- Advertisement -

Қадыр ағаның үш қадыр-қасиеті

182

- Advertisement -

НЕМЕСЕ ӨМІРДІҢ ҚИМАС ҮШ МЕЗЕТІ

Серік Құралбай,
Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты.

Қайран, ақын!

…Со-н-а-ау жетпісінші жылдардың аяғында комсомолдың жеті жыл «кәшісін» жеп, өлеңін айтып, сөзін сөйлеп жүрген бүгінгі «Ақтоған», бұрынғы «Большевик» ұжымшарының бастауыш комсомол ұйымының жетекшісімін. Жанып тұрған, «жер тарпып» тұрған кезіміз. Қазір көпшілік «кітап оқымайды» деп өкпелейміз. Шынын айтқанда оқымайды емес кітапқа қол жетпейді ғой. Әдеби кітап сататын кітап дүкендері жоқ, көзден бұлбұл ұшты. Қазіргі «Наурыз» сауда кешені болып тұрған жер бұрын «Мелодия» деген дүкен еді. Оның ішінде кітап дүкені жарқырап тұратын. Бүгінгі статистика үйі болып тұрған ғимаратта, аудандық комсомол комитеті орналасқан еді. Сол жердегі кезекті жиыннан кейін өңшең жетекшілер алдымен кітап дүкеніне кіріп, содан соң асханаларға барып «бастаңғы» жасаушы едік.
Сондай сапардың бірінде дүкеннен Қадыр Мырзалиевтің шынашақтай, «Ақ отау» деген кітабын сатып алдым. Елу шақты өлеңінің ішінде «Маскүнемдер монологі» деген он шумақтан тұратын өлеңін дастархан басында «бастаңғыда» отырған комсоргтерге оқып бердім.
Бәрі шу ете түсті. «Қайта оқышы, қайта оқышы» деді. Қайта оқыдым.
«…Сарылтпай да сұратпай,
Сыраң болса, кәне, құй.
Түннен қалған тамақтай,
Ашып кетті мына ми», – деймін. Олар одан бетер у-шу.
«…Бұл арақта дау бар ма?
Елді аузына қаратты.
Іше білмес жандар ғой,
Жамандайтын арақты», – деп әрі қарай желдіртемін.
«Бәрі оңай» деп жүргенді де, «қайтем жазды күзде де, ішім дерсің баққаның» дегенді де, «бір нәрсенің басы, бір нәрсенің аяғы» екенін де оқып бердім. Бәрі жабылып көрді. Бәрі жабылып жиылып, бәрі жабылып біреуін жіберіп, бәрі бір-бір «Ақ отаулы» болғанын айтсаңызшы?! Қазір сол кезді аңсап отырмын.
Ол-ол ма?! Оны ауылға апарып достарыма оқып берейін. Олар да бір-бір кітаптан сатып алып, «Сарылтпай да сұратпай, сыраң болса қане құй» деп, «ашып кетті мына ми» деп басын ұстап, талай жерде «бас ауруларынан» жазылғандары бар. Қайран Қадыр ағаның қасиеті-ай!..

«ШАРАПТЫҢ» ШАМАСЫ

…«Кәші» жеп жүргенше «сүт ішсін» дей ме, ұжымшардың бастығы, парторгтер сиыр фермасына анда-санда өкіл, кезекші етіп жіберіп қояды. Онда «сүт ұрламасын, жем, силос қолды болмасын, тәртіп болсын» деген тапсырмалар бар. Сондай бір кезекшілік кезінде, жаңылмасам 1978 жылдың наурыз айы-ау. «Ойбай, Серік. Сені колхозымыздың бастығы шұғыл келсін» деп жатыр деген парторгтің шопыры екпіндетіп келіп тұр. Ойым он сан. «Не болып қалды екен, неге шақыртып жатыр?» деген сұрақтарды арқалап конторға да жеттім. Сөйтсем, ауылда сазгер-әнші Ескендір Хасанғалиев және айдарлы, айбарлы ақын Мұхтар Шахановпен кездесу болайын деп жатыр екен. Сол көпшілікпен жүздесуден кейін қонақтарды біздің үйде күту керек болып, қызу іске кірісіп кеттік. Ұжымшардың саман кірпіштен тұрғызған клубында әйдік кездесу өтіп, қонақтар, он бес шақты адам үйге сау ете қалды.
Арасында өзіміздің колхоздың атқамінерлерінен басқа, аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің басшысы Тоқтахан Мырзабаев, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, менің тікелей бастығым Жақсымбет Тасқынов бар. Жайылған тоқ дастарханда қонақтар өте көңілді отырды. Әзіл де, ән де айтылды. Мұхтар ағамыз бірнеше керемет өлеңдерін оқыды. Ескендір Хасанғалиев баянмен бірнеше ән салды. Орыс ағайындардың «ащы суы» да ағыл-тегіл.
Ескендір аға ара-арасында «отты судан» ұрттап отырса, Мұхаң тіпті рюмкаларды алдына да қойдырмай қойды. Қанша қолқа салынса да құп ала қоймады.
Ет желініп, шай келгенде үйдің иесі ретінде сөз кезегі маған тиді. Миымның жеткенінше жақсы тілек айтып, аттың басын Мұхтар ағаға қарай бұрып, Қадыр ағамның «Шарап» деген өлеңін мақамына келтіріп оқи жөнелдім.
«…Шарап, сенде бар жүзімнің,
Ашу-кегі, ызасы.
Саған басын тұрады иіп,
Дастарханның жүз асы.
Жасайсың сен, ырду-дырду,
Той, тамаша, сауық-кеш
Және өзің сол сауықты,
Бірінші боп бұзасың.
Сен дауысты шығарасың,
Сыбызғы қып, сырнай қып.
Сен адамды жібересің,
Шынардай қып, дырдай қып.
Сен адамға бермейтіннің,
Бәрін-бәрін бересің.
Сонан кейін жібересің,
Бәрінен де жұрдай қып», – деп, шараптың уытынан «бір бокалдан тіріліп, бір бокалдан өлетінін, оның өзгелерді таныстырып болған соң, бір туғанды бөлетінін, тіптен кәнденді пілге үргізетінін» толық оқып шықтым да Мұхтар ағаға қарап:
«…Әйткенменен күнде-күнде,
Бола бермес сауық той.
Сауық тойда,
Әзіл-қалжың, ойнап-күлу салық қой.
Ішпейсің бе?!
Сыйлы қонақ рахмет,
Екіншісін ішпес үшін,
Біріншісін алып қой», – дедім.
Дастархандағылар ду ете қалды. Ал өлең оқығалы бері риза болған Мұхтар аға шын пейілін білдіріп, Қадыр ағамның құдіретті өлеңіне елтіп, «ана рюмканы әкелші» деді. Әкелдім. Қайдан шыққанын қайдам. Он-он бес грамдай ғана сұйық сыятын, бас бармақтай ыдыс екен. Соған коньяктан құйдырып, не дегені ойымда жоқ, жаңағыны ұрттап жіберді.
Денелері кішкене қызыңқырап қалған қонақтар: «Әй, бағанадан бері саған сөз бермей, Мұқа! Ине өткен жерден жіп те өтеді, алдыңғысы жетімсірейді» деген сияқты қолпаштауларды айтып, Мұқаңа «бармақтайдың» жаңылмасам екі-үшеуін алдырды. Отырыс одан бетер жандана, қызықты бола түсті, «ал, ал» да көбейе түсті.
Сондай мезетте Мұқаң:
– Ілгеріде, – деді елдің бәрінің назарын өзіне аударып. – Біреудің баласы «оқуға түстім» деп, әке-шешесін алдап, бір-екі жыл Алматыда жүріп алыпты. Ел болған соң сөз жерде жата ма, әрі өтірігі шығып, әлгі бала шашын өсіріп, балағы көше сыпырып жүретін «кала-кала» дейтін модалы шалбар киіп, гитара алып, ауылға келіп, не жұмыс жоқ, не бітірген іс жоқ, көшеде сандалып жүріп қалыпты. Бір күні ертеңгілік әкесіне: «Әке, әке! Түнде бір түс көрдім», – депті. Әкесі айта ғой деген соң «Түсімде ауданның бірінші басшысымен бірге шай ішіп отырмын» дейді ғой пәтшағар.
Түсті «жақсыға жору керек» дегенді білетін әкесі: «Балам. Осылай көше тоздырып, көше сыпырып жүрмейді екенсің. Жұмыс істеп, мал тауып, нәсібің өседі екен», – деп жорыпты.
Тағы да бес-алты ай өткен соң баласы әкесіне түсін айтып, «обкомның басшысымен шай ішіп отырмын» депті. Әкесі бұл түсті де жақсыға жорып, «мәртебең, нәсібің өседі екен» деп жорыпты. Тағы біраз айдан соң баласы түсінде республика басшыларымен шай ішіп отырғанын айтып мәз болыпты.
Бұл жолы әкесі: «Түсті де шамаңа қарап көрмейсің бе, ит-ау. Сен Алматыдағылармен шай ішетін кімсің?» – деп күйіп-пісіп әке-шешесінен түк қоймапты.
Сол айтқандай, мынаны да шамаға қарап алайық, – деп Мұқаң көпшілікті бір серпілтіп еді.

ҚАДЫРДЫ БІЛМЕСЕҢ, ЖУРНАЛИСТ БОЛМАЙСЫҢ!

Димаш атамыздың «Өтті дәурен осылай» дегеніндей, Есенқұл Жақыпбектің «Сарғалдаққа бір қуанып, Қызғалдаққа бір қуанып, өмір-өзен ағады сырғып ағып» деп жырлағанындай, біздің де дәурен өмірдің ағысымен ырғып ағып өтіп жатыр ғой. Мен он алтыға келер-келместе 37 жасында мақпалдай жібек мінезді Мақпал анам дүниеден озды. Інім, қарындасым үшеуміз қалдық. Жер барып жеткізбесін, әкеміз «ащы» судың «тәтті» дәмін бізге татқызудай-ақ, татқызып еді.
Жиырма төртке келіп үйленіп, саз балшықтан үй соғып, төрт балалы болған кезімде, 30-ға келгенде ҚазГУ-дың табалдырығын аттап, сырттай журфакқа емтихан тапсырып жатырмын. Елу орынға 200-ден аса үміткер. Несін жасырайын, сеніп, үміт артып барған ағам «шығармадан құласаң, журфакпен қоштасасың, ал қалғанына демеу жасауға болады» деп сенімді адамына жолықтырып, табыстады.
Бес-алты шығармадан емтихан алатын ғалым ағаларымыз бәрімізді аудиторияға кіргізіп, конверттерді ашып, шығарманың тақырыптарын анықтап, нақты тапсырмалар беріп, «көп шимайлай бермей, нақты 5-6 бет шығарма жазса болғанын, бірдеңеден көшіргендеріңді өздері де бірден біліп қоятынын» айтып аттың басын жіберткізді.
Айналам қытыр-қытыр, шытыр-шытыр. Бұрын емтихан тапсырып көрмеген басым «Шіркін-ай! Аналардың қолындағыдай дүние менің қолымда болса, үш қайнаса да сорпасы қосылмайтындай қып жазып беретін едім» деп, қолымдағы жаңа сатып алған «Лениншіл жасқа» қараймын.
Сонымен он ойланып, тоғыз толғанып, жедел толғатып, шығарманы «КСРО – Бейбітшілік тірегі» деген еркін тақырыпқа жазып, екі-үш күннен кейін 200 үміткердің тең жартысынан көбірегі «құлағанын», «5» алған ешкім болмағанын, он төрт «4» алғандардың ішінде мен де бар екенімді көріп, бас киімімді аспанға аттым. Есесіне қазақ тілінен тілім байланып қала сақтап «үш» алдым.
Сыртқа шыққан соң бағалау парағына қарасам, шығарманы тексеріп, «4» қойған Томанов ағамыз, ал қазақ тілінен де емтихан тапсыру сол ағаға дөп келіппін. Орыстардың «чудес не бывает» деген сөзі бар, бірақ кереметтер болады екен. Ағамыз өзі қойған төртінің жүзінен өте алмады-ау деймін. Сол төрттіктің арқасында «үш» алғанымды түсініп, Құдайға мың да бір рахмет айттым. Шет тілінен «автомат» алып, «КСРО тарихынан» Р.Нұрғалиевтың сынағынан үш сұраққа дәйектірек жауап бергенімде ол кісі:
– Қадыр Мырзалиевті білесің бе? – деді
– Білемін. Білгенде қандай, – деп қуанып кеттім.
– Оны білмесең журналист болмайсың. Бір шумақ өлеңін оқышы, – дейді.
– Шынымды айтсам, Қадыр ағаның 40-50 өлеңін жатқа білуші ем. Көбі лирикалық өлеңдер «Көзімді ашсам да сені көрем, жұмсам да сені көрем, қалай жүрсем де, қалай қарасам да саған кезігем» деген сияқты…
Бірақ ойланып, ойланып: …Бабамызды шоқ басқан табанымен,
Бірдей екен жақсысы жаманымен.
Бір жаманы – тынымсыз көше берген,
Бір жақсысы – қимаған даланы кең, – дегенімде Нұрекең:
– Ой! Жарайсың! – деп «төрт» қойып берді. Осылай Қадыр ағамның өнерінің, өлеңінің құдіретінің арқасында ҚазГУ-дің табалдырығын аттадым.
Иә, жасымнан сүйіп оқыған, сүйіп жаттаған Қадыр Мырза-Әлі ағамның сегізінші ондықты «майдалап» жатқан ғұмырымда өлеңдері осылай мені үш белеске шығарып аспандатып, өмір жолында кең арнаға түсірді. Қолыма журналистің алтын қаламын ұстатты.
Қадыр ағаның өзі айтқандай сөзі өлмейтін ақынның, өзі де өлмейтіні ақиқат екеніне бүгінде шынайы көзім жетіп отыр.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support