- Advertisement -

АЛТЫ АЛАШҚА АРДАҚТЫ ЖҰБАН ЕДІ…

411

- Advertisement -

Әр қазақтың жүрегіне «Мен – Қазақпын!» деген мақтаныш сезімін ұялатқан Жұбан Молдағалиевтың осы бір туындысын білмейтіндер кемде-кем шығар. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы осы және «Кісен ашқан», «Қыран дала», «Сел» поэмалары үшін ең жоғарғы Мемлекеттік сыйлықтармен марапатталған. 1986 жылы Жазушылар одағында Г.В.Колбинмен өткен кездесуде басын қатерге тіге отырып, жастар қозғалысын қолдаған да оның кеудесіндегі «Мен – Қазақпын!» деген рухты сезім еді. Өлеңдері мен поэмалары сан қырлы поэзия байлығына айналған Жұбан Молдағалиевтың биыл 100 жылдығы. Ақын қазақ халқының тарихы туралы «Мен – Қазақпын!» атты толғауында халқының атынан мінбеге шығып сөйлей отырып, тарихи шындықты, халықтың эпикалық өмірін кестелеген.
Ол 1920 жылдың 5 қазанында Орал облысының (қазіргі Батыс Қазақстан облысы) Тайпақ ауданы, Жыланды ауылында дүниеге келген. 1940 жылы Орал ауыл шаруашылық техникумын бітіріп, 1940-1947 жылдары әскер қатарында болып, әскери-саяси курстарда білім алды, Ұлы Отан соғысына қатысты. Соғыстан кейін 1948-52 жылдары «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жұмыс істесе, 1958-63 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметін атқарған. Бірнеше жыл Қазақстан Жазушылар Одағын басқарды. КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы әдебиет, көркемөнер және архитектура саласындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитетінің, «Новый мир» журналының редколлегиясының және библиотека «Библиотека почта» басылымы редколлегиясының мүшесі болды. Алғашқы жыр жинағы «Жеңіс жырлары» деген атпен 1949 жылы басылып шықты. Содан бергі уақытта 60-тан астам кітабы, әр кезеңде қазақ және орыс тілдерінде таңдамалы шығармаларының бірнеше томдары жарық көрді. Жұбан Молдағалиев қаламынан туған көптеген шығармалары бірнеше шет тілдеріне, атап айтқанда ағылшын, неміс, француз, поляк, испан, венгр, араб, моңғол тілдеріне аударылған. 2000 жылы Үкімет қаулысымен Батыс Қазақстан ғылыми-әмбебап кітапханасына Жұбан Молдағалиев есімі берілді.

Мен – қазақпын!

(Поэмадан үзінді)

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Мен – қазақпын, ажалсыз анамын мен,
Құрсағыма сыйдырам даланы мен.
Пәк сәбимін бесікте уілдеген,
Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен.

Мен – жігітпін, айқасқа, сынға асықпын.
Жүрегі бар кеудемде шын ғашықтың.
Жанартаудай жойқынмын жұлқынғанда,
Шарықтасам, қыран боп шыңға шықтым.

Мен – қаракөз сұлумын, сайтан қызбын,
Сайрай қалсам, тілімнен бал тамғыздым.
Сүйер болсам, өмірдей өле сүйдім,
Қас батырмен қайрасқам балтам жүзін.

Осындай боп, білмеймін, кімнен тудым.
Бәлки қайсақ, бәлки бір ғұннан тудым.
Деп шатыпты біреулер «күннен тудым».
Жоқ, сірә, мен қара құл, күңнен тудым.

Руым көп солардың аттарындай,
Мінезім бар таулардың қатпарындай.
Ән-жырым бар бабалар хаттарындай,
Әжімім бар бейнеттің таптарындай.

Қаза тапқан солдаттай ізгі өлімнен,
Қалалар да өтіпті түз белінен.
Қаңқалары табылып жатыр қазір
Соғыстар мен жорықтар іздерінен.

О замандас, соларға бір қараңыз:
Әр кірпіші, әр тасы бір қора аңыз.
Өлгендерді тірілтіп, өмірлі етіп,
Өшкендерді табатын бір ғана біз.

Мирасы ма, мұра ма аз ба со да?
Алынбайды алтындай қазбаса о да.
Тереңім көп, тұңғиық тарихым көп,
Жылдар көші том-томдап жазбаса да.

Жаза алмадым, қайтейін, хат білмедім.
Білдім, бірақ, найза мен аттың белін.
Ат үстінде ұмыттым кедейлікті,
Ат үстінде өлсем мен шатпын дедім.

Жетпеген жоқ ғылымға зеректігім,
Сезбеген де емеспін керектігін.
Қала бердім жарыққа жол таба алмай,
Қараңғыға тас батып ер екпінім.

Кейін білдім жердің де шар екенін,
Өз өлшемі, өз шегі бар екенін.
Көк өгіз деп көтеріп тұрған соны,
Ысырап боп жүріпті «бәрекелдім».

Ұзақ ұйықтап тұмса түз бесігінде,
Естімеппін Архимед есімін де.
Жерді үйіру қиялы былай тұрсын,
Жемісі де тимепті несібеме.

Танытпады надандық Сократты,
Гомерді де көп ғасыр тоқыратты.
Көзім басыр болса да, ойым көргіш
Мен де ақын ем өзіндей сол бір қарттың.

Келсе ғой далама бұрын олар,
Коперниктер, Джордано Брунолар!..
Қапы кетті қаншама ұл-қыздарым,
Бағы жанса, солардың бірі болар.

Арылмады басымнан замана – түн,
Үйіп-төгіп жазмыш жаманатын.
Европадан жетпіс жыл соң оқыдым,
«Коммунистік манифест» ғаламатын.

Соң оқыдым, талайдан бұрын ұқтым,
Түннен күнге күрт басып бұрылыппын.
Бір бөлшегі болғаным қандай бақыт,
Россиядай, Лениндей ұлылықтың!

Ал бүгін ше? Бүгін мен азаматпын,
Жаза алатын, ғылымды қаза алатын,
Жаза алатын дүниелік дастандарды,
Жаза алатын тарихқа қазақ атын.

Атымның да кеше ғой танылғаны,
Оған дейін не таңба таңылмады?
Солар жайлы ойлансын ұрпағымыз –
Шолпан қызы, шапақты таң ұлдары,
II

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

– Жоқ, ондай ел болмайды жер бетінде!
Мал соңында құл емей желдейтін не?
Мен – Шыңғыс хан, атыңды өшіремін,
Менмін сені тірідей жерлейтін де!..

Екі айтпайды хан тақсыр, бір кеседі,
От көссе де қолымен, бір көседі.
Қылышына ілініп қылша басым,
Әр шапқыншы қолында жүр кесегі.

Шегірткедей қаптаған ат тұяғы,
Тозаңдатып талқандап жатты ұямды.
Ит үрікті түтеген түтіндерден,
Шат күлкілі даланы жат күй алды.

Қарсыласпай өлмедім, қан татырдым.
Құлап қалсам атымнан, қайта тұрдым.
Сансыз басты диюдей сан тіріліп,
«Мен – қазақпын» дегенді айта тұрдым.

«Мен – қазақпын» дедім хан Темірге де.
Жез тырнақша қадалды жебір неме.
Шыңғыс қорқау болғанда, мынау бөрі,
Біреуінен бірі кем елірді ме!?

О да құдай саналды, жұртты алдады.
О да мені өлтірді, құрта алмады.
О да кетті жегідей, жерімді отап,
О да салды денеме дыр таңбаны.

Таңба-таңба тәнімнің тыртықтары,
Қатпарына қаншама сыр тықпады?
Шежіренің беттерін ашар о да,
Оқи алсаң кітаптай, сүртіп қанын.

Қан да, көздің жасы да сорықпады.
Күреңітті көлдердің борықтары.
Азан-қазан «Ақ табан шұбырынды»,
Ала топан жоңғардың жорықтары…

Мал айрылды дағдылы жайлауынан,
Жер айрылды жарлы елден, байлы ауылдан.
Қыран бүркіт адасты мекенінен,
Қыз жаңылды сертті сөз байлауынан.

Сарыарқада сарнады Асан қайғы,
Домбырадан бақсыдай бас алмады.
«О, қарт баба, еңсеңді көтер! – дедім, –
Көп күрсінсең, көңіл де қасаңдайды.

«Ару – жолда, мал – терде, бала – белде»,
Уайым түбі – теңіз ғой, бара берме.
Жігер керек, жыр керек, жалау керек,
Қайрат күйі боп төгіл қаралы елге.

Жерімізде жау қолы жосығанда,
Тура айтуға тірі тіл шошығанда,
Жалғыз дауыс – домбыра емес пе еді
Қарсы барған қаныпезер Жошы ханға?

Күй емес пе ботасыз нар идірген?
Ән емес пе аққудай жар ілдірген?
Жыр емес пе жүрекке жел бітірген?
Олар барда дей алман тарылды іргем.

Жолдас емес адамға дүние боқ.
Жұмаққа да жүр қазір дін ие боп.
Өлең қалсын ұрпаққа, өнер қалсын,
Ата мирас мәңгілік дүние боп.

Ұлы аманат етейік еркіндікті,
Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті.
Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең
«Қазақ болу – зор бақыт» дер күн тіпті…»

Сондай-сондай заманды кешкен елмін,
Жұт арытып, шөл қысып көшкен елмін.
Өшіп кетіп бір жайда жер бетінен,
Өзге орында балалап өскен елмін.

Дос та іздедім жау тисе болысатын,
Қыс қыстасып, жаз бірге қонысатын.
Еділ, Жайық, Ертісті сағаладым,
Үміт көрдім қаһарлы орыс атын.

О да қолын ұсынды тосқан таңдай.
Тар кезеңде табысқан достар қандай!
Жайып салдым алдына жанымды мен,
Аппағынан жарылған дастарқандай.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support