Қыр төсіндегі қарбалас жұмысқа дайын

Қыр төсіндегі қарбалас жұмысқа дайын
ашық дереккөз
Қыр төсіндегі қарбалас жұмысқа дайын

Бүгінде топырақ бусанып, шаруалар қыр төсіне шығатын сәтті асыға күтуде. Диқандар дән себуден бастап, астықты жинағанға дейінгі бар жұмысты атқаратын техникаларын қыста дайындап қойған. Техникасын жаңартқандар да баршылық. Дегенмен мол өнім алуға бір техниканың дайындығы жеткіліксіз. Бұдан бөлек, шаруаның егіске тыңайтқыш сіңіруі, зиянкестерге қарсы жүргізген залалсыздандыру жұмыстары, жоғары сұрапты тұқым себуі мен күтіп-баптауына да байланысты. Шулық диқандар биылғы егіс науқанын әдеттегідей жан-жақты дайындықпен бастағалы отыр. Шаруалар жанар-жағармаймен қатар егетін тұқымын да тап-тұйнақтай етіп әзірлеп қойған. Шаруалардың айтуынша, көктемгі дала жұмыстарын атқару үшін жыл сайынғы дайындық жұмыстары кезінде жанар-жағармай мәселесі көлденең шыға келетін. Диқандарды оның бағасының қымбаттығы да қинаған кездер болыпты. Бірақ биылғы дайындық тіптен бөлек. Көктемгі дала жұмыстары үшін Шу ауданына 2400 тонна дизель отыны бөлінбек. Аудандағы егістік жер 135212 гектар алқапты құрайды. Биыл оның 134912 гектарына тұқым себілмек. Оның ішінде күздік бидай – 14900, жаздық арпа – 22000, дәндік жүгері – 1500, майлы дақылдар – 9770, көкөніс және бақша дақылдарын 18800 гектарға орналастыру жоспарланған. Жоғарыда атап өткеніміздей, шаруалар қажетті тұқыммен қамтылуда. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бақыт Бетпаевтың айтуынша, тұқымға қатысты мәселелер науқанға дейін шешімін таппақ. «Жаздық дақылдардан жүгері мен мақсарыға тұқым жетпей тұр. Дейтұрғанмен қолымыздағы 27 тонна дәндік жүгеріге жетпейтінін Алматы облысындағы «Балтабай» тұқым зауытынан алуды жоспарлап отырмыз. Ал мақсарыға қажетті 81 тонна тұқымды аудандағы «Kaz Iro Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен аламыз. Қосымша тұқым сатып алу үшін Алматы қаласындағы «Fair Trade Company» компаниясымен келісімшартқа отырмыз», – деді ол. Көктемгі дала жұмыстарына шығатын ауыл шаруашылығы техникалары да сақадай сай тұр. Атап айтсақ, 581 трактор, 219 соқа, 119 дәнсепкіш, 894 тырма, 11 қопсытқыш, 38 сыдырғыш және 7 тұқым дәрілегіш қыр төсіндегі қарбаласқа әзір. Бұдан бөлек, «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасы аясында алынған ауыл шаруашылығы техникалары да өз округіндегі науқанға қатысуға әзір.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар