- Advertisement -

Сырты бүтін, іші түтін…

551

- Advertisement -

Қала мәдениеті туралы бүгін ғана айтылып отырған жоқ. Тіпті, керек десеңіз бұл жайында сан ғасырлар бұрын биыл 1150 жылдығын атап өткелі отырған әл-Фараби бабамыз да айтып кеткен.
Қай жылдары екені есімде жоқ, аудандарға іссапармен шығып жол бойында тұрған «Қоқыс дерті – ғасыр қасіреті» деген жазуды оқып, жаға ұстаған едік. Артынша облыстық тілдерді дамыту және жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары басқармалары оны жедел алып тастаған еді. Хош, енді қоғамдық көліктердің белдеуіне мынадай (суретте) көңіл қошын көтерер жазбалар жазып, бастама көтеріпті. Жақсы бастама. Бірақ…
Қоғамдық көлік жүргізушілері тым дөрекі. Құлағынан телефон, аузынан темекісі түспейді. Салондағы жолаушы біткен жүргізушінің бүкіл «проблемасын» естіп, қала берді ара-арасындағы анайы сөздерінен құлақтарын тарс жауып отырғаны. Жолаушыларға құлаққапты, міне, осында киіп отыру керек-ау. Ал оны киіп отырайын десе, аялдамадан өтіп кетемін бе деп алаңдайды. Аялдаманы алдын ала айтып, хабар беріп отырған да ешкім жоқ.
Екіншіден, арнайы киім үлгісі жоқ. Театрда – мәдениет киім ілгіштен басталса, қоғамдық көлікте де сондай мәдениет қалыптасу керек.
Үшіншіден, кондукторлардың тұрақсыздығы. Жиі ауысады. Мүмкін мұны тұрақты жұмыс орны деп қабылдамағандықтан болар. Ал әлгі, қоғамдық көлік бағыты бойынша ұйымдастырылатын тендер ме, басқа ма, сондай шараларға қатысатын тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындар осыны да ескеру керек қой. Тіпті, ұсынылатын конкурстарда кондуктор қызметі көрсетіліп, оның айлық-жалақысын анықтап алған жөн шығар. Олай болмаған жағдайда, кондуктордың тәртібі мен мәдениеті жайында сөз қозғаудың өзі артық. Белгілі бір ережеге бағынбаған қызметкерге не шара?
Төртіншіден, көлік ішінде қолқаны қабатын жағымсыз иіс бар. Таңертең қоғамдық көлік бағытқа шығар алдында техникалық тексеруден өтпейді. Иә, теңге табу бірінші орынға шыққан жерде, техникалық тексерудің қажеті қанша?
Бесіншіден, Тараз қаласындағы автобустар аялдамаларға бірінші боп жету үшін «аламан бәйге» ұйымдастырады. Онымен қоймай, жеңіл автокөліктерді оң жағынан (?) орағытып, апаттық жағдай туындатады. Ал қара түтіні будақтап жүргендері қаншама?
Қысқасы, тиісті басқарма қадағалайтын мәселе жеткілікті.

Ерман Әбдиев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support