- Advertisement -

елбасы Кітапханасының ғибраты

125

- Advertisement -

Жуырда еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Назарбаев орталығы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында» болдым. Бүгінде елорданың сәулетті нысандарының біріне айналған осы ғимаратты көргендегі әсеріммен бөліссем деймін.

Кітапхананың экспозициялық-көрмелік қызметін осында орналасқан екі мекемеде: Елбасы қоры мен кітапхана музейі қатар іске асыруда. Елбасы қоры жастарға, жас ғалымдарға гранттық жобалар арқылы жан-жақты қолдау көрсетсе, Тұңғыш Президент кітапханасы Елбасының қазіргі уақыттағы қызметін ақпараттық-идеологиялық, мәдени-ағартушылық жағынан насихаттайтын мекеме саналады. Бұл бірегей ғимарат 2013 жылы есімі әлемге әйгілі британдық сәулетші Норман Фостердің жобасы бойынша салынған. Жалпы аумағы 28 мың шаршы метрден астам төбесі әйнектелген дөңгелек пішінді ғимарат заңғар көкке зер салған көз жанарды елестетеді. Ұшқыр ойлы сәулетшінің архитектуралық шешімімен еліміздің жарқын болашаққа деген ұмтылысын білдіретін нысанның сыртқы келбетіне Астанада өткен «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне келушілер де тамсанған еді. Осында келгеннен соң оның іші одан да ғажап екенін түсіндім. Тоғыз қабаттан тұратын ғимараттың ішкі құрылымы алыс сапарға аттанған кемені көз алдыңа келтіріп, оның табалдырығынан аттағаннан-ақ өзіңді сол кеменің жолаушысындай сезінесің.
Ғимараттың бірінші, екінші және үшінші қабаттары келушілер үшін ашық та, қалған қабаттарда жұмыс кеңселері орналасқан. Ал ең жоғарғы сегізінші және тоғызыншы қабаттар Елбасының жеке жұмыс кеңселеріне арналыпты. Жалпы ғимараттың негізгі орталығын бірінші қабаттағы атриум құрайды. Аумағы 500 шаршы метрден асатын осы алаңда Елбасының қатысуымен халықаралық деңгейдегі түрлі жиындар, көрмелер өтіп тұрады. Сонымен қатар Елбасының 30-дан астам тілге аударылған еңбектері арнайы экспозициялық тұрғыда орналастырылған.
Екінші қабатта Интерактивті білім беру орталығымен бірге Елбасы кітапханасы музей қорының бірегей коллекциялары қойылыпты. Мұнда қару-жарақ және әскери сауыт-сайман топтамасы, кәдесыйлық бұйымдар, жұмсақ инвентарь және киім топтамалары, нумизматика, бейнелеу өнерінің туындылары, ыдыс-аяқ, кілем және киіз бұйымдары топтамалары, Елбасының мемлекеттік және қоғамдық наградалар топтамалары қойылған.
Үшінші қабат ашық кітап сақтау жүйелері, сондай-ақ Н.Ә.Назарбаевтың үй кітапханасының басты алаңы екен. Мұнда кітапхана қорын жүйелеу, тізімдеу, электронды каталогты құру, оқырмандарға қызмет көрсету, түрлі тақырыптағы кітап көрмелерін ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі. Кітапхана қызметінің ең негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасының идеялары мен бастамаларын ақпараттық-имидждік тұрғыда насихаттау.
Кітапхана қорында Н.Ә. Назарбаевтың жеке мұрағатындағы 20 мыңнан астам басылым мен 700 жәдігер жинақталған. Олардың арасында мемлекет басшылары мен олардың ресми өкілдерінің сыйлықтары, Президенттің өз қаражаты есебінен алынған өнер туындылары және тарихи мәні зор құндылықтар бар. Кітапхана жаңа кітаптармен, құнды жәдігерлермен, бірегей мұрағаттық материалдармен үнемі толықтырылып тұрады.
Қор үш бірдей галереяға бөлінген. Бірінші галерея – Жеке жинақ деп аталады. Оған Мемлекет басшысына әлемдік деңгейдегі қоғамдық және саяси қайраткерлер, өзге мемлекет басшылары, өнер және мәдениет майталмандары сыйлаған кітаптар енгізілген. Сондай-ақ осы жинақта өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап Нұрсұлтан Әбішұлы жеке кітапханасына өз қолымен жинаған сирек кездесетін кітаптар да бар.
«Тәуелсіз Қазақстан» деп аталатын екінші галереяда Қазақстан туралы, тәуелсіз еліміздің тарихы туралы, сонымен қатар, Мемлекет басшысының өзі жазған және ол туралы жазылған кітаптар сақталады.
Үшінші галереяға әлемдік көркем әдебиеттің ең үздік үлгілері, жаһанға мәлім авторлардың жинақтары қойылған. Мұнда қазақ әдебиетінің үздік жауһарлары да ерекше мәртебеге ие. Сонымен бірге Елбасы туралы әртүрлі жарияланымдар топтастырылған кітаптарды да осы бөлімнен табуға болады екен. Осы орайда жерлесіміз, белгілі журналист Құрманбек Әлімжанның «Қаламым – алтын қазығым» кітабын Елбасына арнап өз қолымен жазған тілек-лебізімен қоса осындағы кітап сөресінен көргенімді айта кетейін. Бұл кітаптың «Елбасымен етене жұртта» деп аталатын алғашқы бөлімі тұтастай Елбасына арналған. Ондағы әлем таныған Нұрсұлтан Назарбаевтай дара тұлғаның анасын өмірге әкелген қасиетті топырақ қордайлықтарды Елбасымен туыстық, достық сезіммен өзара байланыстырып тұрғаны туралы сыр шертетін автордың әр жылдары республикалық, облыстық басылымдарда жарияланған мақалалары Қордай елінің ыстық сәлемін жеткізіп тұрғандай қуаныш сезімге бөлендім.
Ел ордасы Нұр-Сұлтан қаласынан осындай үлкен әсермен оралдым. Құрметті жерлестер, Нұр-Сұлтанға жолдарыңыз түссе, ондағы «Назарбаев орталығы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасы музейін» тамашалауды ұмытпаңыздар!

Дүкенбай Сегізбаев,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support