Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы

Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы
ашық дереккөз
Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы

Т.Рысқұлов

«Алтын сақа» сақадай сай

Луговой ауылының тұрғындары үшін бала-бақша мәселесі едәуір қиыншылық туғызып кел-ген еді. Енді міне, ауылдан 300 орындық жаңа мектепке дейінгі мекеме пайдалануға беріліп, бұл түйткілдің шешімі табылып отыр. «Ремэнерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Алтын сақа» балабақшасының құрылысын жаңа оқу жылына дейін сақадай сай етіп аяқтапты. – Бұл елді мекеннің тұрғындарының саны – он екі мыңға жуық. Зілзала болған 2003 жылдан бері бірде-бір балабақша салынбапты. Кезекте тұрған 314 бүлдіршіннің 280-і енді осы зәулім де жарық әрі жылы ғимаратта тәрбиеленетін болады. Мен сіздердің осы қуаныштарыңызды бөліскелі келдім, – деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев балабақшаның ашылу салтанатында. Облыс бас-шысы балаларға базарлық ретінде плазмалық теледидар тарту етті. Соңында жаңа ғимараттың ойын және жатын бөлмелерін, асханасын аралап көрді. Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов ауыл тұрғындары «Балапан» бағдарламасының шарапатын анық сезінгенін айтып, облыс әкіміне алғыс білдірді. Құландықтардың айтуынша, сметалық құны 498 миллион теңге болатын мұндай балабақша Т. Рысқұлов ауданында бұрын-соңды салынбаған екен. Бұл расында да, тұрғындар үшін үлкен тарту болды.

Шу Балғындардың шат күлкісіне толды

Балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтуды көздейтін «Балапан» бағдар-ламасы Шу ауданында да өз деңгейінде жүзеге асырылуда. Бүгінге дейін бағдарлама аясында ауданда 7 балабақша, 14 шағын орталық қол-данысқа беріліп, 1 балабақша кеңейтіліпті. Соның нәтижесінде аудандағы мектепке дейінгі мекемелердің саны 36-ға жеткен. Қазіргі таңда онда 2710 бала тәрбиеленуде. Бұл бүлдіршіндердің қатары Білім күнінде 280-ге артты. Балабақшаның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысып, шулықтардың шаттығымен бөлісті. Ерқанат Нұрбапаұлы «Балапан» бағдарламасы шеңберінде өңірімізде 75 балабақша мен 135 шағын орталықтың ашылғанын айта келіп, Елбасы тапсырмасына сай балаларды мектепке дейінгі мекемеге тарту үшін өңірімізде қандай жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды. Көпбалалы ана Гүлнәр Ибраева балғындарға шаттық сыйлаған облыс басшыларына ризашылығын жеткізді. Шу қаласы «Жайсан» мөлтек ауданындағы «Мөлдір» балабақшасының жалпы сметалық құны – 456,506 миллион теңгені құрайды. Өткен жылдың сәуір айында іргесі қаланған нысан 280 орынға арналған. Құрылыс жұмыстарын жүргізген – «НИК-Тараз» ЖШС. «Мөлдір» балабақшасының меңгерушісі Эллада Балтабайқызы екі қабатты зәулім балабақшада бүлдіршіндер 12 топқа бөлінгенін айтады. Балғындардың шат күлкісіне толған ғимаратта барлық жағдай жасалған. Аудандық білім бөлімінің бастығы Клара Қожағаппанованың айтуынша, тәжірибелі әрі педагогикалық санаты жоғары бірқатар мамандар аудандағы өзге балабақшалардан шақыртылады екен. Музыка мен ағылшын пәні мұғалімінің штаттық орны бос тұрған көрінеді. Жалпы, жаңа балабақшада 77 жұмыс орны ашылыпты.

Қордай

Бір күнде үш нысан ашылды

Қордай ауданында бүгінгі таңда 49 мектеп, 18 балабақша, 30 шағын орталық, 6 мектептен тыс мекеме, 1 кешкі мектеп, 1 техникалық шығар-машылық және кәсіби білім беру орталығы, сондай-ақ, «Балауса» сауықтыру лагері жұмыс істейді. Сала ісін дамытуға 5 миллиард 998 мил-лион теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл аудан-ның жалпы бюджетінің 68,3 пайызын құрайды. Осыдан-ақ, білім беру үрдісінің үлес салмағын және мемлекет тарапынан жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін қандай қамқорлық жасалып отырғанын көруге болады. Саладағы ілкімді істердің бір көрінісі – Алға ауылында жаңадан бой көтерген 180 орын-дық үш қабатты мектеп. Жобалық-сметалық құны 461 миллион теңгені құрайтын нысанның жалпы көлемі 2650 шаршы метр. Құрылысты мердігер «ҚазАстанаИнвест» АҚ құрылысшы-лары белгіленген мерзімде салып бітірді. Оқу бөлмелерінің саны он бір, оның ішінде жабдықталған физика, химия кабинеттері, 17 компьютер және 18 ноутбук қойылған екі компьютер сыныбы, мультимедиялық сынып, лингафондық кабинет бар. Ұлдарға және қыздарға арналған шеберханалар, мәжіліс залы мен спорт залы өз алдына. Абаттандырылып жатқан аулада балалар және спорт алаңы бар. Қатты отынды жылыту жүйесі тартылған. Шағын ауылда бой көтерген жаңа мектептің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Е. Мәнжуов, аудан әкімі Қ. Досаев, аудандық ардагерлер ұйымының мүшелері қатысты. Ерқанат Нұрбапаұлы баршаны жаңа оқу жылының бас-талуымен құттықтады. Қордайлықтар үшін бұл күн айрықша мерекеге айналды десек, артық айтқандық емес. «Құт келсе, қосақтап келеді» дегендей, ауданда бір күнде бір мектеп, екі емдеу мекемесі ашылып, ауыл тұрғындарын қуанышқа кенелтті. Нақтырақ айтсақ, Арал ауылында жиырма келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт, ал Соғанды ауылында бес келушіге арналған отбасылық дәрігерлік амбулатория ашылды.

Сейсен Қожеке, Қарлығаш Есбергенова, Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар