- Advertisement -

Студенттер мен оқытушылар сынға түсті

61

- Advertisement -

Тараз қаласындағы «Гамбит» шахмат клубында 2008-2012 жылдар аралығында М. Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың ректоры қызметін атқарған, техника ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық инженерлік ғылымдар академиясының академигі Әшімжан Ахметовті еске алуға арналған шахматтан факультетаралық жарыс өткізілді. Додада аталмыш жоғары оқу орнының студенттері мен оқытушылары сынға түсіп, өзара кім мықтыны анықтады.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың бірінші проректоры Темірхан Толқынбаев сөз сөйледі. «Өнегеге толы өмірін білім саласына арнаған, Парламент Мәжілісінің депутаты болған ардақты ағамыздың есімі сала қызметкерлерінің жадынан өшпейтіні анық. «Асқар таулар алыстаған сайын асқақтайды» деген сөзде зор мән бар. Әшімжан Сүлейменұлы да біз үшін асқар таудай азамат еді. Көзі тірі болғанда жетпіс жасқа толып, бүгін ортамызда жүретін еді ғой. Амал нешік, туралап келген ажал қайраткерді жер қойнауына алып кеткен болатын. Алайда ол кісінің білім мен ғылым саласында атқарған жұмысы ұшан-теңіз деп білеміз. Жарысқа қатысушыларға тек сәттілік тілеймін», – деді ол өз ойын түйіндеп.
Бұдан соң облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков сөз алды. «Дәл осы жоғары оқу ордасынан талай мықты спортшылар түлеп ұшқаны баршаға мәлім. Олар Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында да жасындай жарқырады. Әшімжан Сүлейменұлының ұйытқы болуымен кезінде өңірімізде кенжелеп қалған шахмат спорты жандана бастады. «Гамбит» шахмат клубының ашылғаны – сөзімізге дәлел. Нәтижесінде шахмат үйірмелері ашылып, жұмыстар атқарылды. Талай ірі жарыстар да осы «Гамбит» шахмат клубында өткізілгенін жақсы білеміз. Оқу ордасында білім алған бірқатар спортшыларымыз көптеген додаларда жеңістің биік тұғырынан көрінген еді. Ол кісіге сол үшін де разымыз. Жарысқа қатысушыларға табыс тілеймін», – деді басқарма басшысының орынбасары өз ойын түйіндеп.
Кейіннен жарыс басталып кетті. Ойдың ойыны саналатын шахмат аламанына қатысушылар ерлер және әйелдер болып екіге бөлініп, жүлделі орындарды сарапқа салды. Турнир қорытындысында әйелдер аламанында Айнұр Жатқанбаева жеңімпаз атанса, Назгүл Байсерікова екінші, Әсем Мақсұт үшінші орынды қанағат тұтты. Ал ерлер арасындағы додада Әділхан Райымбаев топ жарса, Темірлан Манап екінші орынға, Сержан Көшербай үшінші орынға табан тіреді. Жалпы турнир тартысқа толы жағдайда өткенін айта кеткен жөн.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support