- Advertisement -

«Еркін пікір» – ерекше көзқарастар алаңы

101

- Advertisement -

Қоғамдық бірлестіктер қай кезде де елдің көкейіндегі мәселелерге назар аударғандары ләзім. Әсіресе жастар білімді, білікті болуға ұмтылғандары ләзім деп білеміз. Сырғанақ уақыт сырғыған сайын интеллектуал жастардың уақыты туатыны анық. Қысқасы бүлік қуғанның емес, білім қуғанның дәурені жүретін кез келе жатыр. Біз, жастар жағы осыны ешқашан қаперден шығармаймыз.

Пікірсайыс – шешендік өнерге баулу мен адамның сыни ойлау жүйесін қалыптастыру және жастардың сөйлеу мәдениетін, қабілетін арттыру, тұлғалық көшбасшылық болмысын дамыту мақсатында және ұжымдағы әртүрлі көзқарастың, ой-пікірдің ортаға салынып, көпшіліктің талқысына түсуі. Пікірсайыста қарсы көзқарасты әділ сынап жеңу – басты мақсат. Ал тақырыбы алуан түрлі болуы мүмкін. Мысалы, саясат, мәдениет, тіл, құқық қорғау сияқты. Оның тақырыбы нақты, көкейкесті болуымен бірге, ондағы мәселе, ұсынылатын әдебиеттер қатысушыларға күні бұрын таратылады. Уақыт тәртібі сақталып, шебер жүргізуші тағайындалады. Дебат — ғылыми жұмысты қорғау алдында немесе көркем әдеби шығарманы жариялау алдында пікір білдіру. Сөзсайыс барысында жұмыстың көкейкестілігі, құрылымы, баяндау қисыны мен уәжі анықталып, ғылыми немесе көркемдік мәні бағаланады. Онда әлеуметтану, психология, педагогика және ғылым салаларындағы зерттеулер де қолданылады.
Белсенді, білікті жастардың қызығушылығының нәтижесінде біздің облысымызда пікірсайыс қозғалысы 2000 жылдардың бастапқы кезінде өз бастауын ала бастады. Алғашқы кезде тек студенттер арасында өткізілетін пікірсайыс ойындары оқушылар арасында да үлкен қызығушылық туындатқаны анық. Университеттер мен колледждерде пікірсайыс клубтары құрылғаны сөзіміздің дәлелі деп ойлаймыз. Өңір жастары республикалық турнирлерге қатысып, жүлделі орындардан көрініп, өзге өңірлердің тәжірибесімен алмасуды жүзеге асырды. Он жылдың ішінде облысымызда пікірсайыс бір жүйеге келіп, қалыптасты. Әрине, мұның барлығы да үлкен еңбектің жемісі екені анық.
2010 жылы біздің өңірде барлық пікірсайысшы жастардың басын қосатын облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі құрылды. Бірлестіктің алдында көптеген үлкен-үлкен міндеттер тұрды. Пікірсайыстың бірыңғай жүйесін қалыптастыру, Тараз қаласында және облыс аудандарында мектеп оқушыларын дебаттарға даярлау мақсатында жетекшілерді оқыту, ой жарыстыратын турнирлерде төрелік ететін білікті төрешілердің базасын қалыптастыру, пікірсайыс қозғалысын дамыту, республикалық деңгейде пікірсайыс турнирлерін ұйымдастыру және өткізу жұмыстары мен міндеттерін қалыпты ырғақпен жүзеге асыруға күш жұмсалды.
Облыстық «Еркін пікір» пікірсайыс одағы жастар қоғамдық бірлестігі, жоғарыда айтқанымыздай, 2010 жылдың 25 ақпанынан бері аймақтағы жастар және өзгелер арасында жалпы пікірсайыс ойындарын ұйымдастыру, мемлекеттік жастар саясатын дамыту, білім алушылар арасында дебат ойындарын дамыту, турнирлер мен іс-шаралар ұйымдастыру мақсатында жүктелген міндетті өз деңгейінде атқарып келе жатыр десек, қателеспейміз. Қоғамдық бірлестіктің алғашқы төрағасы Серікбол Берікқожаның ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында бастау алған ұйым жұмысын 10 жыл ішінде Асхат Олжабаев, Ақнұр Сәрсенбек, Нұрсейіт Қарабаев секілді іскер жігіттер жүйелі түрде жалғастыра білгенін атап өткен жөн. Қазіргі таңда облыстық «Еркін пікір» пікірсайыс одағы жастар қоғамдық бірлестігінің бесінші төрағасы ретінде жұмыс істеп жатқан жайым бар. Мақсат – біреу. Бұған дейінгі атқарылған жұмыстарды одан әрмен жандандырып, жастардың қасынан табылу керек.
«Еркін пікір» облыстық пікірсайыс одағы жастар қоғамдық бірлестігі құрылғалы бергі уақытта екі мыңнан астам мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстарын, 12 мәрте республикалық пікірсайыс турнирін жоғары деңгейде өткізе білді. Оны жастар да айтып жүр. Облыс әкімдігі білім басқармасымен, жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, барлық оқушылар және студенттермен бірге бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығарып, өзімізге жүктелген міндетті абыройлы орындаудамыз.
Иә, он жылдың көлемінде «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігінен шыңдалып, шарболаттай ширығып шыққан пікірсайыс шеберлері еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылған республикалық және халықаралық сайыстардың жеңімпазы атанды. 2015 жылы пікірсайыс шеберлері арасында ең жоғары дәрежелі «Nur Otan» партиясының ауыспалы кубогі додасы өткізілді. Сол сөзсайыста да қисынға толы ойларын, нақты ұстанымдарын жүйелі түрде жеткізе білген өңіріміздің өрендері қатарынан оза шауып, жеңістің ең биік тұғырынан көрінді. Біз үшін бұл мерей әрі мәртебе деп айта аламыз.
2018 жылы жүргізілген республикалық рейтингтің қорытындысы бойынша облысымыздың намысын қорғап жүрген оғландар екінші орыннан көріне білді. Осы жылдың үздіктері болып, Ерғали Әбуғали мен Сағат Жаналиев сынды білікті жастардан құралған топ республикалық пікірсайыс турнирінің абсолютті чемпиондары чемпионы атағына қол жеткізді.
Біздің таланттарымыз студенттік лигада топ жарып қана қоймай, 2019 жылы NARXOZ университетінің ұйымдастыруымен өткен республикалық оқушылар арасындағы турнирде Жамбыл ауданы мен Байзақ ауданынан бірігіп апарған командамыз чемпион атанып, NARXOZ университеті ұжымы тарапынан атаулы жеңілдіктерге ие болды. Бұл дегеніміз – оқушылардың зияткерлік ойындар арқылы сапалы оқу орнына оқуға түсуге көп мүмкіндіктер туындайды деген сөз. Пікірсайыс қозғалысы қазіргі таңда республикалық деңгейде үлкен сұранысқа ие екені рас. Бұл тұрғыдан алғанда біздің облысымыз бойынша қатысушылардың саны да артып отыр. Нақтылай кетсек, мың адамға жуықтады.
Бірлестік қызметіне пікірсайыс ойындарын ұйымдастырумен қатар, облысымыздың аудандарында осындай ойындардың түрін дамыту және жалпы пікірсайыс семинарларын әртүрлі тренингтерін өткізе алатын мамандарды сертификаттау кіреді. Жалпы, өңіріміздегі барлық елді мекендерде оқыту жұмыстарын жүргізу және басқа қызметтерді абыроймен атқарып келеміз.
Ағымдағы жылы «Еркін пікір» облыстық пікірсайыс одағы жастар қоғамдық бірлестігі өзінің он жылдық мерейтойын тойламақ. Бірлестіктің негізі қаланған кезден бүгінгі күнге дейінгі он жылдың ішінде пікірсайыс қозғалысынан он мыңға жетеқабыл жастар түлеп ұшты. Олар қазіргі таңда еліміздің әр қиырында сан түрлі салаларда жемісті еңбек етіп жүргені анық.
«Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі пікірсайыстан бөлек түрлі салаларда жемісті жұмыс атқарып келеді. Солардың бірі – «Көшбасшылар мектебі» жобасы. Ол арқылы жастар халық алдында еркін сөйлей білуге, шешендік қабілеттерін шыңдауға, өз ортасының көшбасшысы атануға мүмкіндік алады. Сонымен қатар «Зейін» қосымша білім беру» жобасын да өз деңгейінде жүзеге асырудамыз. Аталмыш жоба аясындағы мектеп оқушыларына ҰБТ және ағылшын тілін оқыту олардың тегін білім алуға мүмкіндігін арттырады деген ойдамыз.
Қазіргі таңда «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігінің жұмысы өз нәтижесін беріп отырғаны айқын. Анығырақ айтатын болсақ, он жылдың ішінде отыздан астам қысқа және ұзақ уақытқа арналған түрлі жобаларды жүзеге асырып келдік. Алдағы уақытта да бірлестік қызметкерлері белгілі бір мерзімде жинаған тәжирибесімен облысымыздағы азаматтық қоғамның жұмысын жетілдіруге өз үлесін қоса беретін болады.
Жастар жүрген жер – жанартау. Бүгінгі күні жұмыс істеп жатқан үкіметтік емес ұйымдардың бірқатарындағы жалынды жастардың қарымды істерін көріп, көңіл марқаяды. Қазіргі уақыт – жастардың уақыты. Біз осыны ешқашан қаперден шығармайтын боламыз.

Шахназар ЖҮСІПОВ,
«Еркін пікір» облыстық пікірсайыс одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support