Шалғай өңірдің тұрғындары риза болды

Шалғай өңірдің тұрғындары риза болды
ашық дереккөз
Шалғай өңірдің тұрғындары риза болды

Өткен аптада Тараз қаласынан өңірлік тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарлары тиелген әлеуметтік автокеруен аудандарға аттанған болатын. Автокеруен ең әуелі шалғайдағы Мойынқұм ауданына жетіп, аудан орталығы – Мойынқұм ауылы мен Бірлік ауылдық округінде жеңілдетілген бағамен жәрмеңке ұйымдастырылды. Әлбетте, азық-түлік бағасы құбылса, іске тұрақтандыру қоры тікелей араласуы тиіс. Оның үстіне әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын бақылауда ұстау – бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Міне, осы мақсатта ұйымдастырылып отырған жәрмеңкеге құны 5,6 миллион теңгені құрайтын 46 тонна азық-түлік тауары жөнелтілген. Оның ішінде 15 тонна картоп, 4 тонна пияз, 4 тонна сәбіз, 1 тонна сұйық май, 3 тонна қант, 5 тонна күріш, 2 тонна қарақұмық, 12 тонна бірінші сұрыпты ұн бар. Таң сәріден басталған жәрмеңкеге мойынқұмдықтар көптеп жиналды. Жоғарыда аталған азық-түлік тауарларын нарықтағы бағадан 25 және 50 процентке дейін төмен бағада ұсынған тұрақтандыру қоры ауылдықтардың алғысына бөленді. Нарықтағы бағаны реттейтін негізгі тетіктің бірі – дәл осы тұрақтандыру қоры екеніне осы жолы әбден көзіміз жетті. Өйткені автокеруенге тиелген азық-түліктің басым бөлігін Мойынқұм ауданының тұрғындары сатып алды. Дәлірек айтсақ, аудандарға аттанған 46 тонна азық-түліктің 32 тоннасы мойынқұмдықтарға өткерілді. Сонымен қатар жексенбі күні Шу ауданының орталығы мен Шу қаласында ұйымдастырылған жәрмеңке де көптің көңілінен шықты. Оны тұрғындардың сұранысына орай қосымша жеткізілген азық-түліктен аңғаруға болады. Әуелгіде жеңілдетілген бағамен 14 тонна азық-түлік тауарлары өткерілсе, кейіннен тағы 2 тонна жеткізілді. Тұтастай алғанда 7 тонна картоп, 1 тонна сәбіз, 3 тонна пияз, 1 тонна өсімдік майы, 0,5 тонна күріш, 1,5 тонна қант және 2 тонна ұн жеңілдетілген бағамен сатылды. Осылайша, Мойынқұм және Шу аудандарындағы бір күндік жәрмеңкеде жалпы құны 6,1 миллион теңге болатын 48 тонна азық-түлік тауарлары толығымен өткерілді. Айта кету керек, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен өткен автокеруен Сарысу, Талас, Меркі және Қордай аудандарына да атбасын бұрмақ. Әр аптаның сенбі және жексенбі күндері өтетін жәрмеңке 15 наурызға дейін жалғасады.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Мойынқұм және Шу аудандары.

Ұқсас жаңалықтар