- Advertisement -

Желсіз түнде жарық ай

141

- Advertisement -

Ғұлама ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы,
композитор Абай құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы облысымызда ресми түрде басталды

Абай… Ол – әр адамның санасына нұр құйған жарық сәуле секілді. Ол – барша адамзаттың қамын ойлап, тереңнен ой толғаған ұлы жүрек иесі. Ол – қазақтың рухани көшбасшысы, даналығына табындырған, ақылына бағындырған данышпаны. Ол – ғасырлар өтсе де тат баспайтын – алтын қазына.«Баласағұн» орталық концерт залында «Желсіз түнде жарық ай» атты концерт-композицияны тамашалай отырып, біз осындай сезімге бөлендік, ой теңізінің толқынында тербелдік. Хакім Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының өңірде ресми түрде бастау алуына арналған салтанатты іс-шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында көрсетілгендей, мағынасыз іс-шаралардан гөрі тағылымдық мәні зор мәдени шараны көздеген ұйымдастырушылар ақын мұраларын жұрт жадында жаңғырту арқылы рухани жаңғыруды көздегені анық.

Концерт-композицияда түрлі деңгейдегі «Абай оқулары» байқауының жүлдегерлері, тіліміз басқа болса да тілегіміз бір, мақсат-мұратымыз ортақ дейтін жас жеткіншектер Абай жырларын, қара сөздерін жатқа оқуы – соның бір көрінісі. Атап айтқанда, кәріс ұлтының өкілі Дмитрий Пак, дүнген қызы Әмина Құрбанова, орыс ұлтынан Дінмұхамед (Владимирович) Қалыбеков, түрік ұлтынан Мұрат Ислам, орыс қызы Милана Крупник хакімнің мұраларын қазақша нақышына келтіріп, өте жатық жеткізгені жұрт көңілінен шықты.
Бұдан соң Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның қазақ ұлт аспаптар оркестрі Абайдың «Тор жорға» күйін орындаса, әншілер оркестрдің сүйемелдеуімен «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем Қаламқас» әндерін орындады. Дәстүрлі әншілердің орындауында «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ», «Е.Онегиннің Татьянаға жазған хаты», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» әндері де жүректерге жетіп, көрермендер көңілінен шықты. Жанатбек Қадыров әсем әнімен жүрек тербесе, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан «Ажардың ариясын» Әсел Уашева шебер орындады. Абайдың «Сегіз аяқ» әнін екі дауыста орындаған танымал әншілер Айгүл Мақашева мен Сұлужан Әбенованың әні де, сәні де жарасып тұрды. Оңал Азаматова шырқаған «Абай» әні тыңдаған жұрттың құлақ құрышын қандырғаны анық.
Облыстық қазақ драма театры сахналаған поэтикалық көріністер де көрерменнің көңілінен шықты. Абайдың (Асқарбек Сейілхан) «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңін толғана оқыған сәті, Абай дәуіріндегі бозбала мен бойжеткендердің бақытты сәттері, бозбала Абай мен жас ару Тоғжанның тағдырлары екі айырылар шақтағы соңғы кездесулері көрерменді толқытты. Бір сәтке Абай өмір сүрген кезеңде жүргендей әсер қалдырды. Осы сәттерді көпшілік Абай болып өкініп, Тоғжан боп толғанды десек, қателесе қоймаспыз. Абай мен Әйгерімнің арасындағы өзара сырласу, Әйгерімнің назын айтып, ғашығымен арадағы салқындыққа алаңдағаны, хакімнің оны жұбата алмай қиналғаны да шынайы. Концерт-композиция Құрмаш Махановтың «Дархан дала» (сөзі Мұхаммеджан Тазабековтыкі) әнімен түйінделді.
Мәдени іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне облыстық қазақ драма театрының актрисасы және режиссері Анар Сағымбекова, көркемдік жетекші Жандос Омаров үлес қосқан.
Бұл күні Тараз тұрғындары мен қонақтары фойеде орналасқан «Ежелгі Тараз» мемлекеттік қорық музейінің мерекелік жылжымалы көрмесін тамашалады. Жиналған көпшілік өнерпаздарға деген ризашылығын, ыстық ықыласын ұзақ қол шапалақтау арқылы жеткізді.
Ұлы Абай мерейтойының өңірімізде ресми түрде басталуына арналған жаңа форматтағы концерт-композиция соңында өнерпаздарға облыс әкімінің ықылас гүлі табыс етілді. Өңірімізде Абайдың мерейтойына арналған мәдени іс-шаралар легінің алғашқы қадамы осылай бастау алды.
Абай рухымен сырласқан, Абай әндерінен нәр алған, қара сөздерін қағида еткен кісінің адалдықтың ақ жолынан айнымайтыны, адаспайтыны ақиқат.

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support