың ба, жоқ әлде жұмысқа тұрдың ба? – Жоғарыдағы кластас-достардың көбі оқуда озат болғанымен, мен оқып оңдырған жоқпын. Бала кезімнен кеңшарда жүргізуші болып еңбек ететін әкемнің автокөлігін талай рет ұрлап айдап кеткенім бар. Жас кезімде тентектігім де болды. Қазір білмеймін, ол заманда балалар бір-бірімен түске дейін төбелесіп, түстен кейін құшақтасып бірге жүре беретін. Әкем жарықтықтың Ойық руының ішінде Қызылқұрт атасынан достары көп болды. Ойын баласы кезімде үлкендер жағы: «Әй, сары бала, осы сен қай атаның баласысың?» дейді, тілімді қызық көріп. «Мен қазақтың баласымын, Ойықтың Қызылқұртымын» деймін. Ол сөзіме ауылдың шалдары қырантопан болып күліп жататын. Содан жастық шағымнан техникаға құмарлықтан жүргізуші болып еңбек жолымды бастадым. Ауылдағы су шаруашылығы мекемесінде жүргізуші болдым. Ауызсу жеткізіп, талай жерде болдым. Жал өңіріндегі малшылардың қыстауларына жиі қатынаймын. Қай қазақтың болмасын дастарханы жиналмайтын. Алыстан жақыны келгендей құшағын жайып, қарсы алушы еді мал баққан жұрт. Біз келісімен екі иығынан демалған сары самаурынды әкеледі. Шөл қандырып болғанша қазанға түскен ет бүлкілдей бастайтын. Сарыарқадағы мал жайылымдарында талай шарладым. – Германияға қашан қоныс аудардыңдар, сені туған ауылыңа жиі келіп тұрады дейді ғой? – Германияның Виддерн қаласына 1992 жылы көшіп келдік. Тарихи Отанымыз болғанымен, бұл жақтың тыныс-тіршілігіне үйрену қиын болды. Дегенмен қазақта «Үш күннен кейін көрге де үйренесің» деген сөз бар ғой. Одан бері 28 жыл өтті, қазір Еуропадағы өмірге де қалыптастық. Мен үлкен жүк көлігін айдаймын. Талай мемлекетте болдым. Қазақтай дана халықты көргенім жоқ. Қазақтың мейірімі, қонақжайлығы, бауырмалдылығы қандай! Қазір кіндік қаным тамған Ойық ауылы түсіме жиі кіреді. Екі жыл болды бара алмадым. Қазір ауылды аңсап жүрмін. 82 жастағы қарт анам қиын-қыстау кезде пана болған сол ауылды, замандастарымды бір көрсем арманым жоқ дейді. Қайдам, үлкен кісі жолға жарай ма. Ал өзім, Алла қаласа, биыл жазда отбасыммен баруға ниет етіп отырмын. Өмірден өткен азаматтардың шаңырағына барып, бата жасасақ деймін. Достарыммен біраз күн Таластың бойында демалып, жанарып, жайнап жатқан Тараздың інжу-маржандарын тамашаласақ деймін. Осындай байланыс арқылы кластас-достармен жиі хабарласып тұрамын. Сөйтіп аз да болса сағынышты басамын. – Үстіңде қазақтың ұлттық киімі – шапаны, басыңда тақиясы... – Түрлі мәдени шараларда, той-думанда қазақтың ұлттық киімін киіп, әнін шырқап биін билейміз. Тіпті, кейде үйде жүргенде де киіп аламын. Айтпақшы, жыл басы әз Наурызды тойлауға дайындықты бастап та кеттік. Бұл бізде жыл сайын қалыптасқан игі дәстүр. Мен Сізді отбасыңызбен Наурыз тойына шақырамын, келіңдер. Біз осы күнге қазақтың арқасында аман жеттік. Сіздердің жасаған жақсылықты, қамқорлықты әркез еске алып, балаларымызға айтып отырамыз. Тәуелсіздіктеріңіз баянды болсын! Қазақ халқына мың алғыс! – Рахмет, Андрей!

Тараз - Виддерн (Германия) - Тараз.

Амангелді Әбіл

Еңбегі жемісті адамның өмірі келісті Тұрмаханбет ҚАЗАҚБАЙ Көпұлтты әулет Қандай да бір ұлт немесе ұлыс болсын бауырына басып, төріне шығарып, өзіне жақын тартқан, көңілі дархан халқымыздың қадір-қасиетін ардақ тұтып, қыз алысып, қыз берісіп құда-жекжат, дос болып, етене араласып кеткен өзге ұлт өкілдері елімізде жетерлік. Мысалы, Ұлы Отан соғысында әскери ұшқыш болған нағашым Мелдебек Жантелиев 1944 жылы әуедегі ұрыста ұшағына оқ тиіп, парашютпен секіргенде Польшаның бір елді мекеніне сәтсіз түсіп, аяғын сындырып алған. Сол жерде оған бір поляк қызы көмекке келеді. Ол жараланған ұшқышты үйіне алып барып, күтім жасаған. Қысқасы соғысқа жарамсыз деп қайтарғанда Варвара есімді сол қызды ауылға бірге ертіп келіп, отбасын құрады. Одан кейінгі нағашым Болысбектің әйелі Лида қарашайдың қызы еді. Олардың бәрі қазір өмірде жоқ. Дегенмен артында қалған әр салада жұмыс істейтін ұл-қыздарынан өрбіген немере-шөберелер қазақстандықтардың санын арттыруда. Міне, осыларға ұқсас бір отбасын бүгінгі әңгімеге арқау еткенді жөн көрдік. Тараздық теміржолшы Мұстафа Машрапов та ұлты қазақ болғанмен интернационалды әулеттің ұрпағы. Анасы Анна Андреевна неміс қызы болса, әкесі Әміребектің шешесі Урзапияның ұлты – татар. Ал өзінің жұбайы Сағынбүбі қырғыз қызы. Медицина саласының ардагері Сағынбүбі Жетпісқызы қырғыз бен қазақтың көп жағдайда ұқсастығынан да болса керек, қазақтың тілі мен ділін, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын бойына сіңіргені соншалықты оның кейде: «Өзімнің қырғыз екенімді баяғыда ұмытып кеткенім, қазақтардың жақсылығынан ғой» деп әзілдейтіні бар. Ол зейнетке шықса да қырғыз, қазақ және орыс тілдеріне жатық екенімен қоймай, қазір ағылшын тілін үйрену үстінде. Теміржолшы Мұстафа Әміребекұлымен жақын араласуымызға оның ақындық, өнерге жақындық қасиеті себеп болған. Бүгінде екі бірдей жыр жинағының авторы кезекті үшінші кітабын жазуда. Мұстафаның өлеңдері жергілікті басылымдарда оның ішінде «Aq jol»-да да арагідік жарияланып тұрады. Ынталыға жұмыс табылады Дидарласу үстінде Сағынбүбі: «Тұңғыш Президентіміз Назарбаев ел экономикасы мен халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, жұмыссыздықты азайту мақсатында орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысуға жол ашып берді емес пе?! Оған қоса сол кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл бөлініп, кезкелкен пайдалы іспен айналысуға еркіндік берілді ғой. Осындай мүмкіндіктерді неге пайдаланбасқа?! Бойда қуат барда зейнетке шықтым деп қарап отыру жараспас. Ендігі жерде өзім бұрыннан қызығатын істермен шұғылданбақшымын» деп, өз ойын ортаға салған еді. «Сонда нақты қандай істермен айналыспақсыз? Осылар туралы ашып айтсаңыз» деген сауалымызға ол: – Негізі екі бағытта – қолөнер бұйымдарын жасау және гүл өсірумен айналыспақпын. Бала күнімнен бастап Гүлайым есімді әжемнің кілем тоқып, сырмақ сырып, жіп иіріп, тері илеп, қасқыр, түлкі ішік, қой терісінен тон тіккенін көріп өстім. Дайындау тәсілдеріне зер салып, жүн бояуды да үйреніп, тәжірибе жинақтадым. Әзірге жасаған бұйымдарымның көбі сыйлыққа кетіп жатыр. Сатуға шығарған жоқпын. Дегенмен біраз ұлттық қолөнер бұйымдарымды орталық алаң маңындағы Қолөнер және туризм орталығының көрме залына шығармақ болғанымда ондағылар бұйымдарымды сатуға көрмеге қою үшін заңды тұлға болуым шарт екенін айтты. Алла қаласа алдағы уақытта жеке кәсіпкерлік ашып, заңды тұлға ретінде тіркелсем деймін. Облыстық «Аq jol» газетінің тұрақты оқырманы болғандықтан әр нөмірін оқып шығамын. Осы жылғы 20 ақпан күнгі 20 нөмірінде жарияланған «Жамбыл ұрпақтары жырлайды» атты мақаладан бес бірдей айтыскеріміздің облыс намысын қорғауға жолдама алғанын оқып қуанып қалдық. Сондай-ақ мақаладағы айтыскер ақын Есет Досалының: «...Таразға кіргізетін төрт қақпаға, Жамбылдың өлеңдерін ілу керек. Өңірімізге келетін әрбір қонақ, Қайда келе жатқанын білу керек», деген жыр жолдары маған да ой салып, қиялыма қанат бітірді. Таразға кіретін сол қақпалар Жамбыл атамыздың өлеңдерімен қатар, ұлттық нақыштармен де безендірілсе, өлең сөздер мән, ою-өрнектер сән беріп тұрар еді. Облысымыздың бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамаларына іштей риза болып, сүйсініп едік. Енді сол кісінің бастамалары жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Халқымыздың ұлттық өнері мен Тараз тарихынан сыр шертетін көріністер көп болса, келген туристер мен басқа да қонақтардың ертегілер елінде жүргендей сезініп, жақсы әсер алары сөзсіз, – деді. – Үйлеріңізге кіреберістен бастап-ақ жеміс беретін мәуелі ағаштар мен қолдан жасалған аққу пішініндегі гүл егілген астаушалар мен ертегі кейіпкерінің және ит пен мысықтың мүсіндеріне көз сүрінді. Шеберханаңызға кіріп, жапон шиесінің гүлдеген кезіндегі «Сакура», «Раушан» сияқты өз қолыңызбен жасалған дүниелерді көргенде еріксіз таңдай қағып, тамсанғанымыз рас. Ал аула мен бау-бақшаңыздағы кейбірі әлден-ақ бүршік жара бастаған тірі гүлдерге байланысты жалпы, гүл бағбандығы туралы айтсаңыз, – деген сұрағымызға Сағынбүбі: – Гүлге деген махаббатым мектеп қабырғасында жүргенде-ақ оянған. Осы күнге дейін үй іші және бақшамызда гүлдердің бірнеше түрін өсіріп келемін. Олар ерекше күтімді қажет етеді. Кейде тіпті гүлдермен адам сияқты тілдесемін. Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласына барғанымда «Хан Шатыр», «Керуен» сауда орталықтары мен «Бәйтерек», министрліктер үйі аулаларындағы «Миксборд» яғни гүлдер шоғырын араластырып егу тәсілі маған қатты ұнады. Олардың жарасымдылығын өзіме үлгі етіп алдым. Тараздағы Кардиология медициналық орталығындағы гүл отырғызу үлгісі, оның күтімі мен жасалу ерекшелігін осы мекеменің басшысы Сейітхан Жошыбаевтың ізденуінің арқасы деп білемін. Меніңше, дәл осындай тірі гүл түрлерімен көмкерілген орны бар басқа мекеме немесе ғимарат қаламызда жоқ, – деді. Тауық өсіруді табыс көзіне айналдырмақ Осы шаңырақтың отағасы, әсілі көп сөйлемейтін салиқалы салмақты болмысы бар Мұстафаны да сөзге тарттық. – Мен де зейнетке шыққан соң қазір қолда бар тауықты көбейтіп, кәсіп етсем деймін. Өйткені осы отыз тауығым айына 300 жұмыртқа беруде. Ал күн жылып, жаз шықса бұдан анағұрлым көп жұмыртқалайтыны белгілі. Отыз тауықтың азығына ай сайын 7-7,5 мың теңге кетеді. Дегенмен өзін-өзі ақтайтын болғандықтан келешекте тауық санын 150-300-ге жеткізуді көздеп отырмын. Үй тауықтарының қауырсын мамықтары мен етінен бөлек жұмыртқасының пайдасы мол екені белгілі. Бір айта кетерлігі, біз Сағынбүбі екеуіміз кәсіпкерлікті ешқандай несие алмай бастап отырмыз, – деп сөзін қысқа қайырды. Тағдыр қосқан талантты да қабілетті жандар осылайша бір шаңырақ аясында бес бала тәрбиелеп өсіріп, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Зейнетке шықса да бейнетке бейім осынау жандардың талаптары мен талпыныстары өзгелерге үлгі боларлықтай емес пе?! Тараз қаласы. ХХ ғасырда Қазақстанда көпэтносты халық қалыптасты. Столыпин реформасы кезіндегі шаруаларды қоныстандыру барысында Қазақстанға Ресейден, Украина мен Беларусьтен 1 миллион 150 адам келді. 30-жылдары ұжымдастыру кезінде бұрынғы КСРО-ның орталық өңірлерінен тәркілеуге түскен 250 мың шаруа жер аударылды. Осы уақыттары өнеркәсіп нысандарының құрылысына 1,2 миллион адам келді. Сталин режимі кезінде тұтастай бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың корей отбасы Қиыр Шығыстан жер аударылды. Оларды тауар вагондарына тиеп, қақаған қыста ашық далаға әкеп тастады. Ол кездері мұнда тек қазақтар ғана тұратын. Өздері жоқшылықта отырса да, қазақ отбасылары оларды үйлеріне кіргізді. Солардың бірі біздің үй болатын. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев   Бүтінді бөліп, жартыны жарып жедік – Кавказдан Қазақстанға жер аударылғанда мен бар болғаны 5 жаста едім, – деп бастады сөзін Элла. – Оң мен солын тани қоймаған маған басқа жаққа көшу қызық көрінді. Сондай ығы-жығы, сапырылысқан сәттің бір күнінде әкемнен: – Әке, біз қайда барамыз? Тұрған жеріміз жақсы емес пе, мұнда достарым бар. Жаңа жерге барғанда мен ешкімді танымаймын, жалғызсыраймын ғой, кіммен ойнаймын? – дегенде әкем: – Қызым, басы аман, дені сауға ойын да, ойнайтын бала да табылар. Біз Қазақстанға, қазақ деген елге барамыз. Естуімше, ол жақтың жері қандай кең болса, халқының пейілі де сондай кең екен. Соған қарағанда, құт-береке дарыған, бақытты мекен болса керек, – деді. Жер аударылғандарды бір түнде жабық вагонға қойша тоғытып салғаны еміс-еміс есімде. Анам аурушаң жан еді, әкемнің сүйемелдеуімен вагонға зорға мінді. Үстінде жылы тон, белін жалпақ белбеумен байлап тастаған. Басында қос қабат жүн орамал. Кезек маған келгенде қоймай әбден жылағаным есімде. Әкем бәйек болып, біразға дейін жұбата алмай, әуреге түсті. Әлден соң маған: – Қызым, қорықпа, жері де жылы, адамдарының жүрегі де жылы халықтың арасына барамыз. Мына көрген қиындық пен қысастық бір күнгідей болмай, әлі-ақ өте шығады. Бәрі жақсы болады, – деді. Ырғалып-жырғалып, бір жүріп, бір тұрып екі апта дегенде қазақ топырағына табанымыз тиді-ау, әйтеуір. Осы азабы мол ауыр сапарда отбасымызбен қатты қиналдық. Қазақстанға табанымыз тиген соң арып-ашып келгендерді әр үйге бөліп-бөліп тастады. Бағымыз бар екен, жаны жайсаң, «өзіме болмаса да, өзгеге болсын» дейтін жақсы адамдардың ортасына түстік. Бір үйлі жан өздерінің көптігіне қарамастан, ортасы бөлінген қоржын тамның бір жағын бізге босатып берді. «Бір үзім нанның қадірін ашыққанда білерсің, жақсы адамның қадірін тарыққанда білерсің» демей ме? Әкем тынымсыз, еңбекқор жан болатын. Көктем иісі білінісімен ауыл шетінен жер алып, үй тұрғызуға кірісті. Өзі кірпіш құйып, оны кептіріп, қалады. Жергілікті қазақ халқы біркісідей асарлатып, туған бауырларындай қолұшын созып, көмек берді. Адамның жақсы ісі әркез көзге көрініп тұрады ғой. Әсіресе Кавказдан күштеп қоныстанғандар әкемнің жақсы бастамасын үлгі тұтты. Содан біз үй салған тұстан әрмен қарай көшіп келген шешендер, гректер, қарашайлар, балқарлар, осетиндер, әр ұлттың өкілдері жаппай үй сала бастады. Ол көшені «Интернационалистер көшесі» деп атадық. Талайды тағдыр тоғыстырған бұл көше кейіннен «Дружба» деп аталды. Ал бүгінде «С.Мұқанов» көшесі. Әкем өз елінен көрген қысастықтары жанына қатты батты ма, көп ұзамай бақилық болды. Ал аяғына әзер ілініп келген ауру анам қазақтың құнарлы қара топырағының киесі, жаны жомарт жандардың шапағат, мейірімі болар, еңсесін көтеріп, аяғына тік тұрды. Өзім тағдырымыз жарасып, кәріс жігітіне тұрмысқа шықтым. Шүкір, бүгінде келін түсіріп, қыз ұзатып, олардан немере көріп отырған жайым бар. Жиі-жиі өткен күнді еске алып, мына мамыражай заманда ғұмыр кешкеніме шүкіршілік етемін. Бүгінде ауылдастарымызбен бүтінді бөліп, жартыны жарып жеп жүрміз. Қазақтың наурыз, ораза, құрбан айт секілді ұлттық діни мерекелерін барлығымыз бірге тойлаймыз. «Ырыс – ынтымақта, береке – бірлікте» екенін ұмытпағанымыз абзал. Қазақта «Ырысы бар үйдің қазаны қайнап тұрады, ырысы қашқан үйдің қазаны қаңырап тұрады» дегенді әркім, әркез есте сақтағаны ләзім». Күнде таңертең Элла ешкілерін алаңқайға айдап шығады. Түс әлеті тақаған кезде ашатұяқтыларын тойдырған соң үйіне қайырмалай бастайды. Бұл бір күн емес, күнде осылай қайталанады. Ешкілері де бұған көндігіп кеткен. – Элла, осы сенің үйіңде айналысатын шаруаң жоқ па, әлде үйде отыра алмайсың ба, ылғи ешкілеріңнің соңынан қалмайсың? – деп, бір жағы әзіл, бір жағын қалжыңға сүйеп, жорта сұраймыз. Онда ақ ешкілі әйелдің жауабы дайын тұрады. – Қанда бар нәрсе ешқашан қалмайды. Менің өзім де, ешкілерім де уақыт кестесімен жүріп дағдыланып кеткенбіз. Пірі Сексек ата болып саналатын бұл асыл тұқымды жануарлар жақсы күтімді қажет етеді. Бұлардың бір ерекшелігі, шөпті таңдап, талғап, өзіне қуат беретінін ғана теріп жейді. Ана сүтімен пара-пар бұл ешкінің сүтімен үйдегі 100 жасты алқымдаған анамды асырап отырмын. Бұған қоса, жастайынан ешкі сүтін ішіп жүрген немерелерім де анау-мынау ауру-сырқауға бой алдырмай өсіп келеді, – дейді ол. Көршіміз Элла таныс болсын, бейтаныс болсын, сәбилеріне ешкі сүтін сұрап келгендердің ыдысын бос қайтарған емес. «Бала жерде жыласа, көкте періште қайғырады» дейді. Алдымен сәбилер сау болсыншы» дейді ондайда Элла Шрайдер. Серік БАЙШУАҚҰЛЫ. Тараз.   Қазақтардан қонақжайлықты үйрендім Біз 1993 жылдың мамыр айында бір топ әріптестеріммен Қазақстан атты ғажайып елге жұмыс бабымен бардық. Он адам Жамбыл облысының Байзақ ауданы Сарыкемер ауылына орналастық. Онда мен жергілікті қазақ отбасының үйінде 3 ай бірге тұрдым. Мені ең таңғалдырғаны, халқының соншалықты кеңпейілдігі. Олар бізді туыстарындай қарсы алды. Қонақ бөлмелерін босатып беріп, төрін ұсынды, дәмді тамағын алдымен біздің алдымызға қойды. Тіпті көршілері бізді қонаққа шақырып, бірінен соң бірі дәм татқызды. Сонда жеген ет деген ұлттық тағамның дәмі әлі аузымнан кетпейді. Америкаға оралған соң сол тағамды жасап көрдім, Қазақстанда жеген еттің дәміне жетпеді. Бірақ осындағы өзімнің туыстарым сүйсіне тамақтанды. Қазақстанның табиғатының сұлулығын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Біз барған Байзақ ауданының жол бойы жасыл желекке оранған. Жолдың екі жақ беті ағаштар аллеясы. Ауасы қандай таза, табиғаты соншалықты көркем, адамдары да дәл сондай. Біз олармен бір-біріміздің тілімізді түсінбесек те, жүрекпен ұғынысқандай едік. Жергілікті тұрғындардың тарапынан сондай жылылық пен мейірімділікті сезіндік. Мен мұндай ұлтты әлі күнге дейін кездестірмедім. Біз түскен Әлімқұловтар отбасының балаларымен де тіл табысып, оларға ағылшын тілін үйреттік. Әлі есімде, сол кезде ол үйдің үлкен қызы 9 жаста, одан кейінгісі 7, ең кішісі 5 жаста болатын. Еліме келгеннен кейін де мен оларға хат жазып, жауап хат алдым. Олардың бізге деген құрметінің кішкене ғана қайтарымы болсын деп біраз уақытқа дейін балаларға ойншық, киім-кешек жіберіп тұрдым. Кейіннен отбасылық жағдайларға байланысты мен хабарсыз кеттім. Ең қызығы, арада 20 жылдай уақыт өткенде электронды поштама Қазақстаннан хат келіп тұр. Тегі Әлімқұлов деп көрсетіліпті. Бірден таныдым. Сол жылдары мен ағылшын әріптерін үйреткен сол кездегі 5 жасар ұл мені іздеп тауып, хат жазып тұр. Қатты толқыдым. Қазақтармен өткен сондай ыстық шақ ойыма қайта оралып, қимас сезімге бөлендім. Онда өткізген үш айым менің өмірімдегі ең мәнді де мағыналы уақыттың бірі болды деп есептеймін. Себебі мен ол жақта мейірімге бөлендім, қонақжайлықты үйрендім. Мына жалғанда адам өміріндегі ең маңыздысы тек сол қасиеттер екенін түсіндім. Қазір технологияның дамыған заманы ғой, әлі күнге дейін хабарласып тұрамыз. Олар мені үнемі Қазақстанға қонаққа шақырады. Жолым түссе тағы бір рет барып қайтсам деген арманым бар. Sandi Pesha, АҚШ, Айова штаты.    

Ұқсас жаңалықтар