Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар орманшылар бақылауында
- author «Ақ жол»
- 18 ақпан, 2020
- 339
Өңірімізде мемлекеттік орман қоры 4,5 миллион гектар алқапты құрайды. Оның ішінде 2 миллион гектар алқап орманмен көмкерілсе, 1,1 миллион гектар жерді сексеуіл алып жатыр. Бұл табиғи байлығымызды 14 орман шаруашылығы күзетуде. Бұдан бөлек, олар күзететін еліміздің Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктер мен жануарларды және биоресурстарды қорғау үшін құрылған ерекше қорғалатын табиғи 10 аумақ бар. Ондағы Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен өсімдіктер мемлекеттің қорғауында. Өсімдіктерді жойғаны, жануарларды атқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз мәслихатын өткізген облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция басшысының орынбасары Талғат Тоғызбаев айтып берді. – Өткен жылы ерекше қорғалатын табиғи аумақта 34 тәртіп бұзушылық тіркелді. Оның 24-і аң, 4-еуі балық аулау ережелерін бұзғандар. Сонымен қатар басқа да заң бұзушыларды орманшылар ұстап, оларға 1247,1 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ инспекция тарапынан өткізілген 129 рейд барысында табиғатты қорғау заңнамасын бұзған 245 іс қозғалды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда қаскөйлік әрекеттердің 35 процентке азайғанын көрсетеді. Былтыр қаскөйлерден 7 атыс қаруы, 7 ау, 2 қайық пен 14 басқа заттай айғақтар тәркіленді, – деді ол. Бұдан бөлек, өткен жылы 17 ағаш, 16 сексеуіл кесу бойынша іс қозғалып, құқық қорғау органдарына берілген. Жануарлар әлемі бойынша 4 өрескел құқық бұзушылық тіркеліпті. 2 іс бойынша 5 қарақұйрықты атып алған қаскөйлердің әрқайсысы 2 жыл 6 айдан жаза арқалаған. Бір істе электрошок әдісімен балық аулағаны үшін қаскөй 1 жыл мерзімге балық аулау құқығынан айырылып, 50,5 мың теңге айыппұл төледі. Орман өрті туралы осы инспекция басшысының орынбасары Болат Асамбеков айтып берді. Оның айтуынша, өткен жылы облыста 15 орман өрті орын алыпты. Бұл өрттер бойынша тергеу жүргізіліп, 6 лауазымды тұлға мен 3 орман пайдаланушы – әкімшілік, 18 азамат тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Екі лауазымды тұлға жұмыстан босатылған. Сондай-ақ 5116 гектар алқапта орман өндіру жұмыстары жүргізілген. 1731 гектар алқапқа екпе ағаштары отырғызылған. Жиын соңында олар журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да жан-жақты жауап қайтарды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді