Пайдасы мол, шығыны аз

Пайдасы мол, шығыны аз
ашық дереккөз
Пайдасы мол, шығыны аз

бал арасы шаруашылығының бабын тапқандар озады

«Достық» үйінде облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен «Бал ара шаруашылығының жағдайы және даму болашағы» атты облыстық форум өтті. Оған өңіріміздегі омарташылар, ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен ғалымдар қатысты.

Семинардың ашылуында жиналғандар «Достық» үйінің залына қойылған көрмені тамашалады. Көрмені облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеевке «Бал-Ара» омарташылар ұлттық одағының облыстағы өкілі Валерий Ромащенко таныстырды. Жиналғандар Қазақстан омарташыларының Ұлттық Одағы «Бал-Ара» ара өсірушілерінің облыстық алғашқы форумында көрмеге қойылған жеке кәсіпкер «Ромашенко», «Аратау», «Лазер» шаруа қожалықтарының бал өнімдерімен танысты. Семинар-кеңес «Ара шаруашылығы өңірімізде қаншалықты дамыған? Онымен айналысатындардың саны қанша? Оларға мемлекет тарапынан қандай көмектер беріліп жатыр? Омарташыларды қандай мәселелер толғандырады? Оны шешу жолдары қандай?» деген сауалдар төңірегінде өрбіді. Бұл мәселелерді облыс басшылығы мен ғалымдар омарташылармен бірлесе отырып талқылады. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев ашып, өңір омарташыларының жұмысына сәттілік тіледі. Ал «Бал-Ара» омарташылар ұлттық одағының вице-президенті Ғабит Нұраділ баяндама жасады. Оның айтуынша, әлемнің әрбір тұрғыны жыл сайын 1 килограмм бал тұтынады екен. Ал Қазақстанда бұл мөлшер 50 грамнан аспайды. Осыдан шет мемлекеттерде балға деген сұраныстың жоғары екенін аңғарамыз. Бұл бірінші кезекте ондағы ара шаруашылығының дамуына үлкен септігін тигізіп отырса керек. Жамбыл өңірі аграрлық аймақ болғандықтан да мұнда мақсары, күнбағыс секілді майлы дақылдар көп өсіріледі. Ал бал арасы бөлетін тозаң өсімдіктің тез жетілуіне, мол өнім беруіне себепші болатындығы белгілі. Сондықтан да ара шаруашылығына көңіл бөлу – басты мәселе. Оның жұмысы ауыр болғанымен, шығыны аз, пайдасы мол. Бүгінгі таңда облыста елуден аса омарташы ара шаруашылығымен айналысады. Олардың дені Меркі, Жуалы, Шу аудандарында жұмыс істеуде. Бұл шаруашылықпен айналысуға ниет білдіргендерге мемлекет өсімі 6 процентпен 4 миллион теңге несие береді. Бұдан бөлек, елімізде 2014 жылдан бастап бал ара ұясымен селекциялық асылдандыру жұмыстары субсидияланады. Одан кейін «Бал-Ара» омарташылар ұлттық одағының облыс бойынша өкілі Валерий Ромащенко тәжірибесімен бөлісті. Ал «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалының директоры Олжас Қаржауов кәсіпкерлерге мемлекеттен берілетін қолдау туралы сөз етті. Келесі кезекте еліміздегі С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары Сұлтан Сауров пен Дәулет Дошанов, Оңтүстік-Батыс мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының маманы Айнұр Алдиярова ара шаруашылығының дамуы, селекциясы, «МИНОР» бағдарламасы туралы сөз қозғады. Жиын барысында олар омарташылардың қойған сұрақтарына жан-жақты жауап берді.

Марат ҚҰЛИБАЕВ Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар