- Advertisement -

Қобызды да қорладық, домбыраны да даңғыраға айналдырдық

152

- Advertisement -

фонограмма «жұлдыздары» Абай аңсаған әсем ән мен тәтті күйдің тоз-тозын шығарған жоқ па?

Әлеуметтік желіге әлдекім Shakenzo және Auka деген лақап атпен шыққан орындаушылардың «Мұртыңды қырсай» деген дүбәрә дүниесін «жаңа ән» деген айдармен жүктеп қойыпты. Не ән деуге келмейді, не әуезін қазақтікі деуге аузың бармайды. Ал сөзін айтпай-ақ қояйық. Осыны қаншама адам тыңдады десеңізші. Әсіресе жастар бастапқыда арзан күлкі, орынсыз қылжақ үшін бір-біріне көрсеткені даусыз. Сөйтіп өздері де байқамай жаңа «туындының» қаралымын арттырды.

Ардақ Үсейінова

Әрбір жаңа ән шыққанда, егер солай деп айтуға келсе, құлағымыз үйреніп, етіміз өліп кеткені сонша сөзіне де мән бермей ыңылдай қосылып жүре береміз.
Әйтеуір онша-мұншаға бас қатырмайтын немқұрайлылық бар. Бірер күн бұрын вице-премьер Бердібек Сапарбаев Мәдениет министрлігіне сала ісін дамытуға қатысты әкімшілік ресурстарды пайдаланып, әкімдіктермен бірге жастарды театр мен кітапханаға «тартуды» тапсырып, фонограммамен өнер көрсететін қазақстандық әншілерді сынға алды.
Рас, бұл әңгіме бұған дейін де талай мәрте қозғалған. Өнер жанашырлары жеке концерттерді дайын фонограммасыз өткізу туралы бастама көтергелі де біраз болған. Әйтсе де бұрын тек әнді әрлеп, алдын ала дауыс жазғызып алатын «әншісымақтар» ол аз болғандай, соңғы кездері қобыз бен домбыраны да жасанды дауыспен оранжировкаға қосып алды. Бердібек Сапарбаевты ашындырғаны да осы жайт. «Соңғы кездері қобыз бен домбыраны фонограммаға қойып тартатын болды. Бұл музыка аспаптарын қорлау ғой. Қобыздың да, домбыраның да өз үні болады емес пе? Мына заманда тәрбие беру ісінің маңызы зор. Өнердің осы жағына көңіл бөлмесек, соңы жақсы болмайды», – деген Премьер-Министрдің орынбасарының осы сөзі мәдениет пен ән өнері саласына бетбұрыс әкелер ме екен?!
Былтыр қазан айында Мәдениет және спорт министрлігі фонограммамен ән айтуға қатысты заң жобасын ұсынған еді. Енді әншілер жеке концертін қалай өтетінін алдын ала ескертіп, афишада хабарлағаны дұрыс екенін ескертіп отыр. Ал мұндай мәлімдемеге сахнада жүрген әншілер не дейді? Жалпы өнер иелерінің бұған көзқарасы қандай?
– Фонограммамен ән айтатындар «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүретіндер. Бірер жыл бұрын ондай «әншісымақтар» соншалықты қаптап кеткен еді. Қазіргі уақытта олардың қатары азая бастады деп ойлаймын. Себебі ондай «дарындарды» уақыттың өзі сахнадан ысырып тастайды. Бұл халықты көзбе-көз алдау ғой. Ондай әншілерді халықтың өзі жөнге салу керек деп ойлаймын.
Бүгінде халық әндерінің өзін құбылтып, түрлендіріп айтатын болды ғой. Шыны керек домбырамен ән айтқанда қобызды, жетігенді, сазсырнайды және басқа аспаптарды қосып айтса, өте тамаша шығады. Сол әндерді жанды дауыспен айтып тыңдаушының құлақ құрышын қандырса, Абай айтқандай, «Құлақтан кіріп бойды алар. Әсем әнмен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар», көркем дүниеге айналмай ма?! Ал әншінің салған әнін естіген тыңдарман қиялға беріліп, халықтың сөзімен жеткізсек, жұрттың көзі жұмылып, аузы ашылып қалу керек қой.
Қоғам қайраткері Қалтай Мұхамеджанов Кенен атамыздың 100 жылдық мерейтойында «Кенекең қазақтың сал-серілік дәстүрінің үлгісін ХІХ ғасырдан ХХ ғасырға алып өткен алтын көпір» десе, Серік Үмбетов «Сол дәстүр шаршамай шалдықпай ХХ ғасырдан ХХІ ғасырға алқынбай тағы да өтті», – деп Кенен атамыздың 120 жылдық тойында үлкен ой айтқаны саф өнердің өлмейтінін көрсетсе керек. Менің ұстазым Жәнібек Кәрменов: «Текті ердің ішінде алтын ер тоқымды ат жатады.Текті қыздың ішінде, алтын бесікті айдарлы ұл жатады» деуші еді. Сол тектілердің ұрпағы бүгіні мен ертеңін ойлап, өнерлерін дұрыс жолға қойып, ақылға келеді деп ойлаймын. Өйткені көзбояушылықтың ақыры – әшкере болу, ұятқа қалу, – деген дәстүрлі әнші Дүйсенбек Өмірәлиев көшірме, ұрлық әндерді шырқап, плагиат жасап жүргендер қазақтың өз әнін немесе басқа ұлттардың туындыларындағы негізгі авторлық сөздерді алып тастап, мән-мағынасы жоқ жеңіл сөздер жазғызып шырқап жүргендер де көбейгенін қынжыла жеткізді. «Ол әншілерді ақпараттық таралымдардан шығармау керек», – деген ойын да бүкпесіз айтып қалды.
Ал Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Бақытжан Шағырбаев фонограмма жөнінде арнайы заң қабылдамайынша, бұған тоқтау салу мүмкін емес дейді. «Біздің филармонияда фонограммасыз концерт беріп, үлгі көрсететіндер тіпті аз. Жасан Тілеубеков деген жігіттің ғана өнерге деген адалдығы байқалады. Өзім сахнаға алдын ала дауыс жазып шыққан емеспін. Осы сейсенбіде филармонияда шеберлік класын өткіздім. Онда сирек орындалатын 20 әнді тоқтамай шырқап бердім. Қазіргі жастарда жалқаулық басым, әннің сөзін жаттамай келіп, студияда қағазға қарап айтып, дауыс жазғызып кете береді. Осының өзі үлкен қателік. Себебі өлеңін жаттамаған соң, әнді сана-сезіміне әбден сіңіріп, түсіне алмайды. Сондықтан жүректен шықпаған ән, жүрекке жетпейді», – деген ол ішкі толғанысын жасырмай жайып салды. Таза, саф өнерді насихаттауда үлкен бастамашылдық танытып жүрген әнші жақында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қабылдауында болғанын, сол жерде мәдениет саласын дамыту туралы әңгіме қозғалғанын айтты.
– Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдығына орай 100 ауылды аралап, тегін концерт бергем. Елбасының 70 жас мерейтойында 70 елді мекеннің тұрғындарына концерттік бағдарламамды ұсынамын дегем, денсаулығым сыр беріп, 54-ін ғана қамтыдым. Алдыңғы жылы Талас ауданының 90 жылдығына орай 90 ауылға бардым. Президенттің Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ алуым да осындай еңбегімнің жемісі деп білемін. Бұл марапат маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Сол себепті биыл жыл соңына дейін әр айда бір ауданның барлық елді мекенін аралап, тегін өнер көрсетуді жоспарлап отырмын. Әрі осы арқылы ауылдағы жас дарындарды табуға, соларға кеңес беріп, бағыт көрсету ойда бар, – дейді Бақытжан Шағырбаев.
Иә, қазір ән мен әнші туралы сөз қозғала қалса, әңгіме аранжировканы да айналып өтпейтін болған. Қазіргі кезде жасыратыны жоқ, әнге түрлі әуез қосып әрлегенде, тыңдап отырған туындының қай елдікі екенін ажырата да алмай қалатын болдық. Әйтеуір сөзі қазақша. Бірақ оның өзі «олпы-солпы» кие салған көйлек секілді, не мағына, не ұйқасы жоқ.
Әнге түрлі ұлттың әуездерін қосып әрлеудің өзі туындының табиғатын бұзады дейді белгілі әнші, Қазақстан-ның еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүңіреков. «Әсіресе елді елітіп билету үшін үндінің, түріктің, өзбектің және басқа да ұлттардың музыкасынан алынған әрлеумен (аранжировка) ұлттық өнеріміздің тамырына балта шауып жатыр деуге болады. Өйткені ертеңгі келер ұрпақ осындай дүбәрәні біздің ұлттық әндеріміз осындай екен деп қабылдайды. Тағы бір айтарым, фонограмманың кесірінен нағыз таланттар көлеңкеде қалып жатқанын мойындауымыз керек. Ал концерт фонограммамен өтеді деп афишаға жазылғанымен, одан өзгеріс болады деп ойламаймын. Өйткені мағынасыз даңғырлаған музыкаға әбден еті үйренген халық оған да бара береді.
Жалпы фонограмма туралы мәселені бұдан да ертерек көтеру керек еді, әлі де кеш емес деп ойлаймын. Бұл өзі бастапқыда телевидениеде, радиода музыкамен әндердің таза шығуы үшін пайдаланылған әдіс болатын. Қазіргі кезде өнерге еш қатысы жоқ, кездейсоқ адамдардың «жұлдыз» болуына жол ашатын құрал болып тұр. «Хит» болып жатқан әндерді алып қарасыңыз сөзінде не мағына жоқ, не ұйқасы жоқ, ұлттық колориті жоқ әр елдің әндерінен ұрлап алған әндер. Өнерге жаны ашитын нағыз әншілер мұндай қадамдарға бармайды», – деп белгілі өнер иесі қазіргі әндер туралы талдап айтып берді.
Әнге аран-жировка жасаудың да өзіндік қыр-сыры бар. Ән әрлеушілердің көпшілігі тапсырыс берушінің талабын орындауға мәжбүр. Өйткені кейбіреулер үшін сұраныстың азайып кетпегені маңызды. Сол себепті нарықтық кезеңнің бұлжымас қағидасы, яғни тапсырыс берушінің сөзін заң деп қабылдайды. Ал «әншісымақтар» әуені әр әннің көшірмесіндей болған әуезден бірден «хит» жасағысы келеді. Бұл туралы танымал әнші-ән әрлеуші Ғани Мәтебаев өзінің инстаграм парақшасында былай деп жазады: «Бізге аранжировкаға тапсырыс беретін әншілерден ең көп еститін әңгіме «сухой», «неге дыбыстар аз». Ән қазақша болып тұрса да «Восточный дыбыс қос», «Даусымды қатты шығар» деп жатады. Шетелдің әндерінің аранжировкасына бір көңіл аударыңызшы, бас гитара мен барабан. Синтез ара-арасында ғана. Сіз араб немесе түрік емессіз, 118 аспап ойнап тұрып және солар сияқты өте майда милизматикада ән айтатын. Сіз қоңыр дауысты қазақсыз. Содан кейін тағы бір мәселе, барлық әнге бірдей шығыс әуендерінің дыбысын қоса беруге болмайды. Олар барлық әнге бірдей келе бермейді. Ол қазақ музыкасына зиянын келтіретін нәрсе. Егер шетелден қонақтар келсе, сіздің орындаған әндеріңізді тыңдап, бұлардың музыкасы өзбек, араб, түрік тағы басқа елдердікіндей деп ойлайды ғой. Аранжировкада неғұрлым дыбыс немесе аспап аз болса, дауыс анық естіледі».
Ғани Мәте-баевтың репертуар таңдаудағы талғамының жоғары екенін білеміз. Сондықтан оның студиясына барып, ән жазғызғысы келгендер де бұл мәселеге тереңірек ой жіберіп, содан кейін таңдауы мен талабын айтатын шығар.
Жалпы ән таңдау дегеннен шығады. Соңғы жылдарда бір ғана Тараздың өзінен небір талантты, талғамы жоғары әншілер шықты. Олардың көпшілігі қазір үлкен қалалардағы концерттерге шақырту алып, халықаралық фестивальдерге қатысып жүр. Соның бірі – Замир Әуелбеков. Оның да өзінің студиясы бар. Ол жерде әнші жеткіншектерге дәріс беріп, әншілік өнердің қыр-сырын үйретеді.
– Бір жыл бұрын осы студияны аштым. Әлі дауыс жазып, үлкен жобаларды қолға алған жоқпын. Әзірге онда менен сабақ алғысы келген жас өнерпаздарға әнді орындау шеберлігі туралы дәріс беріп жүрмін. Әнді жазып, фонограммамен айтып шыға салу оңай. Бірақ тыңдарман көңілінде, жүрегінде қалу үшін алдымен ән таңдай білу керек. Сахнада тұру мәдениеті, дауысты көтеріп, созып айтқандағы бет-әлпетіндегі мимика, артикуляция бәрімен жұмыс істей алу қажет. Шәкірттеріме алдымен осыны үйретемін. Өзім ән таңдауға аса мұқият қараймын. Сөзіне, ұйқасына, әр буынына, әуенінің «бояуына» бәріне қараймын. Қазіргі жастарша айтсақ, хит әндерге құмар емеспін. Жеңіл, ойнақы әндерді орындап, бүгін жарқырап, ертең сөнген жұлдыздай бола алмаймын. «Сені көрсем басым ауырады, Жаныңды шығарамын» деген секілді мәні де ұйқасы да қашқан әндер менің талғамым емес. Маған шырқайтын әннің кең диапазонды болуы маңызды. Кез келген туындыны әбден қайталап шырқап, бойға сіңірмейінше, ол жүрекке жетпейді. Сондықтан шығар фонограммамен айтылған ән – сүреңсіз естіліп, көңілді тербемейтіні. Жалпы өзім фонограмма арқылы жеке концерт беруге түбегейлі қарсымын, – деді Замир.
Әншінің пікірі Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың: «Фонограмманың түрі көп. Біздің министрліктің көзқарасы: өнер таза болуы керек және эстрада да жанды дауыспен айтылуы керек», – деген сөзін еске түсірді. Жасандылық, талғамсыздық өскелең ұрпақтың тәрбиесіне кері әсер ететінін ұмытпағанымыз жөн. Арзан ән мен сылдыр сөз өнердің өлшемі болмайды.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support