Игерілмей жатқан жерлерге салық мөлшері 10 процентке арт тырылмақ
- author «Ақ жол»
- 17 ақпан, 2020
- 193
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов пайдаланылмай жатқан егістік және жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, қайта пайдалану туралы баяндап берді. Оның айтуынша, өткен жылы аудандарда 35,5 мың гектар егістік жер игерусіз қалыпты. Басқарма тарапынан қолданылған іс-шаралардың қорытындысында игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 10504 гектар егістік, 93658 гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Алдағы уақытта игерілмей жатқан 46964 гектар егістік және жайылымдық жерлерге салық мөлшерлемесін 10 есе көбейту үшін ұсыныс жолданды. Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына қайта қосу үшін аудандарда 18 конкурс өткізілген. Байқауға түскен 9,2 мың гектар егістік, 189,9 мың гектар жайылымдық жер ауыл шаруашылығы мақсатында қайта айналымға енгізілді. Бұдан бөлек, кәсіпкерлердің сұранысын қанағаттандыру мақсатында облыс орталығы мен аудандарда 42 аукцион өткізіліп, 114,6 гектар жер телімі 184,8 миллион теңгеге бағаланып, кәсіпкерлерге сатылған. Бұрын Жер заңнамасының осы нормалары қағаз жүзінде өткізіліп келгендіктен де сауда-саттық қорытындылары төңірегінде түрлі дау-дамайлар туып жататын. Бүгінде бұл мәселе шешімін тауып, біздің облыс Батыс Қазақстан облысынан кейін екінші болып электронды форматқа көшірілді. Соның нәтижесінде 2019 жылдың 18 желтоқсанында Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі базасында «Ақпараттық-есеп орталығы» АҚ-ның Мемлекеттік мүлік реестрі веб-порталы арқылы жердің алғашқы сауда-саттығы өткізілді. Оған аумағы 0,4351 гектарды құрайтын 5 жер телімі шығарылып, төрт лот бойынша жеңімпаздар анықталды. Сөйтіп 4 жер телімі 4 347 660 теңгеге бағаланып, кәсіпкерлік мақсатта сатылды. Олардың кадастрлық құны 273 520 теңгені құрады. Ендігі кезекте бұл жүйені аудандарда өндіріске енгізу жоспарлануда. – Сонымен бірге халықтың сұранысымен елді мекендердің әкімшілік-аумақтық құрылымдарының шекарасы нақтыланды. Осылайша 115 елді мекен шекарасы картаға орналастырылды. Осындай мәселемен қайырылған «Алматы» кеңшары мен Гвардейск қалашығының тұрғындары бұрын мемлекеттік қызметті 150 километр жердегі Ұзынағаш ауылына барып алып келсе, биыл бұл мәселе де шешімін тапты. Енді ол ауылдың тұрғындары қажетті құжаттарын алу үшін 80 километр жердегі Қордайға қатынап жүр. Жалпы Алматы облысынан 1091 гектар жер Қордай ауданына берілгелі, екі облыстың шекарасына орналасқан тұрғындардың мәселесі оң шешімін тапты, – дейді Бақтияр Бейсенбайұлы. Ол жиын соңында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да жан-жақты жауап қайтарды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді