«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Айнакүлдің түйетауықтары

Айнакүлдің түйетауықтары
ашық дереккөз
Айнакүлдің түйетауықтары

ОНЫҢ БАЛАПАНДАРЫ МЕН ЕТІНЕ КӨРШІ ОБЛЫСТАН ДА ТАПСЫРЫС ТҮСУДЕ

Жеке кәсіпкер Айнакүл Ахмадбекованың құс шаруашылығымен айналысып келе жатқанына 20 жыл болыпты. Қазақта «Келін ененің топырағынан» деп бекер айтылмаса керек. Оның келін болып түскен отбасында, енесі Мәрия құс өсірудің хас шебері болса керек. Жас келін енесінен тауық, қаз, үйрек, түйетауықты өсірудің қыр- сырын үйреніп, кейін оны кәсіпке айналдырады. – Алғаш сүйікті ісім ретінде айналысып жүрдім. Кейін тауықтың етін, жұмыртқасын сатып пайда таптық. Осылайша жұбайым Әбдіманап екеуміз құс шаруашылығымен мықтап айналысуға көштік. Өйткені ауданда жұмыртқаға, құс етіне деген сұраныстың жоғары екенін байқадық. Он жылдан бері Тараз қаласында өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне қатысып келемін. Ол жақта да тұрақты тұтынушыларымыз бар, – деді ол. Айнакүл үш жыл бұрын «Бизнес-Бастау» бағдарламасы бойынша оқып, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан алған 4 миллион теңге несиесіне балапан басып шығаратын инкубатор сатып алыпты. Қазір құс балапанына деген сұраныс артып келеді. Әсіресе соңғы жылдары түйетауық балапанына деген сұраныс күрт артып кетті. Тапсырыс берушілер бір ауданнан ғана емес, көрші Түркістан облысынан да түсіп жатса керек. Бүгінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жас кәсіпкерлерге түйетауық етіне сұраныстың артқанын айтып, қайтарымсыз грантты осы бағытта алуға ұсыныс жасауда. Өткен жылы 505 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болғандардың 65-і түйетауық алып, кәсібін бастаған. Биылдың өзінде Айнакүлдің инкубаторынан түйеқұс балапанын алу үшін 30 жас кәсіпкер келісімшартқа отырыпты. – Біз инкубатордан шыққан балапанды келісімшартқа сәйкес 1-1,5 ай бағып, қанаттандырып, вакцинасын егіп, сәуір айының ортасынан бастап бере бастаймыз. Бір балапанның құны нарықта 5 мың теңгеге бағаланады. Жобаға қатысқан жастар қолындағы қаржыға 101 құс алады. Бұдан әрі «WhatsApp» желісінде чат ашып, ақыл-кеңесімізді айтып отырамын. Сондай-ақ аудан кәсіпкерлерімен өндірілген құс етін Тараз қаласындағы «Магнум», «Себет» сауда орталықтарына өткізу жоспарымызда бар. Түйетауық үш айда – 10, бес айда 20 килограмм ет береді. Оның бір килограмы базарда 2200 теңгеге өткерілсе, ал дүкенде 1800-2000 теңгеден қабылдайды. Түйетауықты балапан кезінде «Пурина» деген жеммен азықтандырады. Жетіле келе оны «Старт», «Рость», «Финш» деген жем алмастырады. Жемге және жылы суға қосып дәрумендер береміз. Құрамы байытылған жем берілсе де құс тез семіреді. Басқа құстарға қарағанда оған ерекше күтім керек. Атап айтсақ, түйетауық балапаны жаңа жұмыртқа жарып шыққан сәтте оны ұстайтын бөлме температурасы 35 градус болуы тиіс. Табанынан сыз өтпеуі үшін еденге 10-15 сантиметр ағаш ұнтағы төселеді. Әрбір кәсіптің өз қиындығы бар. Тер төкпей табыс кірмейді. Жастарға айтарым Үкімет қолдап тұрғанда кәсіп ашып, соның көзін тауып жұмыс істеу керек. Жалқаулық жарға жығады. Жалқаулықтан арылатын кез келді, – деді ол. Сондай-ақ Айнакүл «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы ұйымдастырған семинарларда жастарға құсты күтіп ұстау туралы дәрістер оқуда.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ, журналист.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар