Ауданда атқарылатын шаруа көп

Ауданда атқарылатын шаруа көп
ашық дереккөз
Ауданда атқарылатын шаруа көп

Облыс əкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Т.Рысқұлов ауданына барды. Сапар барысында өңір басшысы алдымен «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту» қанатқақты жобасына енген Құмарық ауылында болды. Осындағы Болтай батыр атындағы орта мектептің жұмысымен танысты. Аудандағы білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудан əкімінің орынбасары Бейсенбек Əлпейісов айтып берді. Оның айтуынша, биыл ауданда 5 орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланыпты. «Аудан орталығында 704 оқушыға орын тапшылығы сезілгендіктен, Құлан ауылындағы А.Бөкейханов атындағы орта мектеп жанынан 300 орындық қосалқы бір мектеп ғимаратын салу қажет» деді ол. Егер аталған мектеп қасынан қосымша ғимарат салынатын болса, бұл мәселе шешімін тапқалы тұр екен. Ал Құмарықтағы Болтай батыр атындағы орта мектептің директоры Рабиға Жаңабердиева жүз жылдан аса тарихы бар мектептің соңғы отыз жылда жөндеу көрмегенін айтып, көмек сұрады. Бұл білім ордасын былтыр 27 оқушы тәмамдап, оның барлығы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Олардың 21-і грантқа түсіпті. Аймақ басшысы бірнеше сынып бөлмелерін аралап шыққан соң мектеп ұстаздарын сөзге тартты. Мектеп мұғалімдері білім сапасының 72 процент құрап отырғанын айтып, өздеріне қолдау білдіріп отырған Үкіметке алғысын білдірді. Бердібек Сапарбаев мұғалімдермен пікірлесу барысында бүгінгі таңда мемлекет тарапынан оқытушыларға барлық жағдай жасалып жатқанын тілге тиек етті. «Биыл педагогтарға арналған заң қабылданды. Мұғалімдердің жалақысы жоғарылатылды. Енді сіздерге сапаға жұмыс істеу керек. Біз сіздердің мектептеріңізді жөндеп береміз. Сондықтан да бірінші – білім сапасын көтеру, екінші – тəрбиеге көңіл бөлу керек. Содан кейін біз ұлттық құндылықтарды дамытуға қызмет етуіміз керек. Үлкен жолдың бойында тұрасыздар. Мектептің жөндеу көрмегені көрініп-ақ тұр. Күрделі жөндеуден өткіземіз. Ауыл мектебі де заман талабына лайық болуы тиіс. Құрылыс басталған соң оның сапасына мəн беріңіз. Өзім де келіп бақылап тұратын боламын», – деп тапсырма берді мектеп директорына. Келесі кезекте аймақ басшысы Құмарық ауылдық Мəдениет үйінде халықпен кездесті. Онда қанатқақты жоба аясында атқарылып жатқан жұмыс барысы туралы аудан əкімінің орынбасары Ерлан Қалыбаев таныстырды. Оның айтуынша, округте ауыл азаматтары жалпы құны 554 миллион теңге несие алыпты. Оның 250 миллион теңгесіне мал алынған. Бұдан бөлек, 90 миллион теңгеге ауыл шаруашылығы техникалары алынса, енді жобаның бірінші бағыты бойынша үй іргесіндегі жер телімін игеру үшін 20 миллион теңге бөлінген. Облыс əкімі Бердібек Сапарбаев: «Мұнда біз бүгін сіздермен осы жоба жүзеге асырыла ма? Оны толыққанды жүргізу үшін не істеу керек? Оған қажетті қаржыны алдыңыздар ма? Соны білу әрі сіздермен кеңесу үшін келдік», – деп ауыл тұрғындарын еркін форматта əңгімелесуге шақырды. Ауыл тұрғыны Атымтай Алтаев: «Менің үш балам да осы ауылда тұрады. Үшеуі де жоба аясында мал алып, шаруасын бастап кетті. Осы жобаға бастамашы болған бұрынғы облыс əкімі Асқар Исабекұлына алғысымыз шексіз. Енді бұл жобаны сіз жалғастырып, оны дамытасыз деген сенімдеміз», – деп халықтың көңіліндегі үміт пен күдікті жеткізді. Бұдан бөлек, тұрғындар мал жайылымының жоқтығын, жайылым жерлерді сатып алғандар мал жайғызбай қорып отырғанын, сондай-ақ ауызсу, үй салу үшін ауыл іргесінен жер телімін бөлу туралы мəселелерді көтерді. Халықтың ұсыныс-тілегіне құлақ қойған өңір басшысы ол сұрақтарға жан-жақты жауап берді. – Келгелі бері жобаның тиімділігін айтып жатырсыздар. Бұл жобаның авторы – Асқар Исабекұлы. Енді біздің міндет оның расында да тиімді екендігін дəлелдеу. Біз қалай да биыл оның нəтижесін көруіміз керек. Жобаның басты мақсаты – халықтың тұрмысын көтеру. Одан біріншіден, қайтарым болуы керек, екіншіден, нəтижесін ел көруі тиіс. Үшіншіден, сіздерге пайдасы тиіп, табыстарыңыз еселеніп артса, жобаның мақсатына жеткені. Қазірдің өзінде жоба аясында әрбір ауылдық округке 800 миллионнан астам қаржы бөлінген. Сондықтан да жер халыққа жұмыс істеуі керек. Егер жоба өз мақсатын ақтаса, республикадан тағы қаржы алып, басқа да елді мекендерде жалғастыратын боламыз. Ол республика көлемінде жүзеге асырылатын болады, – деді Бердібек Мәшбекұлы. Бұдан кейін өңір басшысы Көкдөнен дəрігерлік амбулаториясының жұмысымен танысты. Аудандағы медицина саласының жұмысы туралы аудандық аурухананың бас дəрігері Шындос Мырзалиев айтып берді. Одан соң Көкдөнен ауылдық Мəдениет үйінде ауыл тұрғындарымен кездесті. Ауыл ақсақалдары Бердібек Сапарбаевтың жұмысына сәттілік тілеп, баталарын берді. Ал «Қайқы» шаруа қожалығының жетекшісі Сəтжан Мамырбаев «Қарапайым еңбек адамдарын марапаттау жолға қойылса, мұғалім мəртебесі арттырылса» деген ұсыныс айтқан еді. Бердібек Мəшбекұлы: «Қазір мұғалімдерге барлық жағдай жасалуда. Енді мұғалімдерге жұмыс істеп, өз беделдерін көтеру қалды. Олар бірінші кезекте сапаға жұмыс істеп қана қоймай тəрбиеге де көп көңіл бөлгендері жөн. Ал еңбек адамдарын марапаттап, оларды көтермелеп отыру өте дұрыс ұсыныс. Бұл біздің басты назарымызда болады», – деді. Жұмыс жоспарында болмаса да өңір басшысы Құлан агротехникалық колледжіне атбасын бұрған еді. Колледж жұмысымен оның директоры Саят Есеев таныстырып, оқу орнының соңғы жылдарда жеткен жетістігін мақтанышпен баяндады. Жалпы, аудандағы бұл колледждің облыс орталығындағы кейбір оқу орындарынан жабдықталуы анағұрлым жоғары екенін көрдік. Өйткені онда цифрландыру жағынан жұмыстың жақсы жолға қойылғаны байқалады. Оқу кабинеттері мен практикалық жұмыс бөлмелері заман талабына сай оқу құрал-жабдықтарымен толықтай қамтылған. Жылыжай жүйесі мен ветеринариялық құралдар бәріміздің таңданысымызды тудырды. Өңір басшысы «Бұл жерде білім алған балалар өз саласының маманы болып шығары сөзсіз. Осында білім алған жастарды мүмкіндігінше ауылды жерлердегі мал жəне егін шаруашылығын көтеруге жіберіп отыру керек» деп тапсырды аудан әкімі Ерболат Садырқұловқа. Бірақ 9 мамандық бойынша дəріс беретін оқу орнының биыл екі бөлімінің жабылып қалу қаупі төніп тұр екен. Колледж директоры оны да құлаққағыс етіп, өңір басшысына айтып үлгерді. Бердібек Сапарбаев ғимарат ауласында колледж оқытушыларымен де пікір алмасты. Ауданда спорт саласы жақсы дамыған. Бұл өңірден Олимпиадада алтын жүлде және жүлде алған Ермахан Ыбырайымов, Елдос Сметов, Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаров сынды кіл мықтылар түлеп ұшқан. Бұл туралы аудан əкімдігі дене шынықтыру жəне спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шəбеев айтты. Оның айтуынша, аудандағы 162 спорт нысаны толықтай жұмыс істеп тұр. Соның арқасында бұқара халықтың 30,7 проценті спортқа тартылған. Өңір басшысы сондай-ақ «Балапан» бөбекжайында, аудандық орталық ауруханада жəне Ə.Бөкейханов атындағы орта мектебінде болып, олардың да жұмыс барысымен танысты. Облыс әкімі барған соңғы нысан Құлан ауылындағы су жинаушы имараты болды. Бұл нысан Құлан өңірінде болған жер сілкінісі кезінде жарамсыз болып қалған еді. Содан бүгінге дейін ауыл тұрғындары жер асты суын еш тазарту мен тұндырусыз пайдаланып келіпті. Бұл жұмысты жүзеге асыру үшін биыл бюджеттен 111 миллион теңге бөлінген. Нысан 2021 жылға өтпелі. Бұдан бөлек 6 елді мекенді ауызсумен қамту жоспарланған. Ол туралы өңір басшысына аудан əкімінің орынбасары Руслан Оразхан айтып берді. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев Т.Рысқұлов ауданына жасаған жұмыс сапарын Мэлс Өзбеков атындағы Мəдениет үйінде қорытындылады. Алдымен аудан әкімі Ерболат Садырқұлов аудан тұрғындары алдында өткен жылы атқарған жұмысы туралы есептік баяндама жасады. Баяндамадан соң сөз тізгінін алған облыс әкімі ауданға келіп, біраз нысандарды аралап көргенін айтып, елдің ұсынысын тыңдады. «Құлан Дəн» несие серіктестігінің жетекшісі Рахманəлі Əбдіқадыров «ауылдарға табиғи газ тартылса, облыста жүн өңдейтін кəсіпорын салынса», деді. Ал Үмбет Жаңаділов бақша суғаратын ағын су жеткізу туралы мəселе көтерді. Басқа да тұрмыстық сұрақтар қойылды. – Мен бүгін байқадым, ауданның жағдайы жаман емес. Бірақ əлі де шешілмей жатқан мəселе бар екен. Соңғы 2-3 жылдың көлемінде Асқар Исабекұлының бастамасымен біраз жұмыс істелген. Енді біз осы алған қарқынымыздан танбауға тиіспіз. Өңірдің де экономикасын төмендетпеуіміз керек. Дегенмен ауданға инвестиция тарту жағы ақсап тұр. Осы жұмыс аясында аудан әкіміне жұмыс істеуге тура келеді, – дей келіп, Бердібек Сапарбаев залдан қойылған сұрақтарға жауап беріп, жиынды қорытындылады.

Марат Құлибаев

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар