Ауданының орталығы – Төле би ауылына кейінгі жылдары көп көңіл бөліне бастады. Ауылды жердің дәл осылай түрленуі мен гүлденуі көзге де, көңілге де қуаныш сыйлайды. Аудан орталығын көркейту жұмыстары, әсіресе, өткен жылы ерекше екпін алды. Тіпті ондағы көшелердің ұңғыл-шұңғылы мен әншейінде көз шала бермейтін қия беткейдегі жолдарына дейін тегістеліп, асфальт жабыны төселді. Бүгінде тұрғындардың автокөліктері тақтайдан тегіс жолдармен әрлі-берлі зымырап жүріп жатыр. Алайда бұл – Төле би ауылының тұрғындарына ғана бұйырған бақыт. Ал 40 мыңға жуық тұрғыны бар Шу қаласының тұрғындары жол азабын әлі тартып келеді. Олар жаз шыққанда шаңмен, қыс келгенде және көктем туғанда ми батпақпен арпалысып әлек. Бұл мәселемен қала тұрғындары шаһар әкіміне талай сұрақпен қайырылған. «Біздің еститініміз жылдағы қайталанатын жауыр жауап» деді қала тұрғындары. Сарайбек Айтжановтың айтуынша, бірді-екілі орталық көшелерге жөндеу жүргізілгені болмаса, өзгесі сол қалпында жатыр екен. «Бұрнағы жылдары қызмет атқарып жүргенімде көршілерім мұңын маған айтатын. Үйімнің қасындағы тозығы жеткен 38 көшенің тізімін жасап, аудан әкіміне де бардым. Орынбасарларының да есігін тоздырдым. Еш нәтиже шықпады. 2017 жылы қала әкімі біздің көшені жөндедік деп есеп беріпті. Алайда әлі күнге дейін жолға да, ауызсуға да, көше жарығына да жарығанымыз жоқ. Біз тұрған Д.Нұрпейісова көшесінің сиқы мынау. Жауын-шашынды күндері батпаққа батып, әуре-сарсаңға түсеміз. Автокөлік тізгіндегендердің шегетін азабымен қоса, темір тұлпарларының да сұрқы қашып бітті. Оны қойшы, балаларымыз мектепке лай кешіп барып жүр», – деді ол. «Мың естігеннен бір көрген артық» демекші, Қант зауыты шағын ауданынының жай-күйін көрдік. Көше тұрғындары «жоқтан бары жақсы» деп отырған шұқанақ басып кеткен көше жолымен жүре алмайсың. Олар қар ерігенде бәтіңкесіне пакет қалта байлап, аяқ киім тазалайтын шүберегін қалтасына салып жүруге мәжбүр. Ал жазда топырағы борпылдап айналаны шаң басып жатады. Тіпті ондағы ой-шұқырдың көптігінен шақырған жедел жәрдем де уақтысында келіп көмек көрсете алмайды екен. Бұл бойынша жақында ғана Шу қаласына әкім болып тағайындалған Садан Жаңғарашевты сөзге тартқан едік. – Бұрын қалада 190 көше болатын. Соңғы бес жылда Шу қаласының аумағы үлкейіп, көше саны 340-қа жеткен. Қазіргі таңда оның тең жартысы жолмен қамтамасыз етілген. Жол жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Әуелі мектеп орналасқан шағын аудандарға жол саламыз. Бұл – басқа жолдар назардан тыс қалады деген сөз емес. Мәселен, Қант зауыты шағын ауданындағы Д.Нұрпейісова көшесінің жобалық-сметалық құжаттары дайын. Бірақ алдағы жылы ол көшеге ауызсу құбыры жүргізгелі отырғандықтан, жолға асфальт жабынын төсеуді кейінге шегердік. Сәтін салса, алдағы жылы ауызсу құбыры тартылған соң ол жол да жөнделетін болады. Бұған қоса, биыл аталған көшедегі жарық мәселесі де қолға алынбақ, – деді ол. Біз шулықтардың жанайқайына айналған жол мәселесін бұған дейін де көтергенбіз. Бұқараның базынасы «Aq jol»-дың бетінде бүкпесіз жарияланып келеді. Шынын айту керек, кейінгі кезде сең қозғалды. Аудандағы күре жолдардың құрылысы басталып, тұрғындардың тілегі орындала бастады. Сонымен қатар бүгінгі мақалаға арқау болып отырған ауданішілік жолдардың да мәселесі жергілікті биліктің назарынан тыс қалмаса екен дейміз. Өйткені қыж-қыж қайнаған тынымсыз тіршілікке күретамыры іспетті ішкі жолдардың рахатын, сондай-ақ бейнетін тартып жүрген тұрғындардан артық ешкім біле қоймас.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді