Аман, Есен, Жүрсін

20

Өткен жылдың соңғы күндері аудан орталығынан шалғай жатқан Ақниет ауылдық округінің орталығы Д. Қонаев ауылында тұратын Құрманалиевтер отбасы үшін ұмытылмас сәттер болды. Себебі дәл осы күні Дәулет Құрманалиевтың үш қызының арасындағы жалғыз ұлы Дидардың зайыбы Қымбат үшем босанды. Бірге туған шақалақтардың үшеуі де ер бала. Үшемнің есімдерін 58 жастағы Дәулет ағамыздың өзі Аман, Есен, Жүрсін деп қойыпты.
Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Дінмұхамед Қонаев ауылына арнайы барып, Құрманалиевтер отбасының мүшелерімен тілдесті. Аудан басшысы Ерболат Салқынбекұлы үшемнің денсаулығы әрқашан да маңызды екенін атап өтіп, атқарушы билік тарапынан шақалақтарға барлық жағдай жасалатынын айтты. Өз кезегінде Дәулет Құрманалиев те «Ұлық болсаң кішік бол» деген қағиданы ұстанып, өзінің азаматтығын көрсете білген аудан басшысына ризашылығын білдірді. Содан соң аудан әкімі шақалақтарға балалар арбасы мен сыйлықтар табыс етті.
Қазір қуанышымда шек жоқ. Ана мен бала денсаулығы үшін барын салып еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз» дейді үшемнің анасы. Туылған сәтте үшемнің екеуінің салмағы 2 келі 300 грамм болса, біреуінікі 1 келі 700 грамм болған екен.
Қазіргі күні Аман, Есен және Жүрсіннің денсаулықтары қалыпты жағдайда. Аудандық орталық аурухана мен ауылдық дәрігерлік емхана тарапынан қажетті көмектердің барлығы дерлік көрсетілуде.

Ләззат ҚҰРАЛБАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.