- Advertisement -

Өмірге ғашық жүрекпен

52

- Advertisement -

Көз – өмір айнасы. Жанары арқылы адам баласы қоршаған орта туралы жан-жақты мәлімет алады. Ал зағип жандарда мұндай мүмкіндік жоқ. Олар тек заттардың пішіні мен көлемі арқылы қабылдай алады және есту арқылы ақпараттардан құлағдар болады. Сондықтан біз Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын жан-жақты насихаттау мақсатында өз оқырмандарымыз үшін түрлі іс-шаралар өткізіп, тактильді картиналардан көрмелер ұйымдастырып отырамыз.
Соның бірі де бірегейі – тактильді картиналардан жасалған «Ұлы Даланың жеті қыры» атты көрмесі. Тактильді картиналарда тұлпардың келбеті, ат әбзелдері, қазақ елінің ұлттық брендіне лайықты болған алма мен қызғалдақ, қазақ батырларының жаудан қорғануға арналған қару-жарақтары, садақ, қылыш бейнеленді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының басты мақсаты – ұлттық кодты сақтай отырып, жаңа кезеңге аяқ басу екенін атап көрсеткені белгілі. Біз осы бағдарламаны қолдай отырып, өз салт-дәстүрімізді зағип оқырмандарға жан-жақты насихаттау үшін арнайы этноауылдың кішігірім макеттерінен көрме жасадық. Көрмеге қазақ үй мен оның сән-салтанатты жасау-жабдықтары, қазақтың қара қазаны мен ошағы, күбісі, алтыбақан, алтыбақан айналасында ұлттық киім киген ұл-қыздар бейнеленді. Аталған бұйымдардың әрқайсысы, ежелгі бабаларымыздың дәстүрлерінен мол хабар берер дүниелер болғандықтан, аса шеберлікпен жасалды. Бұйымдар мен тактильді кітаптар, кітаптарды өңдеу және жинақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Сейтбаеваның қолынан шықты. Әрбір бұйым асқан ыждаһаттылықпен нақышына келтіріліп жасалды.
Көрмені тамашалаған зағип оқырмандар әр затты саусақ ұшымен сипалап, сезу арқылы танып біліп, Гүлнар апайға алғыстарын жаудырды. Осындай көрмелерді көргеннен кейін, зағип жандардың қолөнерге деген қызығушылықтары артқан секілді. Қазір олар осындай бұйымдарды жасауға атсалысқылары келетіндіктерін жеткізуде. Ал кітапхана ұжымы өз оқырмандарының ұсыныстарын қолдап отыр.
Биыл біз кітапханада «Өнерге ғашық жүрекпен» атты әдеби-мәдени клубын ашуды жоспарлап отырмыз. Оның жұмысына Гүлнар Жарғаққызы жетекшілік ететін болады. Осылайша зағип жандармен бірлесе отырып «Алтын адам» бейнесін, тарихта аты қалған «Ұлы Жібек жолы» керуенін бейнелейтін тактильді картиналар жасап шығару көзделуде.
Біз 2017 жылдан бері «Ерекше балаларға – ерекше кітаптар» бағдарламасымен жұмыс істейміз. Ол бойынша да зағип бүлдіршіндерге арналған бірнеше ертегі тактильді кітаптар шығарылған. Бүгінде бұл ерекше кітаптар сұранысқа ие, алдағы 2020 жылы «Андерсен әлеміне саяхат», «Бейнетқор Майя» мультфильмі жайлы саусақ ұшымен сипап сезіп оқитын, ыңғайлы тактильді кітап шығару жоспарланып отыр. Кітапхананың бұған дейінгі жасаған «Ұлы Даланың жеті қыры» атты тактильді кітабы Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасының 50 жылдығына орай өлкетану бағытында «Ең үздік басылым» байқауында 3-дәрежелі дипломымен марапатталған болатын.

Мая Әзімқұлова,
облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін
азаматтар кітапханасының кітапханашысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support