Ауылдың айтқыштары

Ауылдың айтқыштары
ашық дереккөз
Ауылдың айтқыштары
Меркі ауданының Меркі ауылында Ерғали Иманбаев деген кісі тұрады. Өзі ақкөңіл, аңғал және әзілкеш. Оның әзілдері таза жүрегінен, іс-әрекетінен туындап, шынайылығымен ерекшеленеді. Сол әзілдің бірнешеуін оқырманға ұсынғанды жөн көрдік. «Енді лаулап жанамыз» Ерғали кәсіпкерлікпен шұғылданады. Меркінің қақ ортасындағы «Махаббат әлемі» орталығында сауда нүктесі бар. Ол орталық бұрын «Балалар әлемі» деп аталды. Солай аталып тұрған кезінде күзетшілердің жауапсыздығынан өрт шығып, әлгі ғимарат өртеніп кетті. Сол өртпен бірге біреудің 5 миллион теңгеге алған заты, біреудің 500 мың теңгелік тауары шығын болады. Ал, Ерекеңнің өзі де 1 миллион теңгеге залал шегеді. Сонда Ерекең қызулау күйінде: – Енді лаулап жанамыз, – деген екен. «Ұрының да отбасы бар» Сол Ерғали бір жылы жылқы байлаумен шұғылданады. «Мен бірнеше жылқы байлап отырмын» деп ол көрінгенге мақтанып айта беріпті. Ақкөңілдігі ғой. Содан бір әккі ұрылар бір түнде Ерекеңнің үш байлау жылқысын ұрлап әкетеді. Оған келіншегі Пернеш күйіп-пісіп, уайым шегеді. Сонда болмысынан байсалды, сабырлы әрі әпенді Ерғали: – Әй, Пернеш, уайымдама, болар іс болды, ұрының да отбасы және бала-шағасы бар ғой, – деген екен. «Шығынымыз грантпен қайтты» Осылай кей сәтте шығынға батып жүргенде Ерғалидың бір қыз, бір ұлы жоғары оқу орындарына өз білімдерімен грантқа түсіп кетеді. Сонда Ерғали риза көңілмен: – Әй, Пернеш, қарашы міне, екі перзентіміз грантта. Ақылы түрде оқытсақ, жылына екеуіне 1 миллион теңге кетер еді ғой. Баяғы өртенген заттың да, ұрланған жылқының да өтеуі қайтты, солай емес пе, ә, – деп қуанған екен.

Есет Досалы.

Ұқсас жаңалықтар