Халық санағы қағазсыз өтеді

Халық санағы қағазсыз өтеді
ашық дереккөз
Халық санағы қағазсыз өтеді
Биыл елімізде Ұлттық халық санағы жүргізіледі. Техникалық жағдайларға байланысты бір жыл кешігіп атқарылғалы отырған ауқымды іс-шара бұрынғы кемшіліктерді қайталамайды. Сондай-ақ санақты қағазсыз жүргізу қарастырылған. Халық санағы шартты екі кезеңнен тұрады. 1-30 маусым аралығында өтетін дайындық кезеңінде интервьюерлер тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлардың, құрылыстардың, сондай-ақ ондағы тұратын тұрғындардың нақты санын анықтау мақсатында әрбір елді мекенді аралап шығады. Яғни бұл кезде санақтық аудандастыруға дайындық жүргізіледі. Ал санақтық аудандастыру дегеніміз – өңірдегі әрбір елді мекеннің аумағын санақтан өткізу үшін нұсқаушылық және есептік учаскелерге бөлу. Облыстық статистика департаментінің басшысы Сырым Мәдиевтің айтуынша, санақтың негізгі кезеңі қазан айының 1-і мен 30-ы аралығына жоспарланған. Алғашқы 15 күнде интернет-сауалдама жүргізіледі. Бұл жолғы халық санағының ерекшелігі, қағазбен жұмыс істеу болмайды. Екінші ерекшелік, интервьюерлерді үйіне кіргізуді қаламайтын адам sanaq.gov.kz арнайы сайтына кіріп, санақ парақтарын өз бетімен толтыра алады. Бұл өте ыңғайлы. Халыққа сауалдама жүргізу барысында респондентті сәйкестендіру үшін азаматтың ЖСН-і пайдаланылады. Сауалдама аяқталғанда халық санағынан өткені туралы анықтама беріледі. Еліміз бойынша халық санағын өткізу кезеңінде уақытша санақ персоналы ретінде (нұсқаушы-бақылаушылар, интервьюерлер) 32,5 мың адам жұмысқа тартылмақ. Санақ жүргізетін азаматтарға қойылатын талаптар: бастамашыл, жауапты, тез тіл табысқыш, 18 жастан асқан Қазақстан азаматы болуы керек. Жұмыс өтілі мен кәсіби біліміне талаптар қойылмайды, тек планшетпен жұмыс істей білуі керек. 30 күнге қызмет көрсетілген кезде дайындық кезеңінің интервьюеріне 75743 теңге, негізгі кезең интервьюерлеріне 94 678 теңге төлеу жоспарланған. Ал 45 күн қызмет еткен дайындық және негізгі кезеңдердің нұсқаушы-бақылаушысына 113 614 теңге ақы төленеді екен. Тұрғын үйлерге барған кезде интервьюерлерде халық санағының логотипі бар куәлік, сөмке, шарфтың болуы міндетті. «Aq jol-Aqparat».

Ұқсас жаңалықтар