Малдың қоңдылығын сақтау жыл-он екі ай бойы тынымсыз тірлікті талап ететін, қиындығы мен жауапкершілігі мол екені белгілі. Әсіресе, қыс айлары шалғайдағы малшылар үшін ең жауапты кезең болып саналады. Бұндай шақта машақаты мол тірліктің бел ортасында жүрген шопандар қауымының алдында тұрған басты мақсат – төрт түлікті қыс құрсауынан аман алып шығып, олардың жақсы өсіп-жетілуіне жағдай жасау. Қысқасы, мұның бәрі де қыстан шығынсыз шығудың қамы. Осыған байланысты облыс орталығынан шалғай орналасқан Шу ауданындағы қыстақтардың жағдайын білдік. Жалпы, ауданда дәл осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар шаш-етектен. Мәселен, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, мал қыстатуды шығынсыз өткізу мақсатында ауданда арнайы штаб құрылған. Аудандағы мал қыстауларының жалпы саны 350 болса, ондағы қоралардың барлығы да жөндеуден өтіпті. Қазіргі таңда ауыл сыртында орналасқан қыстаулардағы мал басының жалпы саны 168480-ге жетіп отыр. Ал мал азығына келер болсақ, ауданда төрт түлікті қыстату үшін 133900 тонна шөп жинау жоспарланған. Алайда шулық шаруалар ширақтық танытып, жоспарды 104,9 процентке орындап, 140500 тонна шөп жинаған. Мал азығын жеткізу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан ауылдарға жемшөп сататын 14 кәсіпкер тұрақты жұмыс істеуде. Әрі-беріден соң малдың қоңды болуы жемшөпке байланысты екенін қаперге алсақ, шаруалардың бұл қарқыны құптарлық жағдай екені де түсінікті. Әрине, қағаздағы мәліметке құлақ асқан бір бөлек, ал оны көзбен көру бір басқа. Сол себепті, біз де қым-қуыт тірлік пен тіршілігі төрт түлікпен тығыз байланысқан малшылардың жай-күйін білу мақсатында аудан орталығынан шалғай орналасқан Қорағаты ауылдық округіндегі қыстауларда болып қайттық. Бір қарағанда, қырат-төбелер сол қалпы бұйығы жатқандай көрінеді. Алайда ондағы қараша халықтың қарбалас тірлігі таусылған ба? Ертелі-кеш қора-жайын қамдаған шаруалардың тынымсыз тірлігіне үңілсеңіз, дала төсінен қарбаласқан қауырт тірлікті байқайсыз. Мысалы, біз атбасын бұрған «Ғалымжан» шаруа қожалығындағы жұмыстың да қызып жатқанын көрдік. Ауылдық округтен 25-30 километр қашықтықта орналасқан аталмыш шаруа қожалығы 2000 жылы құрылыпты. Алғашында қадамы небәрі 1 сиыр, 1 жылқы және 43 бас қоймен басталған шаруашылық бүгінгі күнге дейін мал санын бірнеше есеге көбейтіп, шаруасын шалқытып отыр. Агроқұрылым жетекшісі Ғалымжан Сарыбаевтың айтуынша, жиырма жылдың ішінде қорасындағы малы 400 бас қой, 20 бас жылқы, 15 бас сиырға жеткізіпті. – Алғашқыда кәсіп бастаудың қиынға соққаны рас. Дегенмен, бұл өзіміздің ата кәсібіміз болғандықтан, аяққа тұрып кеттік. Негізгі мақсатымыз да сол, мал басы санын арттыру. Әрине, жұмыс оңай емес. Әр малдың астын мұқият тазарту, оларды сауу, жемшөбін уақтылы беру сынды күнделікті тіршіліктің өзі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Малдың қоңды болуы оған лайықты жағдай жасаудан басталады. Сондықтан ең әуелі қора-қопсыны жайлы етіп жасадық. Жалпы, жағдайымыз жаман емес. Биылғы қыс та малға жайлы болды. Қыстың ортасында 100 бас қойды төлдеттік. Ендігі кезекте алдағы наурыз айынан бастап жаппай мал төлдету науқанына кіріспекпіз. Сонымен бірге мал басын асылдандыруды да қолға алудамыз. Осыдан екі жыл бұрын Түркістан облысынан «гиссар» тұқымды қошқарлар әкелдім. Нәтижесі жаман емес. Бұдан бөлек, 10 басқа арналған мал бордақылау алаңы да бар. Сәтін салса, биыл оны кеңейтіп, 100 бас сыятындай етіп салуды көздеп отырмын. Сонымен қатар төрт түлікті түгел өргізіп отырғандықтан, оны жемшөппен қамтамасыз ету де аса маңызды. Сол себепті 10 гектар суармалы және 136 гектар жайылымдық жер алдым. Суармалы жердің 5 гектарына жаздық арпа, ал қалғанына жоңышқа егудемін. Жиын-терін жұмыстарына арналған ауыл шаруашылық техникаларын да алдық. Жағдайымыз жыл өткен сайын жақсарып келеді, – дейді шаруашылық жетекшісі Ғалымжан Рахымбайұлы. Расымен де, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бақыт Бетпаевтың сөзіне сенсек, қыстақтарда төтенше жағдай туындай қалса, аудандағы жол құрылыс мекемелерінің және коммуналдық шаруашылықтың жол тазалау техникалары сақадай сай тұрған көрінеді. Оның үстіне, ауылдық округтердегі шаруа қожалықтарының да техникалары көмекке әзір. Ақпан айының қарсыз болуына байланысты қыстақтарға қатынас аса қиындық туғызып отырған жоқ. Десе де ата кәсіпті қолға алған шаруалар әлі де болса табиғаттың тосын мінезіне әзір болуымыз қажет дейді. Шынында да, аяқ астынан көтерілетін жел де, біресе төпелете жауып, ертесіне еріп кететін қар да малшыларды сақ болуға шақыратыны рас. Үстіміздегі қыс аса қатты болмағанымен, шаруа баққан жандар мал басы көк шөпке жеткенше тынымсыз еңбек ете бермек.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді