- Advertisement -

«Қаралманың» қызығын қашан көреміз?

189

- Advertisement -

«Қаралма» тау-шаңғы базасы туристік кешені қашан іске қосылады?» деп алаңдап жүргендер көп. Айтулы базадағы спорттық кешендер ашылса, демалыс күндерін тауда өткізуге асығатындар көбейетіні анық. Жалпы бұл кешен қайда орналасқан? Онда туристік бағытта қысқы спорт түрлеріне әуес жандарды тартуға қандай мүмкіндіктер бар?
Алдымен осыған тоқтала кетсек. Бұл кешен теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте, Тараз қаласынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан. Тау шатқалы болғандықтан, қыста қар қалың түсетін жер. Сондықтан Батыс Тянь-Шаньның Талас Алатауында, «Қаралма» шатқалында «Қаралма» тау-шаңғы базасы» туристік аймағын құру жобасы қолға алынды. Жанынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі өтіп жатыр. Оған «Ішкі және кіру туризмін дамыту» жобасы аясында 4 миллиард 867 миллион теңге қаржы бөлінді.
Кешеннің орналасқан жерінің өзі қыс айларында қар жеткілікті болатындай мүмкіндік туғызады. Сондықтан бұл туристер мен демалушылар үшін таптырмас демалыс орнына айналады деген сенім мол. «Қаралмаға» барып, қарға сырғанап, сергіп қайтуға бұдан артық себеп те жоқ. Ал тау-шаңғы базасы аумағында барлық маусымдық курорттық жүктемені қамтамасыз ететін жазғы демалыс түрлері ұйымдастырылатыны келушілерді қызықтыра түссе керек.
Жобаның құрылысына 274 гектар жер телімі бөлінген. Бүгінде электр қуатымен жабдықталып, газ бен су құбырлары тартылған. Техникалық сипаттамалары бойынша арқан жолдың ұзындығы – 2050 метрді, ал жаяу жүруге арналған жолдың ұзындығы 300 метрді құрамақ. Кешеннің құрамына 20 коттедж, 100 орынға арналған қонақ үй, 70 орындық 2 мейрамхана, 30 орындық кафе, бақылау алаңы, сервис орталық, веложолы бар спорт мектебі, 100 автокөлікке арналған 2 автотұрақ, бассейн және басқа да сауда және ойын-сауық орындары кіреді. «Қаралма» тау-шаңғы базасы» туристік аймағының негізгі инвесторлары – «Альтаис» пен «ТаразСтрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.
Арқан жолдың жобалық-сметалық құжаттамасын ресейлік «Сноулифт» пен қазақстандық «RS Building» компаниясы жобалау ұйымдары әзірлепті. Олар бұл міндетті толық орындап та қойған. Ал қажетті жабдықтарымен қамту үшін әлеуетті жеткізуші ретінде Екатеринбург қаласындағы ресейлік «Сноупром» компаниясы таңдалған еді. Қазір тапсырыс түгелдей жеткізіліп те қойды.
– Бұл туристік аймақта туристерге спорттық және сауықтыру, мәдени және ойын-сауық қызметтерінің толық спектрі ұсынылады. Осы жобаны іске асырудың арқасында ішкі және кіру туризмі демалушыларының легінің өсуі орта есеппен 45 мың адамға жетеді деп күтілуде. Жобаны іске қосқан кезде туризмнің жалпы құны 43,2 процентке өсіп, тиісінше облыстың ЖӨӨ-дегі туризмнің үлесі 1,3 процентті құрайды, – дейді облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова.
Алматылық «Antal Group» компаниясы «Қаралма» тау-шаңғы базасы» туристік аймағының мейрамхана, кафе, сервис орталық, сүзгі өрістері мен қуат көзімен жабдықтау жүйелерінің құрылысы, газ және сумен жабдықталуының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлепті. Шымкенттік «City Engineering» ЖШС төменгі алаңға байланысты коттедждерді, ішкі инженерлік желілерді жобалаумен айналысуда.

Есет ДОСАЛЫ

Жуалы ауданы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support