Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев есебін аяқтаған соң уақыттың негізгі бөлігін сұрақ-жауапқа қалдырды. Өңір тұрғындары екі сағат бойы көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, аймақ басшысымен еркін пікір алмасты. Залдан қойылған сұрақтар да сан саланы қамтыған еді. Атап айтсақ, Жамбыл ауданы Аса ауылының тұрғыны Есім Жүрсін «Елбасы өткен жылды Жастар жылы деп жариялағаны белгілі. Биыл Жастар жылы Мемлекет басшысының ұсынысымен Волонтер жылы деп жарияланып отыр. Осыған орай қандай іс-шаралар жоспары жасалды. Сондай-ақ жастар арасындағы тәртіп мәселесі, оларды қоғамдық жұмыстарға тарту жоспарларыңызда бар ма?» деген сауал қойған болатын. Аймақ басшысы ел болашағының тұтқасын ұстайтын жастар екенін тілге тиек ете отырып, «Волонтер жылына байланысты іс-шаралар жоспары әзір. Біз биыл еріктілердің қолына қапшық беріп, көше бойындағы күл-қоқысты тазалатып қоймаймыз. Олардың қатарын арттырып, жастар арасындағы тәрбиені қалыптастыруға жұмылдырамыз. Жастарға үлгі көрсету үшін бұл іс-шараға аға буын өкілдерін де тарту ойымызда бар. Соңғы кезде жастар арасында құқық бұзушылық, бұзақылық жасаушылар көбейіп, ата-ана тәрбиесі әлсіреп кетті. Олардың тарапынан балаларының күндіз және түнде не істеп жүргені бақылаусыз қалуда. Сондықтан да еріктілер қатарына жастарды көптеп тарта отырып, олардың көзқарасын өзгертуге, спортпен, басқа да қоғамға пайдасын тигізетін кәсіппен айналысуына бағыттайтын боламыз», – деді Бердібек Мәшбекұлы. Облыстық мәслихат депутаты, темір жол саласының ардагері Халық Тұрсынбай әкім есебіне жүздеген шулық теміржолшылардың мәселесін айтуға келіпті. Ол сөзінің кіріспесінде бұрынғы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің жасаған игі жұмыстарын баяндай келіп, аймақ басшысынан Шу ауданындағы темір жол вокзалы қасынан жаяу жүргінші көпірін немесе жер асты өткелін салып беруді сұрады. – Сіздің маған дейін мұнда жұмыс істеген Асқар Исабекұлы туралы айтқан жылы лебізіңіз үшін үлкен рахмет. Ол кісі көп жұмыс жасады. Ол кісінің бастап кеткен «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасы жалғасын табатын болады. Бұл жоба Үкіметтің бақылауында. Ал сіз көтерген мәселені біз қарап, «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып шешуге тырысамыз, – деді. Меркі ауданының тұрғыны Байсейіт Жанысбаев қант қызылшасын өсірушілердің аманатын арқалай келген екен. «Бізді алаңдатып отырған қант қызылшасы. Бал тамырды егіп, өнімін Меркі мен Тараздағы қант зауыттарына өткерудеміз. Жылда еккен егіс көлеміне қарай субсидия берілетін. Ол субсидия биыл берілмейді деп жатыр. Бірінші сұрағым, биыл субсидия беріле ме? Екінші сұрағым, біз жер емген диқанбыз. Өнімімізді Меркі мен Тараз қант зауыттарына өткіземіз. Бұл екі зауыттың жұмысы тұрақсыз. Әсіресе Меркі қант зауыты. Өткізген өніміміздің ақшасын айлап созып, әзер береді. Олар қашан тиянақты жұмыс жасайтын болады?» – деді. – Қант өндірісін тоқтатуға болмайды. Егістік көлемін көбейтуіміз керек. Бұл – мемлекеттің тапсырмасы. Сондықтан да оны қалай да орындауға тиіспіз. Біз бұл мәселені шешеміз. Қант зауыттары жұмыс істейтін болады. Субсидия да қарастырылады, – деді Бердібек Мәшбекұлы. Бұрынғы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің Тараз қаласын көркейтуге қосқан үлесі зор. Көп жұмыстар жасалды. Қала көркейді. Облыстың 80 жылдығында «Көне Тараз» тарихи-этномәдени және «Тектұрмас» этнотарихи кешендері пайдалануға берілген еді. «Биыл осы екі туристік кешенді жалғастырып тұратын аспалы жол салу жоспарланған. Асқар Исабекұлының кетуімен бұл жұмыс тоқтап қалмас па екен?» деген тараздықтардың сауалын қала тұрғыны Нұрила Досанова қойды. Сонымен қатар Күйік пен Қордай асуларының шыға берісінде МАИ қызметкерлерінің жол қозғалысына кедергі келтіретінін, Күйік асуындағы айналма жолдың тозып кеткенін айтты. – Тағы да қайталап айтамын. Асқар Исабекұлының бастаған жұмыстары өз жалғасын табады. Біз бұл жерде ең алдымен қандай құрылыс болмасын оның сапасына мән беретін боламыз. Мен қарамағымдағылардан талап ететінім – жұмыстың нәтижесі. Осы мәселемен барлық аудандарды аралап, халықпен кездесіп, әкімдердің жұмысын салмақтайтын боламыз, – деп, бұған дейін басталған жұмыстардың аяқсыз қалмайтынын ескерткен Бердібек Мәшбекұлы асулардағы жағдайды зерттеп, зерделеп шешім қабылдайтынын жеткізді. Саха Манатов 5 ауданнан келген 102 шаруа қожалықтың атынан сөйлеп, олардың қарызын бүгінге дейін созып келген Меркі қант зауытының мәселесін талқылау үшін диқандарды жеке қабылдауды сұрады. Өңір басшысы олармен сенбі күні кездесетін болып уағдаласты. Жамбыл ауданы Айша бибі ауылының тұрғыны Жалын Баймаханов ауыл айналасында мал жаятын жайылымдық жер қалмағанын, базбіреулердің басып алған жайылымдық жерін қайтаруды сөз етті. Облыс әкімі баяндамасында бұл сауалға жауап бергенін, биыл 70 мың гектар жайылымды қайтарғалы отырғанын қайталады. Ал мойынқұмдық Жамбыл Қалабаев ауданның жетістігін, оның өңір экономикасына қосып отырған үлесін тізіп, «шалғайдағы ауданға табиғи газ тартып берсеңіз» деді. Бердібек Сапарбаев биыл облыста 35 елді мекенге «көгілдір отын» тартылатынын айтып, Мойынқұмға газ тарту мәселесін зерттеп, зерделеп барып бұл жұмысты қолға алатындығын жеткізді. Келесі азаматтар Бақадүр Асанбаев «Бурылбайтал-Шу-Меркі» автомобиль жолы қашан салынып бітеді?» десе, Жансая Құрманғали Меркі тауындағы дәрі шөптерді контрабандалық тәсілмен Қытай арқылы Кореяға жөнелтіп жатқандардың жолын кесу туралы мәселе қойды. Сол дәрілік қасиеті бар шөптерді өзімізде жинап, дәрі-дәрмек дайындайтын фармацевтикалық зауыт салынса деген ұсыныс айтты. Бұдан кейін Талас ауданынан тікелей байланысқа шыққан 5 баланың анасы Айгүл Бескемпірова «үй кезегінде тұрған көп балалы аналарға биыл да пәтер беріле ме?» деп сұраған болатын. Аймақ басшысы бұл сұрақтарға тиісті жауабын берді. Ал көп балалы аналарға биыл көп қабатты 5 жатақхана беру жоспарланыпты. Жастар өкілі Берікбол Уалиханов қоғамдық кеңес құрамына жастарды көптеп тартуды сұрады. Сондай-ақ көпшілікті нашақорлықпен бірлесе күресуге шақырды. Сөзінің соңын ұранмен аяқтаған жасқа өңір басшысы: «Лозунг айту әркімнің қолынан келеді, орындау әркімнің қолынан келе бермейді. Сондықтан мемлекеттік ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер бұл жұмысты бірлесе қолға алса, нашақорлардың санын кемітуге болады» деп түйіндеді. Кәсіпкер Сандуғаш Төлегенова «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің айналасында кәсіпкерлікті дамыту үшін онда 50-ден астам жасқа өз кәсібін жүргізуге рұқсат беруін сұраған еді. – Біздің мақсатымыз жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Бірақ елдің игілігі үшін салынған ғажап демалыс кешеніндегі дүниені қорғауымыз керек. Оны салған соң қарамасақ, күтімге алмасақ не болады? Жалпы, бұл алаңда алда үлкен жиындар өткізу жоспарымызда бар. Халық көп жиналады. Сондықтан да бұл мәселені жан-жақты зерделеу керек, – деп бұл кешенге қатысты жоспардың ауқымдылығын аңғартты. Тараз тұрғындары Шалғай Қарасудан 600 орындық мектеп салу, Құмшағал шағын ауданына табиғи газ, ауызсу тарту, жол жөндеу, тағы басқа да ұсақ-түйек мәселелер көтерген болатын. Жалпы сұрақ-жауап бөлімінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындардың қойған әрбір сұрағына тұшымды жауап беріп, жиынды қорытындылады.
«Aq jol»-дың тілшілер тобы: Маржан РАҚАЙ, Марат ҚҰЛИБАЕВ, Ардақ ҮСЕЙІНОВА.
Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН, Юрий КИМ.
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді