- Advertisement -

«Қарапайым заттар экономикасы» талас тұрғындарының «екінші тынысын» ашты

89

- Advertisement -

Аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың халық алдындағы жылдық қорытынды есебіне облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысты. Осы уақытқа дейін барлық ауылдық округтерде болып, ауыл жұртшылығының алдында есеп берген әкім бұл жолы да ауданның жеткен жетістіктері мен алдағы жоспарын айтты.
– Аудандағы жалпы өндірілген өнімнің көлемі 45 миллиард 266 миллион 600 мың теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 8 миллиард 524 миллион теңгеге артық орындалды.Аудандағы 24 елді мекеннің 14-іне және Қаратау қаласына газ құбыры тартылған. Бөлтірік шешен, Көшек батыр, Үшарал, Арал және Қайырға тартылатын газ құбыры жұмыстары аяқталды.
Салық түсімдерін арттыру және инвестицияларды тарту үшін қазіргі таңда ауданда бірнеше жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, құны 3,7 миллиард теңгені құрайтын, қуаттылығы 9 мВт болатын жел электр энергиясын өндіру мақсатында «Вин Пауер Сити» және «Вин Электрсити» ЖШС-ның соғу жұмыстары жүргізілуде. «Амангелді ГАЗ» ЖШС-ның «Айрақты» кен орнында қосымша ұңғымалар іске қосылды.
Бүгінгі күні «Урба Солар САС» франциялық компаниясы тарапынан қуаттылығы 50 МВт күн электр стансасын соғу бағытында 150 гектар жер бөлу туралы ұсынысына байланысты жер қарастыру мақсатында жұмыстар жүргізілуде.
«Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 19 миллиард 150 миллион 500 мың теңгенің 14 жобасы несие алу бойынша қолдау тапты. Соның арқасында Таластың тағы бір тынысы ашылмақ.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2019 жылы жалпы сомасы 79 миллион 650 мың теңгенің 14 жобасы іске асырылды. Оның ішінде ауданнан шыққан беделді, жомарт жандардың қолдауымен демеушілік көмектер көрсетілді. Атап айтсақ, Көктал ауылының тумасы Алпамыс Бақытұлы 70 миллион теңгеге Көктал ауылынан заманауи үлгідегі мешіт, спорт зал соғып берді. Сол сияқты Қожағаппар ауылында мешіт ел игілігіне пайдалануға берілсе, «Пырақ құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Талғат Базарбекұлы көп балалы отбасына Ойық ауылынан құны 1 миллион 200 мың теңге тұратын тұрғын үй сатып алып берді, – деді аудан әкімі баяндамасында.
Есепті жиынға келген аудан тұрғындары да көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Ауданның Құрметті азаматы Базылхан Тоқтыбаев: «Қаратау қаласы 70-90 жылдары республика бойынша ең көрікті, таза қала болатын. Қала сәулетіне сәйкес тұрғын үйлер болды. Бүгінде ұзақ жылдар бойы бос тұрған, қаланың орталығында орналасқан үйлер қаланың келбетін бұзуда. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегіне мұқтаж азаматтар санының артуына байланысты, бос тұрған үйлерді жөндеуден өткізіп, ел игілігіне берілсе. Осы мәселеге баса назар аударып, тұрғын үйлерді алуға және кезекте тұрған азаматтарға беруге ықпал етсеңіз» деген өтінішін білдірсе, ардагер ұстаз, Қаратау қаласының тұрғыны Лес Нұрұлы: «Ардагер ұстаз ретінде айтарым, аудан орталығы Қаратау қаласындағы мектептердің, балабақшалардың көбісінің тозығы жеткен. 1980 жылдардан күрделі жөндеу көрмеген мектептер мен балабақшалар бар, кейбір нысандардың қоршаулары, жылу жүйесі, электр желісінің тозығы жеткен. Әрине, бір дегенде жөндеу мүмкін емес шығар, бірақ заман талабына сай мектептер мен балабақшаларға балаларымыз барса деп ойлаймын. Аудан әкімі жаңа баяндамасында жобалық-сметалық құжаттарын дайындап жатқандығын атап өтті. Сізден де қолдау болса…» деп облыс әкіміне қайырылды. Ал Берікқара ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуандық Сатыбалдиев ауданның таулы аймағына жататын Берікқара, Қасқабұлақ, Қаратау және Көктал ауылдық округтеріне табиғи газ тартылса деген тілегін білдірді. Мұнан өзге де сауалдарға тиісті жауаптар беріліп, хаттамаға енгізілді.
Жиын соңында қорытынды сөз сөйлеген облыс әкімі аудан басшысының жұмысына оң баға беріп, атқарылуы тиіс жұмыстардың бағыт-бағдарын айтты.

Талас ауданы.

Жүрсінгүл Жақып

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support