- Advertisement -

«ҚазМұнайГаз» Экологиялық кодекс талаптарына сай құрылғыларға шығындалғысы келмейді

58

- Advertisement -

Бұл туралы бүгін басқарма төрағасының орынбасары Жақып Марабаев мәлім етті

Айта кетейік, бүгін Энергетика министрлігінің алқа мәжілісінде осы саладағы компаниялар 2019 жылғы жұмыстарын қорытындылап, алдағы уақыттағы жоспарларын жария етті. Баяндамасын коронавирус салдарынан мұнай бағасы арзандап кетті деп бастаған Жақып Марабаев жаңа Экологиялық кодекс ұлттық компанияның кәсіпорындарын шығынға батырады деп қауіптенеді.

«Қазір Парламент Мәжілісінің қарауында жаңа Экологиялық кодекс жатыр. «ҚазМҰнайГаз» экологиялық кодекстің талқылауына қатысып жүр.  Алайда,  экологиялық шаралар, озық қолжетімді технологияларға ауысуды ынталандыру сияқты бірқатар мәселелер әлі шешімін тапқан жоқ. Бұл мәселелердің астарында өндірістік нысандарды қайта өңдеу құралдарын түгелдей модернизациялау керек деген мәселе жатыр.

Сонымен қатар, айыппұл көлемдерінің айтарлықтай өсуі, мониторинг жасаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу  және тағы басқа жаңалықтар бар. Егер кодекс осы күйінде қабылданса, «ҚазМұнайГаз» жаңа қолжетімді технологияларға айтарлықтай қаражат салуға мәжбүр болады. Бұл табыс көлемін азайтып, кәсіпорынның дұрыс жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Тіпті, кәсіпорындардың (компанияға қарасты -авт) жұмысының тоқтауына әкеп соғуы мүмкін. Осыған байланысты, министрліктен біздің ұсыныстарымызды қолдауын сұраймыз», — деді ол.

Алқа мәжілісінен соң Жақып Марабаевпен әңгімелесуге тырысқан Азаттық рухы тілшінің сұрағына ол қысқа жауап берді. Оның сөзінше, компания Экологиялық кодексті жалпылама қолдайды. «Қоршаған ортаға зиян тигізуден аулақпыз» дейді Жақып Марабаев. Дегенмен, оның айтуынша, компанияның балансында ескі, үлкенді-кішілі кен орындары бар. Егер, Жақып Марабаев атап өткендей, өнім көп беретін жаңа кен орындарына жаңа технологиялар енгізсе, ол өзін ақтайды, ал, ескі әрі кіші кен орындарына жаңа технология сатып алу ұлттық компания үшін үлкен шығын.

«Сондықтан, біз талқылау кезінде өз ұсыныстарымызды айттық, бәріміз ақылдасып, дұрыс шешім қабылдау керек»,- дейді ол.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан 

azattyq-ruhy.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support