Сарысу ауданындағы екі күндік жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мәдени-әлеуметтік нысандардың, өнеркәсіп және коммуналдық кәсіпорындарының жұмысымен танысты. Сондай-ақ жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарына құлақ түріп, өзекті мәселелердің шешу жолдарын сарапқа салды.Саудакент – 1997 жылға дейін ауданның әкімшілік орталығы болған. Ауыл аталған мәртебесінен айырылғаннан кейін онда бос қалған нысандар қатары көбейе бастады. Салдарынан ауылдық емхана мен аурухана біріктіріліп, бұрынғы орталық аурухана корпустарының бірі әлі күнге дейін пайдаланусыз тұр. Жергілікті билік оны аудан әкімдігінің қарамағына беру арқылы онда әлеуметтік мекемелердің бірін орналастыруды жоспарлап отыр.
Облыс әкімі аталған емдеу мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесіне назар аударып, ондағы емделушілердің жай-күйінен хабардар болды. Техникалық-шығармашылық мектебінде өткен ауыл тұрғындарымен кездесуде Б.Сапарбаев әлеуметтік саланы дамыту, алдағы басымдықтарды анықтау, жердің тиімді пайдаланылуын зерделеу, суармалы алқаптарды кеңейту, шаруа қожалықтарды ірілендіру, мал басын көбейту, шағын несие мен гранттар беру арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту ісіне айрықша көңіл бөлді. Аймақ басшысы барған келесі нысан – Жаңатас қаласы маңында орналасқан қуаты 100 мегаватт, құны 130 миллион АҚШ долларын құрайтын жел электр станциясы болды. Құрылысы қызу жүріп жатқан ЖЭС-тің бүгінде 20 жел қондырғысы орнатылып үлгерілген. Алдағы уақытта олардың саны 40-қа жетпек. Қазіргі таңда жоғарғы кернеулі электр өткізу желілерін тарту, KEGOC бірыңғай операторымен тиісті шарт жасасу шаралары аяқталған. Нысан іске қосылған кезде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Тиісті компания қуаттылығы дәл осындай болатын стансаның екінші кезеңінің құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Бердібек Сапарбаев қытайлық инвесторларға жобаны жүзеге асыруға қажетті жер телімін беруде ешқандай мәселе туындамайтынын баса айтты. Сондай-ақ аудандағы ресейлік «Еврохим-Тыңайтқыш» компаниясы минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт құрылысын жалғастыруда. Бұл орайда салынатын инвестиция көлемі 1 миллиард АҚШ долларын құраса, жоба жүзеге асқанда 900-ден аса тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Айта кетейік, Сарысу ауданындағы апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептердің мәселесі толығымен шешілген. Алайда педагог кадрлардың тапшылығы жоқ емес десек, Түркістан ауылындағы М.Әуезов атындағы мектепке атбасын бұрған облыс әкімі 23 штаттық бірліктің бос тұрғанынан хабардар болды. «Облысымызда педагогикалық жоғары оқу орны бола тұра, аудандар мұғалім тапшылығы мәселесін бастан кешуі орынсыз», – деді Б.Сапарбаев. Әшір Бүркітбаев атындағы ауылдық клубта аймақ басшысымен өткен кездесуде ардагер Сұлтан Әлиев елді мекенде қазақтар мен күрділердің тату-тәтті бірлікте өмір сүріп отырғандығын, өзінің үш келіні – қазақ қыздары екендігін жеткізді. Өңір басшысы жастар арасында бірлескен мәдени-спорттық шараларды көбірек ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Жаңатас қаласындағы бос тұрған көп пәтерлі үйлер – шағын шаһардың химиялық жағдайына байланысты туындаған мәселелердің бірі. 2010 жылдан бері қаладағы бос қалған 15 үй қалпына келтірілсе, тағы сондай төрт үйді жаңғырту жұмыстары өз кезегін күтуде. Облыс әкімі оларды жөндеу құнының тиімділігіне айрықша назар аударып, өткен жылы тұрғын үй кезегінде тұрғандарға арналып ашылған жатақхананың жай-күйіне қанықты. Өңір басшысы пәтер бағасы мен сапасына риза болған тұрғындардың ой-ұсыныстарын тыңдады. Жаңатас қаласын тазарту нысандарымен танысу барысында аудан әкімі Қанатбек Мәдібек кәріз желісін қайта жаңарту бойынша көп жылдық жобаның іске асу барысы туралы баяндады. Ол жоба ағымдағы жылдың мамыр айында аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ құны 2,6 миллиард теңге болатын тазарту құрылыстарын жаңғырту жобасы да жоспарда бар. Айрықша атап өтетін бір жайт, аудан орталығын абаттандыру жұмыстарының жүйелі түрде қолға алынғандығы. Атап айтсақ, ондағы шағын көлдің айналасына жайлы жағалау салу, сонымен қатар мұражай, шығармашылық мектебі мен киноконцерт залын соғу ісі көп ұзамай басталмақ. Сондай-ақ, мешіт маңайындағы аумақты жайластыру, екі көпір құрылысын жүргізу және қазақтың үш биінің мүсіндерін орнату жұмыстары да көзделуде. Бердібек Сапарбаев «Асыл тұз» тұз компаниясының қызметімен танысып, зауытқа қажетті 1,1 шақырымдық темір жол құрылысын салу ісіне көмектесуге уәде берді. Кәсіпорын үшін шикізат тасымалданатын жолды жөндеу мәселесі өзекті болып отыр. Осы қиындықтардың салдарынан зауыт жылдық қуатына толық шыға алмауда. Сондай-ақ аймақ басшысы «Yildirim Holding» компаниясының түрік инвесторларымен кездесті. Олар жылына 400 мың тонна кальцийленген сода шығаратын зауыт соғуға, өңір экономикасына 325 миллион доллар инвестиция салуға ниетті. Бұдан соң, облыс әкімі «Қаратау»ТКК орталық байыту фабрикасының өндірістік кешендеріне барды. Облыс басшысының аудандағы жұмыс сапары Жаңатас қаласындағы Мәдениет үйіндегі аудан активімен кездесуде түйінделді. Басқосуда жергілікті тұрғындар өңірдегі химиялық өндірістердің қоршаған орта мен адамдардың денсаулығына зиянды әсері, ауызсудың сапасы, азық-түлік бағасының қымбаттылығы, тұрғын үй қорын қалпына келтіру, мүгедектігі бойынша жәрдемақы төлеу мәселелерін көтерді. – Ауданның дамуына өз үлесін қосып отырған «Еурохим Тыңайтқыш» және «Қазфосфат» ірі кәсіпорындарының маңызы ерекше. Азық-түлік бағасы өсіп отырғанын жасыра алмаймыз. Өйткені өзімізден өндірілетін өнім аз. Осы орайда ауыл тұрғындары бірінші кезекте өзін де, облыс халқын да өз азық-түлігімен қамтамасыз етуге барынша атсалысуы тиіс. Әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларға белсенді түрде қатысып, төмен пайызды несиелер арқылы өз кәсіптерін ашуға талпыну керек. Біз өндіріс орындарының экологиялық нормаларды сақтауын, азаматтардың денсаулығын қорғауды қатаң бақылауда ұстаймыз. Бұл – биліктің негізгі міндеттерінің бірі. Мен әкімдерге халықпен жиі кездесулер өткізіп, азаматтардың сауалдарына құлақ түріп отыру керектігін баса айтқым келеді. Әкімдердің есептері құрғақ баяндама, бос уәдемен өтпеу керек. Ондай жиындарда маңызды мәселелер көтеріліп, өткір сұрақтарға толық жауаптар берілуі тиіс. Өз халқының алдына баруға қорқатын әкім – басшы бола алмайды! – деп түйіндеді аймақ басшысы өз сөзін.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Сарысу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Тұрғын үй бағасы тиімді ме?
- 12 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді