Азаматтық қорғаныс мемлекеттік жүйесі облыстық қызметтерінің күштері мен құралдарының су тасқыны кезеңінде әзірлігі жөнінде, су тасқыны мерзіміне дайындығы және алдын алу шаралары, сонымен қатар, «1 наурыз – Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Брифингте АҚМЖ облыстық ТЖД азаматтық қорғау саласындағы зілзалалар қауіп-қатерін азайту және бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғаныс полковнигі Мақсат Әкімбаев және орынбасары, азаматтық қорғаныс подполковнигі Денис Орхименко қатысты. М.Әкімбаев облыстық төтенше жағдайлар департаменті кәсіби апаттық-құтқару қызметтерінің көктемгі кезеңге дайындығы бойынша нақты жұмыстардың атқарылғаны туралы БАҚ өкілдерін хабардар етті. Облыс аумағындағы Шу, Талас және Аса өзендерінің жайылмаларынан тыс жерлерде су басу, сол сияқты тау бөктерінен бастау алатын Жуалы, Меркі, Қарақыстақ, Қайыңды, Қарақұндыз, Ырғайты, Аспара, Ақсай және Көксай өзендері бойынша батпақты ағындардың да биылғы жылға қауіптілігінің төмен екендігін, әйтсе де температураның күрт жоғарылауы жағдайында облыстың барлық аудандарында лай көшкіні болу мүмкіндігі де ескертілді. Өз кезегінде Д.Орхименко: «Су тасқыны жағдайының алдын алу және жедел шара қолдану мақсатында оған тартылатын облыстың азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарына түзету жүргізілді. Азаматтық қорғау қызметтерінің өзара іс-қимылын пысықтау, жетілдіру және арттыру үшін департамент «Көктем-2020» аталатын жоспарланған арнайы жаттығулар бойынша дайындық іс-шараларын өткізуде» – деді. – 1 наурыз күні – Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні деп, сол күн тегіннен-тегін таңдап алынбаған. Дәл сол күні АҚХҰ жарғысы күшіне енгізіліп, оны 18 мемлекет қолдаған. Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күнін атап өтудегі негізгі мақсат халыққа табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, сонымен қатар заманауи зақымдаушы құралдардан қорғанудың әдістерін үйрену, осы бағыттағы білімді насихаттау болып табылады, – деп қорытындылады сөзін Мақсат Әкімбаев. Департамент қызметкерлері кез келген күтпеген жағдайда өз-өзін ұстау ережелерін білу және қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін еске салып, ересектер өздеріне және балалар мен жақындарына «Дармен» мобильді қосымшасын тегін орнатуды ұсынды. Мәслихат соңында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауаптар қайтарылды. Мысалы, Қырғызстандағы «Киров» су қоймасының қазіргі жағдайы туралы сұраған осы жолдардың авторына Мақсат Әшімбайұлы: «Қазіргі таңда аталған су қоймасының жарамдылық жағдайы жақсы күйде, су деңгейі де қалыпты. Сондай-ақ үнемі бақылауда, қауіп-қатерге ешқандай негіз жоқ» деп мәлімдеді.
Тұрмаханбет ҚАЗАҚБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді