Несие алу үшін құжат тапсырушылар көбейді
Бүгінде қанатқақты жобаға енген ауылдық округтерде оң серпіліс байқалады. Оны сол ауылдық округтерге баспасөз турымен барған іссапарымызда анық байқадық. Жуалы ауданындағы Ақтөбе ауылдық округінде қанатқақты жобаның екінші бағыты жақсы жүзеге асырылып жатқанының куәсі болдық. Округ әкімі Арабхан Запаровтың айтуынша, округтегі 494 ауланың жобаға қатысуға ниет білдіргені 444 аула. Үй іргесіндегі жалпы жер телімі 68 гектарды құрайды. Ауыл тұрғындары бірінші айналымда картопты – 57, қырыққабатты – 3,9, қызанақты 6,6 гектар жер теліміне орналастырмақ. Екінші айналымға қияр, асхана қызылшасын, тұрып тұқымын сеппек. Осылайша үй іргесіндегі жер телімінен екі қайтара өнім алуды жоспарлауда. Екінші бағыт бойынша мал алуға 196 тұрғын құжат жинап, өтініш берген. Округте 833,1 миллион теңгеге 3169 бас мал алу жоспарланған. Қазіргі таңда 110 адам «Тараз» əлеуметтік кəсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамынан 346 миллион теңге несиесін рәсімдеп, оған 107 жылқы, 140 бас мүйізді ірі қара, 230 бас қой сатып алған. Соның бірі – Жаңаталап ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Қайырғазы Əбдікерімов. Ол 5 миллион теңгеге 10 бас жылқы, 25 қой сатып алған. Бұдан бөлек, мал азығы үшін 2 мың түп тайланған шөп, 20 тонна жем дайындаған.
– Шынын айтсам, алғашқыда бұл жоба туралы жете түсінбеген екенмін. Кезінде несие алып аузымыз күйіп қалғандықтан болар, беттемей жүрдім. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов ауыл тұрғындарымен өткізген жиында көзім ашылғандай болды. Ол кісі жобаның мақсатын жан-жақты түсіндірген соң, ауылда сең қозғалғандай болды. Қарап тұрсақ, біріншіден, несиенің өсімі төмен, екіншіден қолжетімді. Әрі бір жыл каникулы бар, халыққа бұдан артық қандай қолдау керек. Қазір ешқандай банк 2,5 процентпен несие бермесі анық. Осыны ой елегінен өткізе келіп, көршілер бар, ағайындар бар бәріміз несие алу үшін құжат жинастырдық. Бес бие, бес байтал сатып алдым. Алда бие сауып, қымыз өндірсем деген жоспарым бар, – деді ол. Қайырғазының ауыл сыртында 15 гектар егістік жері бар екен. Ол жерді игеретін техникасы болмағандықтан ауылдық округте жаңа құрылған «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы кооперативіне жақында мүше болып кірген. Енді кооперативтің көмегімен сол жерін игеруді көздеп отыр. Округте жаңа құрылған «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы кооперативіне 207 ауыл тұрғыны мүше болып кіріпті. Қазір кооператив «Жаңаталап» шаруа қожалығының қырманын жалға алып, техника паркін орналастырған. Онда 93 миллион 860 мың теңгеге алынған 18 техника тұр. Оның үшеуі трактор, біреуі комбайн. Қалғаны ауыл шаруашылығы тіркемелері. Бес процентпен алған несиенің қайтару мерзімі – 7 жыл. Кооперативтің атқарушы төрағасы Зайырбек Сұлтанмұратовты әңгімеге тартқан едік. – Бұл кооперативті құрғандағы біздің басты мақсатымыз – халыққа көмектесу. Бірінші және үшінші бағыттар бойынша ауыл тұрғындарының жер игеруіне жәрдем көрсету. Жерін жыртып, дәнін сеуіп беру. Сондай-ақ екінші бағыт бойынша мал алғандарға жемшөп дайындауға қолұшын беру. Жалпы, ауыл тұрғындары жобаның негізгі мақсатын енді түсінген сияқты. Техника алып келгелі бері кооперативке мүшелікке кіргісі келетіндердің қатары артты, – деді ол. Кооперативтің алға қойған мақсатының бірі – жобалық құны 15 миллион теңгені құрайтын қалбырлау цехын ашу. Сондай-ақ басқа цехтар ашып, кооператив мүшелерінің өндірген өнімін өңдеуді жоспарлауда. Сонымен бірге сүт таситын автокөлік алу үшін тапсырыс та беріп қойыпты. Бәйтерек ауылының тұрғыны Қанат Төлегенов 3 миллион 360 мың теңгеге 2 бас жылқы, 50 бас қой алыпты. Саулықтардың алды төлдей бастаған. Сонымен бірге ол үй іргесіндегі жер теліміне 200 түп жеміс ағашының көшетін отырғызған. Ол жерден 5 тоннаға дейін өнім алуда. Келесі ауыл тұрғыны Сержан Әбдуалиев 3 миллион несиеге 4 сиыр, 3 жылқы сатып алыпты. «Бұрын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамынан 19 процентпен 2 миллион теңге алғаным бар. Оған қарағанда мына жобаның проценті әлдеқайда төмен. Бұл ауыл тұрғындарының жағдайын көтеруге үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын. Осы жобаға бастамашы болған Мемлекет басшысына, облыс әкіміне алғыс айтамын», – деді ол. Шаруасын біршама жолға қойып алған жеке кәсіпкер 12 сиыр сауып отыр екен. Осылайша Ақтөбе ауылдық округіндегі тұрғындардың екінші бағыт бойынша жасап жатқан жұмысында береке барын көрдік. Өздерін-өзі жұмыспен қамтығандардың да саны артып, әлеуметтік көмек алатындардың санының төмендегенін байқадық. Жобаның арқасында әлеуметтік көмек алушылар саны кеміген Жобаға қатысып отырған он ауданның ішінде Байзақ ауданында екі ауылдық округ қамтылған. Баспасөз өкілдері қос ауылдық округте де болып, кәсіпкерлердің жұмысымен танысты. Ондағы сапарымыз «Қостөбе – 2019» ауыл шаруашылығы кооперативінің жұмысымен танысудан басталды. Аудандардың ішінде Байзақта халық тығыз орналасқандықтан да мұнда жайылым мәселесі күрделі күйінде қалып отырғаны белгілі. Округте жаңа құрылған кооператив ең алдымен жемшөп мәселесін шешуді қолға алыпты. Қалай дейсіз ғой?! Кооператив төрағасы Закир Муминовтың іскерлігі атқарып жатқан жұмысынан-ақ байқалып тұр. Ол жаңа қожалыққа берілген жер телімін қоршап, техника паркін жасақтау үстінде. Өткенде лизингке алған 3 трактор мен ауыл шаруашылығы тіркемелерін ретімен орналастырған. Парктің бір бұрышынан екі 40 тонналық контейнер орнатып, ішіне «гидропоника» құрал-жабдықтарын орналастыруда. Оған қажетті құрал-жабдықты Алматы қаласынан 5 миллион 700 мың теңгеге сатып алыпты. Аптасына 3 тонна жасылшөп дайындалады екен. Ал тәулігіне 65 бас мүйізді ірі қараны азықтандырмақ. – Бұл жұмысты жаңа қолға алдық. Мал азығын осылай шешуді ойластырудамыз. Бұл қондырғыдан күніне 600 килограмм жасылшөп дайындалады. Әлі осындай тағы бірнеше қондырғы қою жоспарымызда бар. Техника паркін жасақтап алсақ, алда кооператив мүшелерінің жемшөп мәселесін шешуге, үй іргесіндегі жер телімі мен ауыл сыртындағы егістік жерлерін тиімді игеруге көмектесетін боламыз, – деді кооператив төрағасы. Округ әкімі Дәурен Тәжібековтің айтуынша, жобаның екінші бағыты бойынша мал алуға 200 тұрғын өтініш беріпті. Қазіргі таңда 112 адам «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамынан несие алған. Олар 1800 бас мал алулары керек болса, бүгінде алынғаны 620 бас. Осының есебінен округте аз қамтылған отбасылардың саны 146-дан 2-ге дейін бір-ақ түскен. Қалғандары жоба аясында несие алып, өздерін жұмыспен қамтыпты. Биыл әкімдікке әлеуметтік көмек алуға екі отбасы ғана өтініш беріпті. «Бұл жобаның нәтижесі. Ел жеке кәсіпке ден қоюдың арқасында халықтың тұрмысы түзеліп келеді. Жобаның жемісін алда бірге көреміз деген сенімдемін», – деді ол. Осыдан кейін ет бағытында мүйізді ірі қара алып, бордақылауға қойған жеке кәсіпкер Бекен Әбдіқадыровтың шаруасымен таныстық. Ол 4 миллион теңге несиесіне 15 бас бұқа, оған қажет жемшөбін алыпты. – Бұқаны 4-5 ай бордақылап, етке өткізем. Содан кейін орнына басқасын қоямын. Осылайша жылына үш қайтара бордақы ұстап, отбасыма табыс кіргізсем деген жоспарым бар, – деді ол. Келесі кезекте Түймекент ауылдық округіне соғып, ондағы жұмыстың барысымен де таныстық. Бұл округ қанатқақты жобаға соңынан 11-ші ауылдық округ болып енгізілгендіктен де несие алғандар мұнда аз екен. Округ әкімі Қанат Смағұловтың айтуынша, жобаға 256 ауланы тарту жоспарланыпты. Қазіргі таңда 225 аула жобаға қатысуға өтініш берген. Бірінші бағыт бойынша 2 жылыжай, бал омартасы мен наубайхана ашу жоспарланған. Екінші бағыт бойынша 39 адам несие алған. Бүгінге 37 бұқа, 11 жылқы, 42 бас қой алыныпты. Ал жоспар бойынша 310 бас мүйізді ірі қара, 545 жылқы, 1084 бас қой алынуы керек. Округ мына қарқынмен бұл жоспарды орындай қояр ма екен деген сұрақ қалды көкейде. Онда мал бордақылап отырған екі үйге соқтық. Жеке кәсіпкер Бейбіт Бақбергенов 3 миллион теңгеге 10 бас бұқа, ал Бахтияр Дауымбаев 3 миллион 480 мың теңгеге 6 бұқа, 4 сиыр сатып алған. Қос азамат та мал басын көбейтіп, осы кәсіпті күнкөріс көзіне айналдырмақ ниетте. Бірақ алдыңғы ауылдық округке қарағанда мұнда жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстың баяулығы аңғарылып тұрды. Жуалы, Байзақ аудандары. Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.Марат Құлибаев
Ұқсас жаңалықтар
Өнеркәсіп өндірісі – 97,2 миллиард теңге
- 28 қараша, 2024
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді