Ауыл әкімдері заңды білмей ме?

Ауыл әкімдері заңды білмей ме?
ашық дереккөз
Ауыл әкімдері заңды білмей ме?

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

«Заң білмеген зардап шегеді». Қарапайым еңбек адамының өзі білуі тиіс бұл қағиданы өкінішке қарай, ауылдық округ әкімдері әлі күнге білмейтін сыңайлы. Әлде біле тұра, өздерінің заңсыз әрекеттерін ақтап аларлық басқа сылтау таппады ма, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстағы Әдеп жөніндегі кеңес отырысында кей әкімдер осылай ақталғандай болды. Нақтырақ тоқталсақ, Қордай ауданы, Сарыбұлақ ауылдық округінің әкімі Бақдәулет Садырбаев Сарыбұлақ және Қайнар ауылдарына 9 көше орындығы мен 10 қоқыс тастау жәшігін орнату үшін «Алтаир» ЖК-мен келісімшартқа отырады. Өткен жылдың 20 желтоқсанында жеке кәсіпкердің есепшотына келісімшартқа сәйкес, тиісті қаржы толығымен, 950332 теңге мөлшерінде аударылады. Алайда 31 желтоқсан күнгі тексеріс нәтижесінде 9 дана көше орындықтары қойылмағаны анықталған. Ал жұмыстар осы жылдың 5 қаңтарында ғана қабылданған. Яғни Б.Садырбаевтың тарапынан өз қызметтік міндеттеріне салғырт қарауы салдарынан жұмыстар уақтылы орындалмаса да қаражат толығымен аударылған. Ауылдық округ әкімі кәсіпкерден кепілдеме хат алғанын, ол жұмысты аяқтап беруге уәде бергенін айтты. Бір қызығы, Шу ауданы Қонаев ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Нұрмағамбетов те дәл осындай заңсыздыққа жол берген. Орталық саябаққа жүргізілген құрылыс жұмыстарының толық аяқталмағанына қарамастан тапсырыс беруші мердігердің шотына 452474 теңгені толығымен аударып, нысанды қолданысқа қабылдаған. Н.Нұрмағамбетов прокуратураға берген түсініктемесінде өз кемшіліктерін мойындап, мердігердің кепілдеме хатына сеніп, қаражатты аударғанын жеткізді. Оның үстіне, құрылыс нысанында 2 жұмысшы ғана болғандықтан, 16 күнде бітуі тиіс жұмыс баяу жүріп, мерзімі ұзарған. Сол аралықта ауа райы суытып, шамамен 60 шаршы метр жерге тақтатас төселмей қалған. Әрі күннің суықтығынан жұмыс сапасы төмен болатынын ескере келе, оны уақытша тоқтата тұруды ұйғарған. Нәтижесінде есімдері аталған екі әкімге де қызметтеріне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілді. Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысының күн тәртібінде сондай-ақ Сарысу ауданы әкімі аппараты Әдеп жөніндегі уәкілінің, облыстың тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті Әдеп жөніндегі уәкілінің 2019 жылдың қорытындысы бойынша атқарған жұмыстары тыңдалды.

Ұқсас жаңалықтар