Кәсіпорын қызылшашыларға қарызын қайтарады
Жуырда өткен облыс әкімінің есебі кезінде бір топ диқандар Меркі қант зауытына өткізген қызылшасы үшін төлемақысын ала алмай жүргені туралы мәселе көтерген болатын. Облыс әкімі осы мәселені сөзбұйдаға салмай, жедел қолға алды.
Меркі қант зауытының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер алдындағы берешегін өтеу мәселесі жақын арада шешілетін болды. Бұл туралы өңірдегі агрономдармен болған кездесу барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев хабарлады.
«Біз кәсіпорын басшылығымен кездестік. Қызылша өсірушілер алдындағы берешекті кесте бойынша өтеу бойынша келісім жүргіздік. Егер зауыт басшылығы өз уәдесін орындамаса, қатаң шаралар қолданатын боламыз. Қызылшашылар тәтті түбір егу жұмыстарын кедергісіз жүргізу үшін, берешек қаражатының бір бөлігі келесі айда беріледі деп жоспарлануда», – деді өңір басшысы.
Меркі қант зауытының бақылау кеңесінің төрағасы Нұржан Қайырбеков фермерлер алдындағы қарыздар толығымен өтелетінін жеткізді.
«Қазақстанда қант бағасының күрт төмендеуіне байланысты бізде де күрделі қаржылық жағдай қалыптасып, облыс диқандары алдында қарыз болып қалдық. Облыс әкімімен кездесуде берешекті кезең-кезеңімен өтеу жөнінде шешім қабылданды. Қарыздың бірінші жартысы келесі айда өтелетін болады, қалғаны сәуір айының алғашқы екі аптасында төленеді», – деді ол.
Оның айтуынша, аграршылар алдындағы жалпы қарыз 918 миллион теңгені құрайды.
Өз кезегінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өзекті мәселелерінің жедел шешілуіне ықпал еткені үшін өңір басшысына алғыстарын білдірді.
«Бүгінде біздің ортақ мәселеміз – қант зауыты тарапынан қарыздардың төленбеуі. Облыс басшысы біздің мәселені шешіп берді. Өңірдің қызылша өсіретін диқандары бұл шешімге ризамыз, алдағы уақытта қант қызылшасы саласын дамытуды, кеңейтуді жалғастыратын боламыз. Биыл мен 300 гектарға қант қызылшасын өсіруді жоспарлап отырмын. Алдағы уақытта кәсіпорындар бұл секілді келеңсіздіктерге жол бермейді деп үміттенеміз», – деді «Аспан Агро» ШҚ басшысы Саха Манатов.
Сондай-ақ облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиында өңірдегі шаруа қожалық басшыларының мәселелерін тыңдап, шешу жолдарын талқылады.
Кездесуде Қазақстанның Еңбек Ері, «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаев мал шаруашылығын дамытудағы мәселелерді көтерді. Ол алдымен кадр тапшылығын алға тартып, бүгінде қожалықта 120 жұмысшының орны бос тұрғанын жеткізді. Онда қызметкерлерге жақсы жалақы төленіп, тегін тамақпен қамтамасыз етілсе де, мамандар бір жылдан артық тұрақтамауда. Әсіресе механизаторлардың жиі ауысуы техниканың тез тозуына әкеп соғуда.
Сондай-ақ саладағы өзекті мәселелердің қатарында ахуалды іс жүзінде дұрыс бағамдай алмайтын ауыл әкімдерінің әлсіз жұмысы, жердің жетіспеушілігі, техника құнының қымбаттығы да бар. Айталық, бір комбайнның құны 85 миллион теңге десек, ол шығынды ақтау үшін басқа орындарда да жұмыс істеуге тура келеді. Сонымен қатар өнімді өткізудегі қиындықтар да өз алдына бөлек мәселе. Бүгінгі таңда қайта өндеушілер шаруаларға 500 миллион теңгеге жуық қарыз.
С.Дөненбаев шаруалар тек ауыл шаруашылығына шоғырлануы үшін дайын кеңселер жүйесін қайта құруды ұсынды.
Басқосуда «Түрікпен» агрофирмасының басшысы Бауыржан Әбілдаев Шу ауданының билігіне қатысты шағымын білдірді. Онда 2018 жылғы қазандағы конкурс бойынша жеңіп алған жерге мемлекеттік акті берілмеген. Кейіннен иесі белгілі жерге де конкурс ойнатылғаны анықталған. Енді әкімдік дұрыс емес мәліметтерді ұсынған жер қатынастары басқармасына айыппұл салмақ. Бердібек Сапарбаев заң бойынша шаралар қолданып, кінәлілерді жазалауды тапсырып, инвестордың тиісті жерге қол жеткізуін қамтамасыз ету керектігін баса айтты.
Сондай-ақ «Бурное сүт компаниясы» ЖШС директоры Әбдібек Пошкаев «Тараз» ӘКК-нен құны 500 миллион теңге тұратын құрал-жабдықтарды сатып алуға қолұшын беруді сұрады.
Ал Меркі ет комбинатының басшысы Берік Егембердиевтің айтуынша, кәсіпорын өнім көлемін бес есеге дейін арттыруға дайын, бірақ ол үшін 40-50 мың басқа арналған бордақылау алаңдары желісін құру қажет екен. Бұл орайдағы мәселе – көлемді алқаптарды иеленіп алып, не өзі пайдаланбай, не өзгеге бермейтіндерге қатысты болып отыр.
«Қызылша» ЖШС голландиялық инвесторлармен бірлесе отырып 500 миллион еуроға ирригациялық желілерін жүргізіп, Шу ауданында қант қызылшасын және картоп фриін өндіретін зауыттар құрылысын бастауға дайын. Ол үшін «Тасөткел» магистральды каналының бойынан 5 мың гектар жер қажет екен. Сондай-ақ серіктестік Белбасар ауылында 22 қойма, Шу қаласында вахталық кент салуды жоспарлап отыр.
– Басты мәселе – жердің жетіспеушілігі болып отыр. Біз бұл тұрғыда жерді барынша тиімді пайдалану мақсатында толық тексерулер жүргіземіз. Еңбек өнімділігіне, жаңа технологияларды енгізуге, сапалы тұқым мен заманауи техниканы сатып алуға ерекше назар аудару қажет. Тағы бір көңіл бөлетін жайт – шаруашылықтардың ұсақталып кетуі. Мен үздік агроқұрылымдар тәжірибесін бөлісу мақсатында арнайы семинарлар өткізу, кеңселер жүйесін құру жөніндегі ұсыныстарды қолдаймын. Колледждер кадрларды тек сіздердің сұраныстарыңыз бойынша даярлауы керек. Басты міндет – импортты төмендету және өңіріміз өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз етуге барынша қол жеткізу, – деді Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
сурет А. Рысмахан
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді